Елордада вандализммен күрес қалай жүруде?

Елордада вандализммен күрес қалай жүруде?

Астанада өзгенің мүлкін бүлдіру жағдайларын анықтау және оның алдын алу жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және тұрғындардың қала инфрақұрылымына ұқыпты қарау мәдениетін орнықтыруға баса мән беріп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Елордада қоғамдық орындарды бақылайтын бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Қала аумағына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Аялдама павильондарындағы камералардың басым бөлігі Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл вандализм әрекеттерін дер кезінде анықтап, оған қатысы бар адамдарды табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар полиция тұрғындарға түсіндіру жүргізуде. Бұл үшін дауыс зорайтқыштар мен дрондар қолданылады. Азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтап, ортақ мүлікке жанашырлықпен қарау қажеттігі ескертіледі.

Жыл басынан бері елордада мүлікті бүлдірудің 80-ге жуық дерегі тіркелген. Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарнама құрылымдары, тұрғын үйлердегі бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтары зардап шегеді.

Мәселен, биыл вандалдар бірнеше рет аялдама павильондарын бүлдірген. Кейбір азаматтар есіктерді сындырған, павильон ішіндегі розеткалар мен орындықтарды бүлдірген, шыныларын шағып кеткен. Олардың барлығы жауапқа тартылып, кейбіріне әкімшілік қамау жазасы қолданылған.

Кәмелетке толмағандар арасында да мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Балалардың тентектігі немесе абайсыз әрекеті салдарынан қоршаулар, ойын алаңдарының жабдықтары және басқа да инфрақұрылым нысандары бүлінеді. Осындай оқиғалардың бірінде тоғыз жасар бала шлагбаумға секіріп, оны сындырып кеткен. Кейін полиция оның ата-анасын анықтап, келтірілген шығынды өтеуді міндеттеген.

Барлық жағдайда кінәлілер келтірілген залалды өтеп, заң аясында жауап береді. Егер құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған бала жасаса, оның әрекеті үшін заңды өкілдері жауапты болады.

Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Мұндай жағдайда келтірілген шығын өтеліп, айыппұл салынуы немесе әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін.

Полиция департаменті тұрғындарды мұндай жағдайларға немқұрайлы қарамауға шақырады. Вандализм фактілері байқалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарлау қажет. Сонымен қатар балаларға қоғамдық мүлікке құрметпен қарауды үйретіп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Қаладағы тәртіп пен тазалықты сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті.