Елдегі туризм неге қымбат?

Елдегі туризм неге қымбат?

Жаз тез өтіп барады. Десек те жылдың қай мезгілінде болсын демалыс тақырыбы күн тәртібінен түспейді. Жыл сайын әңгіме өзегіне айналатыны – демалыстың арзан я болмаса қымбаттығы. Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, жұрт жапатармағай осы тақырыпты үздіксіз талқылап жатқанын көреміз. Өйткен себебі, елдегі туризм қызметі қымбаттап барады.

Қымбат, тағы да қымбаттайды...

Нақты дәлел келтірейік. Ұлттық статистика бюросы жариялаған ресми мәлімет бойынша, биыл маусым айында «Демалыс және мәдениет» санатындағы бағалар 17,3 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш жылдық жиынтықта еліміздегі жалпы инфляциядан 7 пайыздық тармаққа жоғары. energyprom.kz мониторинг агенттігің мамандары осы көрсеткішті үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырып, қымбатшылық деңгейін анықтаған. Мәселен, 2023 жылдан бері демалыс пен саяхат саласындағы бағалардың өсуі жоғары болып отыр: бұл көрсеткіш жылына 13,8 пайыздан 19 пайызға дейін ұлғайған. Ал 2017-2022 жылдары бұл көрсеткіш 3,8 пайыздан 8,3 пайыз деңгейінде болған.

Әлбетте, жыл сайынғы қымбатшылық демалушыларға әсер ететіні сөзсіз. Азық-түлік тауарлары мен қызмет түрлерінің бағасы өскен сайын, қонақ үйлердің, туристік сапарлардың (ішкі және сыртқы), жолға қажетті заттардың, демалыстың барлық түрлерінің де бағасы өзгереді. Демек туристік сапарға жұмсалатын қаражаттың көлемі осы саладағы жалпы тенденцияны көрсетеді. Бір ғана нәрсе анық: жыл сайын қазақстандықтардың демалысқа жұмсайтын шығыны өсіп, инфляцияны «шаң қаптырған». Сөзімізге дәлел келтірейік. Еліміздегі ең арзан деп саналатын демалыс аймағының бірі – Балқаш көлі. Көлдің жағасындағы шағын кенттерде жазғы үйшікті 5500-6000 теңгеге жалға алуға болады. Үш жыл бұрын оның бағасы 2500-3000 теңге болған. Ал ішінде ауа баптағыш, душ, дәретханасы бар жайлы нөмірді 15000-18000 теңгеге аласың. Бұл төлемге тамақтану кірмейді. Балқаштағы үш күндік демалыстың құны 1 адамға 50000-60000 теңгеге түседі. 2023 жылы осындай шығындарға 25000-30000 теңге төлейтін едік. Енді мынадай салыстырмалы бағаға назар аударайық. Мысалы, Алакөлдегі үш күндік демалыс 1 адамға 160 000-200 000 теңгеге түседі. Бурабайдағы демалысқа үш күнге 150000-220000 теңге жұмсалады. Ақтаудағы демалысқа да шамамен 150 000-230 000 теңге кетеді. Ал Алматыдағы таудағы демалысқа бір адам үш күнде 250000-260000 теңге шығындайды. Шетелдермен салыстырсақ, бір отбасы 7 күнге Гүржістанға 850 000 теңгеге, Мысырға – 920 000 т., Вьетнамға – 1 млн., Тайланд – 1,150 млн., Мальдивке – 2 млн., Бали аралына – 2,35 мл. теңгеге демалып келеді.

Одан әрі energyprom.kz мамандарының талдауына келейік. Өңірлерге бөліп қарастырсақ, ахуал бірыңғай емес. Еліміздегі 20 өңірдің 7-еуінде туристік сектордағы бағалардың өсуі орташа республикалық деңгейден жоғары болып, 18,2-ден 23,6 пайызды құраған. Бұл топқа Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Абай, Жетісу облыстары және Астана, Алматы қалалары кірген. Тағы 16 өңірде қымбатшылық динамикасы орташа республикалық көрсеткіштен аз. Тек Қызыл­орда облысы мен Шымкент қаласында бағаның өсуі елдегі инфляцияның жалпы деңгейі­нен төмен болып шыққан. Басқа облыстарда демалыс пен оған қатысты қызмет түрлері азық-түлік тауарлары мен қызмет түрлеріне қарағанда тезірек қымбаттаған. «Кешенді демалысты ұйымдастыру» санатындағы бағалардың өсуі де көзге бадырайып көрініп тұр: осы сегменттегі бағалар бір жылда 27,8 пайызға, ал кейбір жекелеген өңірлерде 30 пайыз­ға дейін қымбаттаған. Демалыстың бұл түріне топ болып экскурсияға шығу, демалыс үйлерін жалға алу, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерге сапарға шығу жатады.

Жоғарыдағы ресми статис­тика көрсеткендей, қазақ­стандықтар үшін елдегі туризм де, шетелдік туризм де айтарлықтай қымбаттап кеткен. Бұл жерде бір анық нәрсе бар, қазір ішкі туризм шетелдік туризмге балама ретінде арзан демалыстың түрі болып саналмайды. Себебі, көптеген отбасылар үшін еліміздің аумағында саяхаттаудың құны мынадай тұтас шығындардан құралады: қонақ үйде тұру, тамақ ішу, көлік шығыны, ойын-­сауық және өзге де қосымша қызмет түрлері. Әсіресе, жаз мезгілінде ел аумағындағы демалыс орындары мен туристік инфрақұрылымдарға баруға сұраныс артқан кезде бағалар да бірден көтеріледі. Оны ешкім реттей алмайды.

Ішкі туризм: не өзгерді?

Демалыстың құны өскеніне қарамастан, ішкі туризмге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ұлттық статистика бюросынан алынған дерекке сүйенсек, өткен жылы қонақ үйлер мен демалыс орындары 10,2 млн. адамды қабылдаған. Бұл көрсеткішті 2024 жылмен салыстырсақ, 1 млн-нан астам адамға көп. Сондай-ақ, ішкі туризм қызметтерін тұтынған демалушылардың шығыны 659, 2 млрд. теңгені құраған. Бұл жерде шығындардың ең көп бөлігі қонақ үйде тұруға ғана жұмсалмағаны анық. Өткен жылы ішкі туризм қызметін тұтынғандардың қаражатының 25,5 пайызы көлік қызметіне, 20,8 пайызы – тамақтануға, 12,2 пайызы – демалыс орындарына жұмсалған. Ресми мәлімет бойынша, туристердің жиынтық (отандық және шетелдік турис­терді қоса алғанда) шығындары 1,13 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіштің көлік, қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету салалары үшін маңыз­ды мультипликативтік әсері болғаны сөзсіз.

Сайып келгенде, түсініксіз ахуал қалыптасып отыр. Бір жағынан алғанда, елдегі ішкі туризм қарқынды дамып, барынша сұраныс артуда. Екінші жағынан толық демалыстың құны халықтың бір бөлігі үшін елде саяхаттау мен шетелде демалуды таңдаған кездегі күрделі фактордың бір болып қалуда. Өйткені, ішкі туризмнің өзі елде демалғысы келетін кез-келген адамға қолжетімді емес. Шындығына келсек, қазір қонақ үйдегі бөлменің жалақысы да, ұшақ пен пойыздың билеті да «күйіп тұр». Мысалы, ұшаққа билеп сатып алатын отбасыларды қолдайтын жалғыз ғана тетік бар. Ол – Kids Go Free деп аталады. Отандық тур­оператордан турпакетті сатып алған жағдайда 2-ден 17 жасқа дейінгі баласы бар туристердің билетінің бағасының бір бөлігі қайтарылады. Осымен тәмам. Өзге тетіктер әлі басымдық ретінде қалып отыр.

Мәселені шешудің жолы бар ма?

Ішкі туризмді қолжетімді, арзан әрі танымал етудің әлемде тамаша тәжірибелері бар. Мысалы, Жапониядағы әйгілі Химэдзи сарайының тәжірибесін алайық. Әйгілі демекші, бұл сарайды көруге жыл сайын дүние жүзінің түкпір-түкпірінен 2-3 млн. турист барады. 2026 жылдың 1 наурызынан бастап сарайға кіретін билет құны өзгерді. Химэдзи қаласының тұрғындары – 1 000 йена төлесе, қалған туристер 2500 йена төлейді. Балаларға және 18 жасқа дейінгі жастарға кіру тегін. Қала билігі сарайды жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына кететін шығынды көтерілген билеттер есебінен жинайды.

Биыл Франция елдегі ірі мәдени нысандарға баратын туристерге жаңа баға белгіледі. Луврдағы билеттің құны Еуропа экономикалық аймағының (ЕЭА) резиденті болып саналмайтын адамдарға 32 еуроға дейін қымбаттады, ал ЕЭА-да тұратындарға баға арзан. Осындай өзгерістер Версаль сарайына, басқа да танымал нысандарға қатысты жүзеге асырылды. Қосымша табыс мәдени мұраны сақтауға және жөндеуге жұмсалады. АҚШ-та да тура осындай өзгерістер орын алды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұлттық парктерге баратын елдің резиденті болып саналмайтын туристерге жылдық абонемент құны 250 АҚШ долларына дейін қымбаттады, ал резидент болып табылатын жергілікті тұрғындар бар-жоғы 80 АҚШ долларын төлейді. Тіпті жылдық абонементті дер кезінде сатып алмаған шетелдік туристер Гранд-Каньон, Роки Маунтин, Йеллоустон, Йосемити сияқты танымал 11 паркке кірерде әр адам басына қосымша 100 АҚШ долларын төлейді. Осындай үздік, тиімді тәсілдерді бізге де енгізуге болады.

Мәселен, биыл «Oi-Qaraqai» тау шипажайы Қазақстан азаматтарына арналған «Отан» атты тарифті іске қосты. Осы демалыс аймағына барып, шипажайдың қызметін пайдаланатын әрбір қазақстандыққа базалық тарифтің 20 пайызы көлемінде жеңілдік беріледі. Қонақ үйге орналасу, маусымдық және жылдық қызмет түрлері, биіктегі арқанмен серуендеу сияқты қызметтерге жеңілдік иелену үшін жеке басыңның куәлігін көрсетесің, я болмаса шипажайдың сайтында орын броньдайсың. Ең бастысы, бұл бір реттік акция емес. Керісінше, демалыс орны басшылығының отандық туристер үшін туристік инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етудің нақты қадамы. Яғни, «өзіміздікінен арзан» деп шетелдерге демалуға барып жатқан қазақстандықтар үшін мұндай жағымды жаңалық назардан тыс қалмайтыны анық.

Артықшылық пен кемшілік

Қазір бізде ішкі туризмнің даму динамикасы өте жоғары. 2026 жылдың бірінші тоқсанында еліміздің аумағында туристік нысандардың қызметін тұтынған қазақстандықтардың саны 3,6 пайызға өсіпті. Бұл Қазақстандағы саяхатқа деген демалушылардың қызығушылығы жоғары екенін дәлелдейтін көрсеткіш. Ішкі туризмнің көп артықшылығы бар, соның бірі виза алудың әлегі жоқ, ұшаққа билет сатып аламын деп қиналмайды, бірнеше күнге сапарға шығып әуреленбейді. Жақын жердегі ұлттық парк­терге жекеменшік көлігімен, я болмаса электрлі пойызбен жолға шығып, Шымбұлақта немесе Бурабайда отбасымен қалағанынша демалып, лезде үйіне оралады. Алайда, осы жерде демалыс аймақтарындағы бағаның өте үлкен рөл ойнайтыны рас. Егер Бурабайдағы ағаштан соғылған үйде демалуға отбасыңмен 5 күнге барып, 300-500 мың теңгеңді желге шашқандай жұмсасаң, одан гөрі шетелге барып 8-10 күнге асықпай демалу арзанға түсетін жағдайда, әркімнің де тиімді жолды таңдары анық. Мұндай жағдайда екі есе ұтыламыз: біріншіден, туризмнен нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер жұмыссыз қалады, екіншіден, экономикалық айналымдағы қаражат шетелге кетеді.

Туризм – орнықты дамудың маңызды факторы десек, ішкі туризмнің түйткілді мәселелерін рет-ретімен шешетін кез келді. Мәселен, туризм бізде тек демалыс саласы емес, өңірлер экономикасына, инвестиция­лық белсенділікке, жаңа жұмыс орындарнын ашуға ықпал ететін сала. Ендеше, туристер санының артуын тоқтатпаймыз, осы саладан түсетін кірісті молайтамыз десек, демалыс құнын қымбаттатпай, отандық демалушыларды қызықтырудың, қолдаудың нақты тетіктерін іске қосайық. Жоғарыдағы «Отан» арнайы тарифін жай ғана жеңілдік деп емес, ішкі туризмді дамытудың тиімді құралы ретінде қарастырайық.