Бердібектің бейнесі

Бердібектің бейнесі

(Жазушының жұмбақ кейпі)

Бала күнімізде біз үшін одан танымал жазушы жоқ еді. Әйгілі «Менің атым – Қожаның» авторы секілді бүкілхалықтық деңгейде даңққа бөленген қаламгер некен-саяқ. Себебі, әр ауылда, әр мектепте, әр үйде бір-бір Қожа бар еді. Бердібектің Мәскеуді шулатқан тентек Қожасы қазақ жұртының мүйіс-мүйісінде тіршілік кешіп жатқан бүкіл Қожаның болмыс-бітімін, тек-тұрпатын тап басты. Содан соң Қожаберген Қадыров жалпыхалықтық кейіпкерге айналып жүре берді. Біздің Қара Көженің қасында «Том Сойердің басынан кешкендері» жіп есе алмай қалды. Қазақ даласында Қожа көп болғанымен, оны ешкім Бердібек Соқпақбаев секілді иін қандырып илей алған жоқ қой...

Бердібек аға Қожадан да басқа ғажап кейіпкерлерді қатарға қосты. Бірінен-бірі өтеді. Бас қаһармандарды былай қойғанда, ара-тұра төбе көрсетіп қалатын жол-жөнекей кейіпкерлерінің өзі естен тандырады. Сүйкей салған әр сөзі сары алтындай саулап түседі. Қаламының ұшы тиген жерге құдірет дариды. Бердібек көкем жанына желік біткен баланы жазушы болуға да, болмауға да үйретті. Анадай алапат қабілетті көрген адам таланттар жүзген теңізге халтураның қалт-құлт еткен қайығымен ескек салуға тәуекел ете қоймас.

Төртінші класта оқып жүргенімізде ғой деймін, Бердібек аға Аралға келген бір сапарында біздің Қаратереңге соқты. Ауылдың парторгы Орынбасар Әйпешовтің үйінде жатты. Сол үйдегі кластасымыз Қайрошты іздеп барған болып, есіктің саңылауынан қарап, әйгілі жазушының әр қимылын бақыладық та тұрдық. Қалың шаш. Жылы жүз. Жұмбақ жымиыс. Риясыз күлкі... Үлкендер бізді үйге тастап, жазушымен клубта өтетін кездесуге өздері ғана кетті. Жалпы, дәл осыны қате жасады олар. Нағыз апаратын адамы біз едік. Бесіктен беліміз шықпай жатып, май шамның жарығымен Бердібектің бірқатар дүние­сін оқып тастағанымызды айта алмай, тұтығып әрі тұншығып отырдық. Ертесіне әкей кездесуде Бердібек аға Мұхтар деген ұлы туғанда шығарған өлеңін көпшілікке оқып бергенін айтты. Сөйтті де өзі сол өлеңді жатқа оқыды. Біз де құлаққа құйып алдық. «Текестің суы арық емес пе, Бердібек балық емес пе?!», – деп әрі қарай жедел жалғап, сайрай жөнелейік дедік де, қарсы алдымыздағы кісінің қас-қабағын көріп, жым болдық. Бәлкім, әдеп, бәлкім, әдет...

Кейін Алматыға келген соң Бердібек ағамен бір-екі рет жүздестік. Аз-кем тілдестік. Қолтаңбасын алдық. Қайнар Олжайдың тапсырмасымен ауқымды бағдарлама жасадық. Қаламгердің қызы Самалмен сұхбаттастық. Классикпен сағынышға айналған аяулы кезеңін бірге өткізген Бәшен апаммен сырласып, «Менің атым – Қожаның» әр әрпін қазақ руханиятына қашап таңбалаған жазу машинкасын қайта-қайта басып көрдік. Жазушы қайт­қан үйге арнайы барып, ауласында біраз жүрдік. Сол үйдің маңайынан Бердібек ағаның рухын іздедік. Сен біздің балалық шағымызға өлмес ескерткіш орнаттың, өмірімізде көрмеген Нарынқолдың суы мен нуын, қазы мен қуын, шың-шыңырауы мен тау-тасын, жырасы мен жартасын шексіз сүюге үйреттің, көке! Сөйтіп, қазаққа еркелеген Қара Көженің ғана емес, бүкіл баланың кеңпейіл көкесіне айналдың! Сол үшін де сізді жақсы көрдік!

Бұл сурет Қарасаз жақта, Мұқағалидың алпыс жылдығы өтіп жатқан мезгілде түсірілген. Тау етегінде ойланып отырған тау тектес Бердібек көкемді Шүкір Шахай дәл осы қалпында танытыпты. 1991 жыл... ­Бекең өмірден озған 24 шілдеге небәрі 18-ақ күн қалған кез... Өмірге іңкәрлік. Табиғатқа тамсану. Ойлы отырыс. Жұмбақ кейіп... Бәлкім, бұл оның соңғы суреттерінің бірі болар...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ