Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің отырысында елордадағы кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметті дамыту, мәдениет және креативті индустрия саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жастарды спортқа тарту мәселелері қаралды.
Жиында Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы есеп берді.
Басқарма басшысының айтуынша, 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша елордаға тартылған инвестиция көлемі 1,9 триллион теңгеге жетіп, нақты өсім 5,2 пайызды құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 1,4 триллион теңгеге жеткен. Ал тікелей шетелдік инвестициялар 3,2 миллиард АҚШ долларын құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге артқан.

«Қазіргі уақытта елордада шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында 10,2 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Ал кәсіпкерлікті дамытуға келсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Астана қаласының жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 58,6 пайызды құрады», – деді Халел Әкімжанов.
Сонымен қатар басқарма басшысы елордада 248 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейтінін атап өтті. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша аталған салада 468 мың адам жұмыспен қамтылған.

Қоғамдық кеңес отырысында мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысына да назар аударылды. Атап айтқанда, мәдени бастамаларды қолдау, шығармашылық индустрияны дамыту және осы бағыттағы жобалардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, жастарды спортқа тарту, спорт секцияларының жұмысын жетілдіру және бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Отырыс барысында кеңес мүшелері аталған салалардағы жұмыстардың нәтижелерін саралап, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.