Аға жолы

Аға жолы

Ұлт тұлғасы Сауытбек

Абдрахманов туралы толғаныс

Біз адами лауазымдардың ең ардақтысы аға болу, ел ағасы болу дер едік. Аға «лауазымының» артықшылығы – сенің орныңа сырттай біреу қызықса да оны тартып алуға кез келгеннің ­әддісі мен әл-дәрмені жетпейді, әлімжеттік жасап орынтағыңнан түсіріп те тастай алмайды. Ағаның отырған орны мық шегедей – нық! Өйткені бұл мәртебелі орын үшін атпал азамат бүкіл жас­тығының жалынын, зейінінің арынын, әл-дәрменінің әлеуетін арнайды. Қала берді, бұл «лауазым» – қаймана жұрт таласа алмайтын қасықтап жиған абыройдың, шелектеп төккен тердің, енапат еңбектің, зая кетпеген ғазиз ғұмырдың мәуесі. Осы өлшеммен алғанда, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті публицист, дарынды ғалым – Сауытбек Абдрахмановтың бүгінде ағалықтың асқар биігінде тұрғаны талассыз.

Соқталы тұлғаның тұла бойынан елдік мүдде жолында еңсе бүкпеген қаламгерді де, қайраткерді де, ғалымды да, ұстазды да, сана көкжиегі кең көшелі ағаны да көретініміз сондықтан. Яғни Сауытбек ағаның салиқалы соқпағы – бір тұлғаның ғана өмірбаяны емес, еліміздің егемендік шежіресімен үндескен, қазақ журналистикасының тұтастай дәуірімен сабақтасқан тарихтың тағылымды жолы.

Сауытбек Абдрахманұлының еліміздің баспасөзіне, мемлекеттік қызметіне, мәдениетіне, әдебиетіне, ғылымына сіңірген ересен еңбегінің жілігін шағып, жігін жатқызып жазатын небір аузы дуалы ағаларымыз баршылық. Біз бұл мақаламызда қайраткердің ағалық қырына ғана тоқталғанды жөн санап отырмыз.

Екі мыңыншы жылдардың басында бір топ журналист ел газеті – «Егемен Қазақстанға» тілші болып жұмысқа келдік. Бәріміз қасиетті құтхананың табалдырығын жаңа аттап жатқан тұста Сауытбек аға баспасөздегі басшылықтан Ақпарат министрі болып жауапты мемлекеттік лауазымға жаңа кірісіп жатқан еді. Атағы алты қырдан асатын айтулы қайраткердің қол астында қызмет ете алмағанымызға қынжылсақ та, қасымыздағы дегдар тұлға Ержұман Смайылдың тәлімін алатынымызға шүкіршілік еттік. Сөйтіп газеттің қарбаласы мол қым-қуыт тынымсыз тірлігіне білек сыбанып кірісіп кеттік. Шама-шарқымызша күнделікті шұғыл хабарлар да­йындап, келе-келе қоғамда қордаланған шетін мәселелердің шетін үгітіп, сараптамалық мақалалар жазуға машықтана бастадық. Осы тұста әр дүйсенбі сайын редакцияда өтетін газетті апталық жоспарлау жиналыстарында Ержұман ағаның: «Сәукең жұма күнгі нөмірдің жақсы шыққанын айтты, пәленшенің руханият туралы мақаласының әлі де ширатар тұстары бар екенін жеткізді, түгеншенің банк туралы сараптамасына байыпты бағасын берді» деген тұшымды пікірлерін айта бастады. Осыдан кейін біз әр лездеме сайын төрімізде білдей министрдің өзі отырып, жазған дүниемізді оқып, баға беріп жатқандай сезінетін болдық. Сөйтсек, ­Сауытбек аға қай қыз­метте отырмаса да әрбір арайлы таңын «Егемен Қазақстанды» парақтаудан бастайтынын ­кейіннен естіп-білдік.

Бәзбіреулер үшін Сауытбек аға сырттай қарағанда сұсты, маңғаз, жанына жан баласын жуықтата қоймайтын ­кірпияз кісі көрінеді. Біз де басында осыдан қаймығып, жанына аса жақындай қоймағанбыз. Тек өзіне ғана тән С.Абдрахманов атты журналистік шеберлік мектебінің сыртқы бөлімінің студенті тәрізді ол кісінің тереңінен қопара жазатын жауһар дүниелерін тамсана оқып, жазу шеберлігін үйренуге барынша тырысып бақтық. Көрнекті қаламгердің әр жылдары жазған қоғамның тамыр соғысын тап басқан іргелі публицистикалық талдаулары мен мазмұнды сұхбаттары, әдеби-танымдық зерттеулері, аудармалары мен сын еңбектері біз үшін үлкен журналистік тәжірибе сыныбына айналды. Соңыра аңғарғанымыз­дай, ағамыз мүлде жабық адам емес екен. Оны артынша бас басылымның редакциясында сол кісінің қол астында қызмет еткен уақытта анық ұғындық.

Ел басшылығы араға жыл салып Сауытбек Абдрахманұлына өзі түлеп ұшқан ел газетінің тізгінін кезекті рет ұсынды. Аға басылымның елдік мұраттарды толғайтын қоғамдық ойдың ірі мінберіне айналып, өзінің салмағы мен салиқалылығын одан әрі арттырып, жаңа заман талаптарына бейімделіп, басылымның таралымы 212 мың данадан асқан асқақты шағы осы тұс болатын. Сол жылдары газетте жұмыс істейтін қанша әріптесіміз үйлі-күйлі болды, елордада «Егемен Қазақстанның» еңселі ғимараты бой көтерді, көп пәтерлі екі тұрғын үй, редакция жанынан жаңа келген қызметкерлердің пәтер алғанға дейін тұруына жағдай туғызған екі жатақхана үйі салынды. ­Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол – Сауытбек аға 2016 жылы депутат болып сайланып, Парламентке кеткен кезде редакцияда баспанасыз бірде-бір қызметкер қалмаған еді!

Талапшыл басшымыз бізді жаратып жүрген аттай жан-жаққа іссапарға жіберіп, салмақты дүниелер жазуымызға да кең мүмкіндік туғызды. Мысалы, сол жылдары мен Еуропа, Азия, Америка құрлықтарының ең іргелі деген оншақты елдерінде журналистік сапарда болыппын. Өзім қатарлы әріптес­терімнің де біразы табан суытпай талай елді аралады. Соның арқасында ел көрдік, жер көрдік, есейдік, естияр дүниелер жазуға дағдыландық.

Біраз жылдан кейін сол ма­қалалар топтамасын кітап етіп шығармақшы болғанымда, жинақтың алғы сөзін ағамыздың өзі жазды. «Егемен Қазақстанның» журналисі ретінде ол шетелдік сапарларының бәрінен олжалы оралып отырды. Журналистиканың дамуындағы әлемдік үрдістер дегенде алдымен айтатынымыз – ақпараттың жаһандануы, одан ке­йін ауызға алатынымыз – журналистика мен экономиканың қойындасып кеткендігі, бірігіп, кірігіп бара жатқандығы, содан соңғы сөз арқауы ететініміз – саралану мен мамандану десек, оның мақалаларынан осы сипаттардың бәрін көреміз» деп оң бағасын беруі мен үшін үлкен мәртебе еді.

Ең бір есте қалатын оқиға еліміздің жүрегі, тәуелсіз мемлекеттің тірегі – Ақорданың ашылу салтанатынан бас басылымға репортаж жазуым еді. Сауытбек аға менің саяси тақырыптарға қалам сілтеп жүретінімді ескеріп, ең әуелі салтанатты рәсімнің алдында сол кездегі Президент Кеңсесінің бастығы, ірі мемлекет қайраткері Махмуд Қасымбековпен осы тақырыпта сұхбат жасауға жіберіп, артынша айтулы оқиғаның ерекше маңызын халыққа жеткізуіме жағдай туғызды. Сол жылдары газеттің бірінші бетіне «Арқадағы Ақорда – Алашымның айбыны» деген мақаламның жарық көргенін әлі күнге дейін ерекше мақтан тұтамын. Тақырыпты осылай етіп өзі қойып беру арқылы Президент Әкімшілігі ғимаратының Ақ үй, Елисей сарайы, Кремль сияқты үлгімен Ақорда деген айшықты атпен аталуына тап Сауытбек Абдрахманов қозғау салғанын ана жылы баспасөз бетінде ­Жанболат аға арнайы жазды.

Сауытбек аға кадр даярлау ісіне аса жауапкершілікпен қарады. Әлі есімде, мені Президенттің Баспасөз қызметіне жұмысқа шақырғанда қаламы қалыптасып қалған журналисін әуелі жібергісі келмей, кейіннен «егемендіктердің» өсе бергені дұрыс деген тұжырымға тоқтап, батасын берген болатын. Сол жауапты орында бір жылдай қыз­мет атқарып, сүйікті газетіме қайта оралғанымда ­Сауытбек аға «Негізі мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, қабырғаңды қатайта бергенің дұрыс еді» деген ақылын айтты. Сонымен сөз біткен. Арада сегіз ай өткенде мені Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөліміне қызметке қайта ша­қырды. Сөйтсем ол жерге мені сыртымнан ұсынған Сауытбек ағаның өзі екен. Оны кейінірек белгілі жазушы, қаламгердің досы Әлібек Асқаров ағамыз тарқатып айтып берген еді. Осы жерде менің кәсіби тағдырыма тікелей қатысты тағы бір тағылымды сәт ойға оралып отыр. Әнебір жылдары мені Ақордаға сыртымнан жа­уапты саяси қызметке ұсынғанын естідім. Көп кешікпей сол қызметке орналасып, нәтижесінде еліміздегі танымал әрі салиқалы саяси қайраткердің қасында қызмет ету бақыты бұ­йырды. Сол кісі кейінірек «Мен сені қызметке қабылдар алдында сыртыңнан көп зерттедім. Бірақ соңыра Сәукең берген мінездемеден кейін бірден шешім қабылдадым» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Бір қызығы, басқа адам болса баяғыда-ақ өзінің осындай қамқорлық жасағанын қадап айтып, ұдайы еске салып жүретін еді. Мұндай елеулі істердің бірде-бірін Сауытбек аға маған ашық айтпаған екен. Дегдарлықтың, тектіліктің, ағалық асқақтықтың биік өлшемі осы болар деп түйдім.

Сөз басында Сауытбек ағаның сегіз қырлы, бір сырлы бі­регей бекзат тұлға екенін атап өттік. Шын мәнінде, ағамыз – ­ғибратты ғұмырында мемлекет қайраткері ретінде халыққа қалай қызмет етуді, баспасөздегі байыпты сүрлеуі арқылы сөздің қадірін қалай қастерлеу­ді, ғылыми еңбектері арқылы ой мен сананың салмағын қалай арттыруды жұртшылыққа үлгі еткен қарымды қайраткер. Абзал ағаның бізге берген өнегесі әдебиет пен журналистиканың дәстүрін мемлекеттік қызмет тәжірибесімен ұштастырып, мемлекеттік қызметті қоғамдық оймен өзара үйлестіріп, ғылымды сөз өнерінен алшақтатпай, журналистиканың нақты тәжірибесімен сабақтастыра білуінде дер едік.

Ал осы үш таған, түптеп келгенде, елге адал қызмет ету деген қастерлі ұғыммен бір арнада тоғысып тұрғаны айдан анық.

Ғылымды сөз өнерінен алшақтатпай демекші, талантты ғалымның зерттеулері әдетте қасаң теорияларға құрылмай, қатардағы оқырманның өзі зейінмен оқып, зердесіне тоқитындай көркем стильде, жатық жазылады. Сонымен бірге төл әдебиеттің бұрын-соңды басқалар байқай қоймаған тың алқаптарын игеруімен де бұл еңбектер аса құнды. Мәселен, Пушкинді зерттеу арқылы Абайдың аудармашылық дарынына тереңірек бойласа, «Біздің Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Алып Абай» еңбектерінде тәржіманы көркемдік, ұлттық дүниетаным және рухани үндес­тік тұрғысынан қарастырады. «Құран және Пушкин» зерт­теуінде ол орыстың ұлы ақынының «Пайғамбар» өлеңіндегі бейнелер мен Құран және исламдық дәстүрлер арасындағы сабақтастықты саралайды. Осы ретте суреткерді бағалау ғана емес, ұлттық ойлау жүйе­сін тануға бағытталған Әбіш Кекіл­баевтың шығармашылық әлеміне арналған «Абыз Әбіш» еңбегі үшін Сауытбек Абдрахман­ұлы 2020 жылы Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болғанын атап өтуіміз керек.

Тарихта әр буынның өз дәуірінің алға қойған талаптарының биігінде орындауға тиіс мінберлі міндеттері бар. Өткен жылдар шежіресін парақтап көрсек, Сауытбек Абдрахман­ұлының буынына Қазақстан тәуелсіздігінің іргесін бекітуге қызмет ету ырысы бұйырыпты. Бұл жас мемлекет үшін тоғыз тарау күрделі жолы мен қырық қатпар қиындығы бар аса жа­уапты кезең болғаны тарихтан мәлім. Осы тұста аға жолының азаматтық болмысы барынша айқындала түседі. Қарап отырсақ, азаттықтың арғы-бергі кезеңінде әңгіме кейіпкері өмір жолындағы ең жауапты кезеңдерді бастан өткеріпті. Өмірбаянына үңілсек, 1987 жылдан бастап қайраткер мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі жа­уапты қызметтер атқарып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, кейін Президент және Министрлер Кабинеті ­аппараттарында ішкі саясат, мәдениет және ұлтаралық қатынастар бағыттарында қажыр­лы еңбек еткен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мәде­ниет министрінің бірінші орынбасары, республикалық телерадио корпорациясының бірінші вице-президенті, кейін Ақпарат министрі болды. Ұзақ жылдар «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті лауазымын атқарды. Парламент Мәжілісінің екі шақырылымының депутаты ретінде ел өміріне қажетті қаншама заңдардың қабылдануына ұйытқылық етті.

Түптеп келгенде, қазіргідей цифрлық дәуірде ақпараттың қанша жыл сақталатынын адамзат әлі де тап басып айта алмайды. Ал келешек ұрпақтың танымына жол ашатын кітаптың ғұмыры қашанда ұзақ. Уақыт өтеді, заман өзгереді, технологиялар жаңарады. Бірақ ақылдан туған асыл ойдың құны ешқашан арзандамайды, жоқ болып жойылып кетпейді. Осы ретте Сауытбек ағаның қойны-қонышына әдебиет, мәдениет, кино мен театр, елдік сана мен мемлекеттік саясат, тәуелсіздіктің қастерлі шежірелері енген он томдығы тұтас дәуірдің үні ғана емес, ұлттың ойлау мәдениетінің, халқымыз­дың жадының мызғымас рухани айнасына айналатынына бек сенімдіміз.

Түйіндер болсақ, тереңдігімен һәм тектілігімен осылайша өнегеге айналған Сауытбек ағамызды кейде кейінгі буынға жол көрсету үшін әркез айналасына шуағын шашып жүретін жарық сәулеге теңегіміз келеді. Әлбетте, сол жарықтың ұзақ жылдар бойы жарқырай беруіне шын тілекшіміз.

Қуат БОРАШ,

жазушы