«Менталды денсаулық – өмір сапасының маңызды бөлігі»

«Менталды денсаулық – өмір сапасының маңызды бөлігі»
фото: Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Адамның денсаулығы тек тән саулығымен өлшенбейді. Көңіл күйдің тұрақтылығы, жан тыныштығы мен эмоционалдық тепе-теңдік те өмір сапасын айқындайтын маңызды факторлар. Осы орайда Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Менталды денсаулық – өмір сапасының маңызды бөлігі» тақырыбында танымдық дәріс ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне психологиялық саулықтың маңыздылығын түсіндіру, күйзелісті еңсеру жолдарымен таныстыру және эмоционалдық тепе-теңдікті сақтауға бағыт-бағдар беру. Дәріс барысында №2 қалалық емхананың дәрігер-геронтологы Светлана Сағындықова, салауатты өмір салты жөніндегі дәрігер Тлеухор Ақанова және психолог Назгүл Малибекова өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар жас ұлғайған сайын психикалық денсаулыққа ерекше көңіл бөлудің қажеттігін атап өтіп, күнделікті өмірде кездесетін күйзеліс пен мазасыздықты жеңудің тиімді тәсілдері туралы әңгімеледі.

Танымдық кездесудің мазмұны теориялық ақпаратпен ғана шектелген жоқ. Шара аясында психолог Назгүл Малибекова қатысушыларға арналған тақырыптық ойындар мен тренингтер өткізіп, түрлі практикалық жаттығулар ұйымдастырды. Зейнеткерлер белсенділік танытып, өзара пікір алмасып, психологиялық сергіту әдістерін іс жүзінде орындап көрді.

Мұндай жаттығулар адамның ішкі күйін түсінуге, жағымды эмоцияларды қалыптастыруға және күнделікті өмірдегі қиындықтарға байыппен қарауға көмектеседі. Шын мәнінде, белсенді ұзақ өмір сүру тек дене қозғалысы мен дұрыс тамақтануға ғана емес, жан дүниесінің жайлылығы мен көңіл күйдің тұрақтылығына да байланысты. Сондықтан аға буын өкілдерінің психологиялық саулығын қолдау, пайдалы ақпаратпен бөлісу және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі.