Ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
фото: polisia.kz

Астана қаласының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі істер органдары ардагерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Бұл күні ұзақ жылдар бойы қоғамдық тәртіпті күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі істер органдарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге шынайы алғыс пен құрмет көрсетілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарған, талай күрделі қызметтік кезеңді бастан өткерген, көптеген қылмыстың бетін ашып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға үлес қосқан ардагерлер болды.

Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев ардагерлерді мерекемен арнайы құттықтап, кәсібіне деген адалдығы, сабырлылығы және қызметтік борышына деген беріктігі үшін алғыс білдірді.

«Бүгін біз өмірін Заң мен тәртіпке, Отанға адал қызмет етуге арнаған ардагерлеріміздің мерекесін атап өтудеміз. Сіздердің өмірлік жолдарыңызда – көп жылғы адал еңбек, мамандыққа деген шынайылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы қызмет тұр. Бүгін біз қызметтік борышқа деген адалдықтарыңыз және таңдаған істеріңізге деген беріктіктеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіру мақсатында жиналып отырмыз. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық және бақ-береке тілеймін», – деп атап өтті Марат Төлебаев.

Салтанатты рәсім аясында ардагерлерге ұзақ жылдық адал еңбегінің құрметіне «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық медальдары, бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар табысталды.
Іс-шараның сәнін мерекелік концерттік бағдарлама аша түсті. Ардагерлер үшін арнайы шақырылған өнерпаздар ән мен әуеннен шашу шашып, өткен күндерді еске алып, әріптестермен жарқын жүздесуге ерекше мүмкіндік сыйлады.

Бұл күн тек құттықтаулармен шектелмей, полиция қызметіндегі ардагерлер қауымдастығының айрықша рөлін тағы бір мәрте айқындады. Өйткені бүгінгі әрбір жетістіктің артында аға буынның мол тәжірибесі, білімі мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қызметтік дәстүрлері жатыр.