Әзіл арқылы табиғатты қорғауға шақырды

Әзіл арқылы табиғатты қорғауға шақырды

Елордадағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия­да «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ­мектеп оқушылары арасында «Эко-Әзіл Fest-2026» көңілді тапқырлар фестивалі өтті.

Басты мақсат – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ынталандыру және табиғатты қорғау мәселелерін әзіл, тапқырлық пен сахналық шығармашылық арқылы кеңінен насихаттау. Жалпы «Эко-Әзіл Fest-2026» – табиғатты қорғау идеясын шығармашылықпен насихаттауға бағытталған алаң.

Іс-шараның ашылуында ұйымдас­тырушы тараптан сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қайроллаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл фестиваль «Адал азамат» бағдарламасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ұйым­дастырылғанын ерекше атап өтті.

– Табиғатты қорғау тек үлкен бас­тамалардан емес, әр адамның күн­делікті әрекетінен басталады. Ал әзіл – маңызды мәселені көпшілікке әсерлі жеткізудің тиімді құралдарының бірі, – деді Нұрсұлтан Қайроллаев.

Биылғы фестивальге елорданың 20 білім беру ұйымынан құралған командалар қатысуға өтінім берді. «Жайдарман» форматында ұйымдастырылған фестивальдің ерекшелігі – экологиялық мәселелер жасөспірімдерге жақын әзіл арқылы және шығармашылық ойлау тұрғысынан жеткізілді. Қатысушылар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, күнделікті экологиялық әдеттер мен әр адамның табиғат алдындағы жауапкершілігі туралы ой салды.

Командалардың өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы алты өлшем бойынша бағалады. Атап айтқанда, экологиялық тақырыптың ашылуы, әзілдің сапасы мен тапқырлығы, актерлік шеберлік, шығармашылық жаңашылдық, экологиялық сауаттылық және командалық үйлесім ескерілді.

Фестиваль қорытындысында бас жүлдені №97 мектеп-гимназия жеңіп алды. Бірінші орын дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына берілді. Екі екінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы Binom school мектеп-­лицейі мен Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназия иеленді. Үш үшінші орын иегерлері – Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицей, №15 мектеп-лицей және №6 гимназия. Басқа да командалар 13 арнайы аталым бойынша марапатталды.