«Жастар» театры «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясындағы «Мәдениеттің мәйегі – кітап» атты мәдени-ағартушылық байқаудың бірінші кезеңіне Шыңғыс Айтматов шығармашылығын арқау етіп, өнер ошағы репертуарындағы «Жан пида» спектаклін ұсынды.
Соған орай рухани кеш ұйымдастырылып, елорданың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қаламгердің бай мұрасын танытатын көрме ұсынды, әдебиет пен өмір арасындағы байланысты өзек еткен ойталқы өтті. Көрермен мен өнер иелері бас қосып, адамдық пен ардың, махаббат пен мейірімнің, тағдыр мен таңдау жауапкершілігінің салмағын саралады. Кештің қадірлі қонақтары қатарында Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының академигі, Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев, Қырғыз Республикасының халық жазушысы, драматург Қайрат Иманалиев бастаған қырғыз елінің зиялы қауым өкілдері болды. Рухани басқосуға Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттары, белгілі ғалымдар, қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлері, «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы байқаудың қазылар алқасы қатысты.

Әдебиет пен өнерге, қазақ-қырғыз арасындағы рухани байланыстың нығаюына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа кеш барысында Шыңғыс Айтматов атындағы медаль тапсырылды. Академик Абдылдажан Акматалиев мәртебелі марапатты филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Бейбіт Мамыраевқа, Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайға, көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайға, Құрылтай депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанға, «Жан пида» спектаклінде Бұғы ана бейнесін сомдаған актриса Айнұр Рахиповаға, Мәңгүрт рөлін ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазинге табыстады.