Руханият көпірі – әдебиет пен мәдениет

Руханият көпірі – әдебиет пен мәдениет

Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы елорда филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында Қытай еліндегі көрнекті қандас қаламгеріміз Әкбар Мәжит «Әдебиет пен мәдениет – рухани қарым-қатынас­тың көпірі» тақырыбында дәріс оқыды.

Жазушы «Ұлттар әдебиеті», «Қытай жазушылары» журналдарында редактор, Қытай Жазушылар одағында аз ұлттар әдебиеті басқармасында басқарма бас­тығының орынбасары, басқарма бастығы қызметтерін атқарды. Оның қаламынан «Ақсақ құлан», «Көгалда», «Нұрман қарт және оның тазысы», «Қайран он бестегі Халида-ай», «Көк көгершін», т. б. шығармалары туды.

Дәріс барысында қаламгер шығармашылығы, әдебиет пен аударма саласындағы еңбегі, қазақ руханиятын қытай оқырмандарына таныту жолындағы қызметі туралы әңгіме өрбітті. Әсіресе, Абай мұрасын қытай тіліне аударып, екі халықтың рухани байланысын нығайтуға айрықша тоқталды.

Әдебиет пен мәдениеттің халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтудағы орны, көркем аударманың ұлттық әдебиеттерді жақындастырудағы маңызы туралы ой бөлісті. Әдебиет белгілі бір халықтың дүниетанымын, тарихи жадын, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын танытатын маңызды құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір халықтың әдебиетін екінші тілге аудару арқылы оқырман өзге елдің мәде­ниетімен, өмір салтымен және ойлау жүйесімен жақынырақ танысады. Қаламгер өзінің шығармашылық және аудармашылық тәжірибесінен мысалдар келтіріп, сапалы аударма жасау үшін тілді білумен қатар, халықтың тарихын, мәдениетін және ұлттық болмысын терең түсіну қажет екенін айтты. Дәріске қатысқандар қаламгерге көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.