500 ағаш – 500 бірегей тарих

500 ағаш – 500 бірегей тарих
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада елорданы көгалдандыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы өтті. Назарбаев университетінің аумағында ұйымдастырылған іс-шараға студенттер, еріктілер, экобелсенділер, жастар ұйымдарының  өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Акция аясында қатысушылар университеттің бас ғимаратынан Пирамидаға апаратын жол бойына ағаш отырғызды. Іс-шараның басты ерекшелігінің бірі – атаулы ағаштарды отырғызу болды. Осылайша, олардың әрқайсысы белгілі бір оқиғаға, жағдайға немесе жақын адамға арналып, таңдалған жерге шырша егілді. Экологиялық бастамаға осы күні некеге тұрған жас отбасылар да қосылды.

Әлиевтер отбасы бір-бірімен бала кезінен таныс. Жас жұбайлар күнделікті өмірде қоқысты сыртта қалдырмау, қоршаған ортаны ластамау және қалдықтарды бөлек жинау үшін көзделген контейнерлерді пайдалану сынды әдеттерді ұстануға тырысатынын атап өтті. Осылайша, олар қаланы көгалдандыруға үлес қосып қана қоймай, жаңа бастамаларға жол ашып, болашақ ұрпаққа қамқорлық жасаудың қаншалықты игілікті іс екенін сезінді.

5000 ағаш отырғызу бастамасы аясында іс-шараға қатысушылар қосымша 500 атаулы көшет отырғызды. «500 ағаш – 500 бірегей тарих» бастамасы жасыл желектердің орналасқан жері және учаскелері туралы мәліметтері бар цифрлық паспорттарын жасауды көздейді. Арнайы платформа ағаштардың тарихымен және олардың жай-күйі мен күтімі туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев атап өткендей, іс-шараға жастардың белсенді қатысуы «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруда маңызды рөл атқарады.

– Бүгін акцияға елорданың жетекші жоғары оқу орындарының экобелсенділері, еріктілері мен студенттері қосылды. Қаладағы колледждер мен университеттерде 120 мыңға жуық студент оқиды және осы жастар түрлі экологиялық іс-шараларға қатыса отырып, «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдайды. Бұл тек ағаш отырғызу және аумақты жинау ғана емес, сонымен қатар экологиялық тәрбие, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру екенін түсіну маңызды, – деді ол.

Спикердің айтуынша, әрбір отырғызылған ағашқа көшеттерді одан әрі күту жауапкершілігін өз мойнына алатын жастар бекітіледі. Сонымен қатар, елорданың жасыл желектерін бейінді қалалық қызметтер бақылайды.

Осындай экологиялық іс-шаралар Астананың түрлі алаңдарында өткізіледі. Атап айтқанда, қыркүйек айында Мемлекет басшысы мен еріктілердің қатысуымен Президенттік саябаққа ағаштар отырғызылды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың басты міндеті жасыл желектердің санын көбейту ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының қоршаған ортаға жанашырлығын арттыру екенін атап өтті. Өйткені, елорданың экологиялық әл-ауқатын сақтау әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігінен басталады.

 Алина ИМАМБАЕВА