К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде осы оқу орнының профессоры, белгілі қылқалам шебері, мүсінші, елордадағы «Қазақ елі» монументі авторларының бірі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сембіғали Смағұловтың «Ақсақ құлан» – Жошы хан» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.
Графика, кескіндеме және мүсін өнері арқылы тарихи тақырыпта көркем образ жасаудың кәсіби қағидаларына арналған авторлық шеберлік сабағына бейнелеу өнері бойынша білім алып жатқан студенттер, оқытушылар, жас суретшілер, көркемөнер колледждерінің шәкірттері және шығармашылық қауымдастық өкілдері қатысты. Шеберлік сабағына Жошы хан бейнесі мен «Ақсақ құлан» аңызы басты тақырып ретінде бекерден-бекер таңдалмады. Жошы хан бейнесі қазақ тарихының арғы бастауларына жетелеп, баршаға белгілі «Ақсақ құлан» аңызы арқылы тарқатылады. Мүсіншінің айтуынша, бұл өнер тілі арқылы драматургияны, ішкі ширығуды, қозғалысты, сұлба мен ырғақты ашуға мүмкіндік береді.
– Суретшінің міндеті – аңызды сөзбе-сөз бейнелеумен шектелмей, оның пластикалық және образдық мазмұнын табу. Алтын Орда дәуірі мен төл тарихи мұраға ден қою – рухани және эстетикалық жетілу мен ұлттық бояуы қалың әрі қазақи тамыры терең ұрпақ қалыптастырудың даңғыл жолы, – дейді Сембіғали Смағұлов.
Іс-шарада суретшінің тарихи тақырыпты қалай пайымдап, тарихи материалды дербес көркем туындыға қалай айналдыра алатыны туралы айтылды. «Ақсақ құлан» – Жошы хан» тақырыбындағы монументтің нобайлары, әртүрлі графика жұмыстары мен композиция шешімдерінің нұсқалары таныстырылды. Практикалық бөлім арнайы сурет салу тәсілін және композицияға қатысты авторлық ұстанымды көрсетуге арналды. Дәріс кезінде көркем білім беру мен әр жас суретшінің өзінің жеке дара қабілеті мен икемін дамыту жолдары туралы айтылды. Профессордың пікірінше, оқытушының міндеті кәсіби дағдыларды үйретумен ғана шектелмей, ол дербес ойлауға, шығармашылық ізденіске және әркімнің өз көркем тілін қалыптастыруға жағдай жасауы тиіс.