«Азаматтық қатысу және заңдылық»: құқықтар мен нақты өмірлік жағдайлар талқыланды

«Азаматтық қатысу және заңдылық»: құқықтар мен нақты өмірлік жағдайлар талқыланды
фото: видеоскрин

Елордада Zoom платформасында «Азаматтық қатысу және заңдылық» тақырыбында ақпараттық кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесуге елорданың белсенді тұрғындары мен бастамашыл топтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыруға және азаматтық құқықтарын қорғауға қатысты маңызды ақпарат алды.

Жиын барысында "Азаматтық қатысу дегеніміз не және белсенді азамат болу не үшін маңызды", "Мемлекеттік органдармен қалай бірлесе жұмыс істеуге болады?", "Өз құқығы мен мүддесін қорғаудың қандай заңды жолдары бар?", "Даулы жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керек?", "Жанжалды бейбіт жолмен реттеу және екі тарапқа да тиімді шешім табу мүмкіндіктері" тақырыптарында мәселелер көтерілді.

Кездесудің практикалық бөлімі ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар өздерінің жеке өмірлік жағдайлары мен құқықтық мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Спикер әр сұраққа жан-жақты жауап беріп, түсініктеме жасап, қолданыстағы заңнама аясында әрі қарай әрекет ету жолдарын түсіндірді.

Осындай кездесулердің маңызы зор. Себебі қатысушылар тек теориялық ақпарат алып қана қоймай, нақты мәселелерін талқылап, өз құқығын қалай қорғауға болатынын және қандай жағдайда қайда жүгіну керектігін біле алады.

 Іс-шара «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында өткізілді.