«Астана» футзал клубы банкроттық рәсімін бастады

«Астана» футзал клубы банкроттық рәсімін бастады
https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2026/09/1790169580641753468_image.jpeg

«Астана» футзал клубы банкроттық рәсімінің басталғанын ресми түрде мәлімдеді. Клуб басшылығы бұған тұрақты мемлекеттік қаржыландырудың болмауы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Клубтың мәліметінше, команда соңғы маусымды мемлекеттік қаржыландырусыз өткізіп, негізінен жеке қаражат есебінен жұмыс істеген. Маусым бойы ойындарды, сырт алаңдағы кездесулерді ұйымдастыруға, сондай-ақ ойыншылар, жаттықтырушылар мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге қажетті қаражат жеке көздерден ізделген.

«Мемлекеттік тұрақты қаржыландырудың болмауына қарамастан, клуб өз қызметін тоқтатпай, Астана қаласының намысын Қазақстан чемпионаттарында қорғауды жалғастырды», – делінген клубтың хабарламасында.

Алайда команданы ұзақ уақыт жеке қаражат есебінен ұстау қаржылық қиындықтарға әкелген. Жиналған міндеттемелер мен тұрақты қаржы көзінің болмауы клубтың жұмысын бұрынғы форматта жалғастыруына мүмкіндік бермеген.

Клуб соңғы екі маусымда команданы сақтап қалу үшін барлық мүмкін шараны қабылдағанын атап өтті. Осы кезеңде «Астана» Қазақстан чемпионаттарына қатысып, спорттық міндеттерін орындаған және балалар-жасөспірімдер бағытын дамытқан.

Клуб академиясында жүздеген бала жаттығып, Қазақстан чемпионаттарына қатысқан. Академия командалары плей-офф кезеңдеріне дейін жетіп, тәрбиеленушілердің бірқатары Қазақстан құрамаларына шақырылған. Соның ішінде U-17 командасы ел чемпионы атанған.

Сонымен бірге, клубтың қаржылық жүктемесі жыл сайын арта түскен. Команданың күнделікті қызметін қамтамасыз ету, ойындарды өткізу және қызметкерлердің еңбекақысын төлеу үшін қосымша қаржы көздерін іздеуге тура келген.

Нәтижесінде «Астана» футзал клубы банкроттық рәсімін бастау туралы шешім қабылдады.