Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 27-29 қарашада таеквондо мен пара таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалдары өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстанда алғаш рет өтетін G-10 санатындағы бұл додаға Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары қатысады. Олар медальдармен қатар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуде маңызды рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.
Биыл Гран-при кезеңдері Римде, Муджуда және Парижде өтті. Астанадағы финалға 128 таеквондошы қатыспақ. Спортшылар сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Турнирдің жеңімпазына 100, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерлерге 36 ұпайдан беріледі.
Астанада Париж Олимпиадасының чемпиондары Пак Те Джун мен Ким Ю Джин (Оңтүстік Корея), Ариан Салими (Иран) және Токио Олимпиадасының чемпионы Вито Делль’Акуила (Италия) бақ сынайды.

Сонымен қатар финалға Бразилияның әлем чемпионы Мария Клара Пачеко да қатысады. Ол биыл Рим, Муджу және Париждегі Гран-при кезеңдерінің үшеуінде де жеңіске жеткен.
Қазақстан сапынан Батырхан Төлеуғали (-80 кг), Темірлан Тілеулес (-58 кг), Мария Севостьянова (-57 кг) және Рита Бакишева (-49 кг) сынға түседі. Севостьянова осы маусымда Париждегі кезеңде қола жүлде жеңіп алды. Муджуда өткен кезеңде Айдана Құмартаева да қола медаль иеленді.
Жарыс бағдарламасы 27 қарашада пара таеквондодан басталады. Оған 70-ке жуық спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Олар K44 спорт класында он салмақ дәрежесі бойынша медальдар мен Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу үшін маңызды рейтингтік ұпайларға таласады.
Пара таеквондодан Қазақстан атынан ерлер арасында Нышанбек Ақтілеуов (-58 кг), Айбек Жұманғали (-63 кг), Дінмұхаммед Асқар (-70 кг) және Нұрлан Домбаев (-80 кг) қатысады. Әйелдер арасында Милана Красавцева (-52 кг), Камиля Досмалова (-57 кг) және Марьям Салимгереева (-65 кг) өнер көрсетеді.
Жарыс кестесі төмендегідей:
27 қараша. Пара таеквондодан Гран-при финалы
• 09:00 – жекпе-жектердің басталуы.
• Ашылу салтанаты осы күнге жоспарланған.
28 қараша. Таеквондодан Гран-при финалының бірінші күні
Ерлер: -68 кг, -80 кг.
Әйелдер: -49 кг, -57 кг, +67 кг.
• 09:00-13:00 – алғашқы айналымдар мен ширек финал;
• 15:00-16:00 – жартылай финал;
• 16:00-19:00 – финал.
29 қараша. Таеквондодан Гран-при финалының екінші күні
Ерлер: -58 кг, +80 кг.
Әйелдер: -67 кг.
• 09:00-12:00 – алғашқы айналымдар мен ширек финал;
• 13:00-14:00 – жартылай финал;
• 14:00-16:00 – финал.