«Ақ батпырауық» құпиясы

«Ақ батпырауық» құпиясы

Ақын Маралтай Райымбекұлының «Ақ батпырауық» атты жыр кітабын оқуды бас­тамас бұрын, «Алғысөзіне» мұқият назар аудардық. Авторы – қазақтың мықты философ-ақыны Ерлан Жүніс. Өз туындысында ол аталмыш жыр жинағының рухани архитектоникалық тұтас маңызын экзистенциалистік көзқарас тұрғысынан тамаша талдап берген. Оны оқи қалған қайбір зерделі оқырманның аталмыш кітап идеясын демде ұғып алғандай бір разылық хәл кешеріне біз еш шүбәланбаймыз. Сондықтан ол «Алғысөзден» кейін «Ақ Батпырауық» кітабы туралы жаңаша пікір айтудың кім-кімге де оңай бола қоймасын және сезінеміз.

Қош, ақын «Ақ батпырау­ық» кітабын «Ақ батпырауық» атты өлеңмен бастаған. Суреткердің ол шешімге тоқталуында өзінше бір мән болмаққа керек. Алдымен батпырауық туралы бір сөз.

Әлемде батпырауық ұшырумен аты шыққан ежелгі елдер ішінде қытайлықтардан өзге де көптеген көне жұрт бар. Сондағы батпырауық жасап ұшырудың барлығының символизмдік мақсатты қиялнамасы – «әуеде қалықтап ұшу». Ал, қазақ батпырауығы – жербетіндік барша тіршілік иелерін өзінің жасампаз ақ Нұрымен жаралтушы-таралтушы, қайыра Өзіне оралтушы Жұмақ Күн-Құдайдың символдық бір белгісі. Демек, батпырауық жасаудағы инженериялық бағзы жаңалық – байырғы қазақ бабаларымызға тиесілі десек қателеспеспіз. Ал, Жаратушы Күн хақында әулие Шаһ-Керім қалдырған көркем формула: «Күн – Атам, анық, Жер – Анам».

Бізге сондағы маңыздысы – табиғатынан ақын ата-бабаларымыздың көркемфилософиялық мына конструкция­сы:

Күн – «батпырауық», Күн нұры – «батпырауық жібі».

Сөз мәнісін білетіндерге ол белгінің сакральды бағзы мағынасын бүлінгі «Батпырауық» (Бат+п+Ра+уық) сөзінің Бәт Ра (жайнаған Жұмақ Күн-Құдай) түпнұсқасының өзі де айқын айтып тұрады. «Бәтра-ау» (Бәтір-ау) сөзінің «Құдай-ау» дегенді білдірмегі де содан.

Қазақ дүниетанымында Күннің көне «Ра» [Үр (Жұмақ-Күн) атауының толықшалана метатезаланған үлгісі] атауы негізінде қалыптасқан гелиопарадизонимдер өте көп. Солардың бір парасы: Жарық-Ра. Шаш-Ра, Жам-Ра, Біт-Ра. Бақ-Ра, Ман-Ра, Қам-Ра, Қош Ра, Жай-Ра. Олардың ішіндегі ең әйгілісі – Жаратушы Ра. Бүлінгі бір үлгісі: «Заратуштра».

Кім біледі, бір заманда біздің арғы ата-бабаларымыз бала кездерінде сол «Жаратушы Ра» атты Күн-Құдайдың құрметіне де арнайы батпырауық ұшырған болар-ау!..

Жә, «Ақ батпырауық» өлеңінің түйінін түсінуге тырысайық:

... Түсімде ұштым көп, өзімді босаттым,

Түсіне елітіп гүл-кемпірқосақтың.

Түсімде кездестім балауса

кезіммен.

Өңімде кездестім ертеңгі өзіммен!

Ұмсынған ғаріптей нұрына

жарықтың, соңынан жүгіріп

ақ батпырауықтың

 Әрине, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, көркем де көсем ойлау жағынан ақындар да әр алуан. Солардың ең мықтыларының өлеңдеріндегі әр жолдың өзі бір немесе бірнеше образбен құбыла құлпырып тұратын қасиетке ие. Кей ақындар ондай образдарды – ұйқасты қара сөз тәсілімен де беруге өте шебер. Маралтай ақынның жоғарғы өлең жолдарындағы соған ұқсас тәсілдерінің жасырын өнегесі тайға таңба басқандай санаға жарқын көрінеді.

Мәселен, бірінші жол: «Түсімде пенделік тірліктің құлдық тартылысынан құтылып, үнемі еркін парлаумен болдым!».

Екінші жолдағы «гүл-кемпірқосақ» – «Жұмақ-Күннің гүл аңқыған жасампаз нұрлары». Үшінші жолда гипоксияға еш қатыссыз сондай левитациялық көрініс – жербетіндік ешқандай заңдар мен заңдылықтарға бағынбайтын балалық құс-көңіл.

Төртінші жол – арқалы ақынның «Өлең» деп аталатын магиялық әлем ішінен болашақты танып-білу көріпкелдігі.

Бесінші мен алтыншы жолдар былай дейді:

 «Батпырауық»-Күннің информация­лық құпия желісіндегі бір тал нұрынан («батпырауық жібінен») ұстап алып, Түп Құдайдың құдыреттілігінің сырын білмекке дедектеп барам!..».

Ол «дедектеудің» мақсаты – пайғамбар Абайдың «Жүректің Көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» хикметі.

Қалай десек те, «Ақ батпырауық» өлеңінің сол алты жолынан-ақ «Ақ батпырауық» атты тұтас жыр кітабының мазмұндық коды пен автордың бақсылыққа ұқсас ақындық кредосы анық көрініс береді. Жыр кітабында аталмыш өлеңнің бірінші болып тұруы да сол себепті деген ойдамыз. Мысалы, ондағы «дедек» пен «гүл-кемпірқосақ» «Түнгі жолаушы» өлеңінде былайша құбыла тағы бір жарқ ете түседі:

... Бұрылып артқа қарадым,

Көңілді көктем босатты.

Қалдырып кетіп барамын

Гүл менен кемпірқосақты...

Немесе, «Әуре» өлеңінде тағдыр жазуы «... тағдырым мені кімге байлап еді, жетелеп бара жатыр қайда мені?!» деген өксік түрінде оқыс оқыла кетеді де, «Соңғы хабар» өлеңінде ақынның тумақ пен өлмек арасындағы зор сеніммен өткеруі тиіс бүкіл адал ғұмырының пешенелік жазуы бір-ақ шумақ аясында түйінделе қалады:

Тірілер түсінбеді айтқанымды,

Жалғанда жаным кешкен

жәйттарымды...

Көргенде танымай ма Тәңір өзі

Кім болып келгенім мен

қайтқанымды!

Маралтайдың «Мәңгі өмір» атты өлеңіндегі мына бір көркем тұжырымды да жоғарыда талданған «батпырауық жібі» түріндегі Күн нұрының періштелік кезекті нышаны» деуге болар: «Бұл өмірдің несі қызық, өлмесең!».

Қожанасырлық пайымға да, албас­тық (пайғамбарлық) аянға да ұқсас бір-ақ ауыз Сөз! Біреуге түсіндіріп айтпақ болсаң, мағыналық қасиетін қашырып аласың! Мысалы, «Қорқынышты уақыт» өлеңіндегі «Құдай да мендей ақын шығар...», «Триумф» өлеңіндегі «Өзімді өзім жеңдім – жеңілдім де», «Топырақ» өлеңіндегі «Жұмыртқадай шексіздікті шайқаған Арсыдағы үр тылсымды байқағам», «Үрнама» өлеңіндегі «Қалт тоқтадым... қапыда, Хақ нұрынан қымсынып!», «Ажал» деген өлеңіндегі «Мен ажалдың моласының басында өніп тұрам бір түп қара жусан боп», «Күбір» өлеңіндегі «Періштем күбірлейді ішімдегі, өңімді жорып беріп түсімдегі...» сынды сандаған эвтерпалық информациялардың қай-қайсысының да интерпретациялық көпқырлы көсем сырын танып-білу оқырман қауымға оңайға соқпасы белгілі. Алайда әулие Мәшһүр Жүсіп айтпақшы, «Сөз мәнісін білетұғындар айнала тұра қалып, онан бір мағына таратып алғанша шыдамай асығып, ынты-көңілі соны білмектің, оқымақтың соңында болады».

Шіркін-ай, өз Елін ақындардай алғау­сыз сүйетін қазақ көп болса етті! «Әр қазақ – менің жалғызым!» дейді егізқояншекелі Басына алтын дулыға іздеген ақын Сабыр Адай! Туған Елге деген махаббатты одан артық бейнелеп беру, әй, мүмкін емес-ау! Ал, Маралтай қазағына деген махаббатын бір-ақ шумаққа сыйғызған. Философиясы – мыңшумақтық:

Бір ел бар – қазақ деген,

сүйемін мен,

Ол отқа жақындаса, күйемін мен.

Ойласам сол халықтың

болашағын,

Сорғалап жас тамады иегімнен!..

Былай қарасаңыз, соның өзі халқын жақсы көретін қатардағы бір пенденің боркеміктік зары ғана секілді: «Сорғалап жас тамады иегімнен!...». Яғни, «көзден аққан сора иектен сорғалайды».

Ақынның Елін сүйгендегі Ой-сезімі шынында да соншалықты жайдақ па еді? Әрине олай емес. Себебі, өлеңде қазақ дүниетанымындағы қасиетті «Иек» ұғымы қолданылып тұр. Ол жай иек емес, халықтың болашағын ойлағанда егіле еңірейтін ерекше иек! Кеудеден соңғы дем шығарда «қағылар иек» қана солайша еңірейді! Мейлі ол иектің еңіреуі қуанышты жағдайға немесе қайғылы жағдайға байланысты болсын, бәрібір, Ақынның Еліне деген жанпидалық алапат сезімі ғана иекпен солайша сұрапыл сөйлейді!.. Ақынның ондай құпиялы өлеңдерінің мистикасын эрудиті ерекше оқырмандар бізден де артық түсінеді.

Әлбетте, газет редакциясының рұқсатына сай көлемде жазылған шағын мақаламызда біз ақын творчествосы жәйлі жарытып ештеңе айта алмайтынымызға өкінеміз.

Даусыз бір мәселе: Маралтай Райымбекұлы – өткен ғасырдың соңын ала, Қазақ Поэзиясына өзінше құбылыс болып келген дара талант иесі. Биыл Мемлекеттік сыйлық бәйгесіне түскен «Ақ батпырауық» жыр жинағы да – сол айырықша мәртебені растап, Өлең-шөп пен Өлең-Сөз аңқып жатқан айырықша туынды. «Екі Дүниені еркін кезіп кететін кентаврлық поэзия» да – осы Маралтай поэзиясы. «Оның «адамдығы» о Дүние құпиясына көз жүгіртсе, «жануарлығы» бұ Дүниенің құпиясына құлақ түреді» десек, ол марапат та Маралтай ақынның маңғаздығына жарасады.

Сөз соңында «Ақ батпырауық» авторының виртуоз домбырашылығын да, керім мүсіншілігін де, кәсіби суретшілігін де қоса атап айтсақ артық болмайды. Соған орай, ақынның «Палитра» атты өлеңін де қайыра оқып шығуды жөн көрдік. Ондағы музыкалық сиқыр­лы иірімдердің һәм алуан бояулар мен образдардың ортақ жұпар гармониясын сүйікті «Астана ақшамы» газетінің оқырмандары да патша-көңілмен бағалай жатар.

Бояу көшіп кете ме деп бояуға,

Тылсымға бойлаған.

Ақ кенепке ақ бояуды қоярда

Ұзағырақ ойланам.

Жасыл бояу жан рахаты емес пе,

Сары түстен жаралған.

Жасыл аспан, жаңа туған нәресте,

Раушан гүлден нәр алған.

Асыл-ғасыл, асыл-пасыл, асыл-ды

Теріс, оңға сызылған...

Қосып, қайта бөліп алам жасылды

Қара түс пен қызылдан.

Қара түсте тұңғиық бір мұрат бар,

Көңілменен көретін.

Қара түннен шауып шыққан

пырақтар

Қоңыр үнді беретін.

Қоңыр бояу, алқара көк кеңістік,

Рауандап тұрады.

Алтын алқап, шалқып

жатқан егістік,

Танауға дым ұрады.

Әрі-бері ағып жатқан сүрендер

нұрын алып көзімнің,

Астан-кестен араласқан реңдер

Тағдырымдай өзімнің.

Солай болған менің ішкі түр-өңім,

Құдай өзі берген де,

Мың бояудың, миллион

түсті реңнің

Құпиясы зердемде.

Айтып болмас дұғасындай дуаның,

Көтерілер ақ-сұр ән.

Қай бояудан қандай түстің туарын

Тәңір маған тапсырған.

Жас түлектей зау биікте шайқаған,

Шабытыммен асқақ ен.

Тәпсірлесем дүниені қайтадан,

Қара түстен бастар ем.

Қайда менің қаламым?!..

 

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты