Қазақ агроғылымының көшбасшысы

Қазақ агроғылымының көшбасшысы

Аграрлық ғылымның негізін қалаушы, ұлтымыздан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) академигі, оның Қазақ бөлімшесін ұйымдастырушы әрі тұңғыш төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, республика Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Кәрім Мыңбаевтың елі үшін сіңірген еңбегі ерен.

Туғанына 120 жыл толып отырған К.Мыңбаевтың осы саладағы ашқан ғылыми жаңалықтары, еңбеккорлық, ізденушілік ерекшеліктері ғылыми ортада жоғары бағаланады. Кәрімнің бұл жерде ғылыми жұмыстарын одан әрі қарай жалғастыруына Ұлы Отан соғысының басталуы бөгет жасайды. Ел басына түскен осынау ауыр шақтарда ол Ленинградты қорғаушы халық жасағы қатарында болады, әскерге алынады. Дегенмен, соғысқа қажетті резина пайдаланатын техникалық құралдардың көптеп шығарылуы, каучукке деген сұранысты еселей арттырады. Соған байланысты оның жасау тәсілдерін жақсы білетін (көксағызды зерттеген) Кәрім Мыңбаевты шұғыл түрде әскерден босатып, елге қайтарады. Кәрім Мыңбаевты Сталинның өзі Кремльге шақырып, әңгіме өткізген деген дерек бар.

Сол қабылдаудан соң 1942 жылы Қазақстанға оралған Кәрімді Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады.

Сол тұста еліміздің ауыл шаруашылығын ғылыми негізде қайта құру үшін бір ғылыми орталық құрып, әр сала бойынша ғылыми зерттеулер институттарын ашу қажеттілігі туындайды. Сондықтан, соғыстың қауырт кезеңіне, елдегі қиыншылық пен тапшылыққа қарамай, 1944 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруа­шылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ филиалы ашылып, оның президиумының тұнғыш төрағасы болып К.Мыңбаев тағайындалады. Жаңадан ұйымдастырылған филиалда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге білікті мамандар қажет болады. Кәрім ағамыз әуелгі кезекте келешегі бар А.Е.Елеманов, М.А.Ермеков, В.А.Бальмонт, Ю.Н.Барминцев сияқты ғалымдарды сырттан тартады.

Мыңбаевтың қажырлы еңбегі, іскерлігі, үлкен абыройының арқасында қазақстандық филиал қарамағында аз уақыттың ішінде 4 ғылыми-зерттеу институты, 8 тәжірибе станциясы, 13 тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, ғылыми тақырыптық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Кейіннен заман жақсара келе ауыл шаруашылығының әр салалары бойынша, әр түрлі табиғи-климаттық аймақтарда жаңадан институттар қатары өсіп, жемісті жұмыстар күні бүгінге дейін жалғасуда.

Сонда мынадай екі құжатқа тап болады. Оның біріншісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 22 тамыздағы №651қаулысының көшірмесі. Онда Бетпақдала, Сарыарқа өңірін шаруашылыққа пайдалану үшін, зерттеуді Орталық Үкімет арқылы ГУЛАГ-тың Қарлаг бөлімшесіне тапсыру жайлы өтініш жасалған. Әрине мұндай мәселені көтеріп, шешу жолдарын қарастыру ­К.Мыңбаевтың бастамасы екені сөзсіз. Бетпақдаланы зерттеуге Қарлагты тарту жөніндегі ұсыныстың түсу себебі, онда әртүрлі себептермен ауыл шаруашылығы саласының айтулы ғалымдары айдауда болған. Сонымен қоса, бұл жазалау орнының түрлі зерттеулер жүргізуге қажет жақсы жабдықталған зертханасы да бар еді.

Осы мәселе оң шешілген соң, Қарлагтың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Д.Смирнов бастаған экспедиция бұл аймақта екі жыл үзбей жұмыс жасаған. Олар өңірдің рельефін, топырағын, ашық су көздерін, көлемдерін, химиялық құрамын, мал азықтық шөптердің түрлерін, өсіп-өнуін зерттеген және мерзімдік ылғалдың түсу ұзақтығын, көлемін анықтаған.

Кәкең сол өңірдегі Шортанды астық шаруашылығы тәжірибе станциясының жұмыс бағытын, көлемін зерделеп, зерттеулерді қайта қарап, тиісінше түзетулер енгізіп, жаңа бағытар белгілеген екен. Оған осы саланың айтулы мамандарын тарту ісіне қатысқан. Егін шаруашылығының селекционер-ғалымдары «халық жаулары» Л.Зайцева мен В.Кузьминді жазасын аяқтатпай, Қарлагтан босаттырып, олар осы станцияда жаңа ғылыми жұмыстарын жалғастырған. Бұлар астық тұқымдарының жаңа мол өнімді сорттарын шығару және өнім алудың толық агротехникасын жасағаны үшін кейіннен Лениндік сыйлықтың лауреаттары атанғаны туралы ғалым Хайдар Арыстанбековтің естелігінде келтірілген.

Ерте уақыттарда Арқа жұрты малдарына қысқы мал азығын дайындай алмайтындықтан, Бетпақдала арқылы күздің жауын-шашыны кезінде Шу, Мойынқұм өңіріне айдап апарып, қыстатып, көктемдегі қар суымен жазғы жайлауға оралту ежелден қалыптасқан тіршілік дәстүрі болатын. Осы әрі-бері көшуде, кейде ауа райының бұзылуы салдарынан жолда мал көп шығынға ұшырайтын. Кәрім Мыңбаев туған елінің патриоты, шынайы ғалым ретінде халқын осы сан ғасырлық азаптан құтқару ісіне көп мән береді. Бұл жұмысты алғаш рет өзі бастап, әртүрлі мамандардан тұратын экспедиция ұйымдастырып, аймақтың өсімдіктер әлемін, ашық су көздерін, мерзімдік азықтық қорларын зерттеп, соңынан 1948 жылы «Бетпақдала шөлі» атты монографиясын жазады.

Академик Кәрім Мыңбаев бастаған алғашқы ауыл шаруа­шылығы академиясы 1944 жылы көшпелі мал шаруашылығы технологиясын (жайлау, қыстау) еңгізуді қолға алып, зерттеу жұмыстарына кірісіп те кеткен еді. Бірақ бұл ескіні көксеу, колхоз, совхоздарда малды, елді шоғырландыруға, бекітілген колхоз жерінен шықпауға қарсы әрекеттер деп түсіндіріліп, Мәскеуден бастап қарсы жұмыс­тар жүргізіле бастады.

Алайда К.Мыңбаев салып кеткен сара жол өз мақсатына жетті. Академик Кәрім Мыңбаевтың Бетпақдала, Мойынқұм, Сарыарқа, Шу, Сарысу арасын гүлдендіріп, төрт түлік малға толтырам деген асқақ арманы орындалып, қаншама совхоз, колхоздар, үлкен-кіші шаруа қожалықтары ашылып, жаңа мұғалжар жылқы тұқымы, сарыарқа зауыттың түрі, еділбай қойының қызылтау, сарыарқа түрлері мыңғырып көбейді. Қаншама асыл тұқымды айғырлар, қошқарлар Қазақстанның түкпір түкпіріне таралды. Сарыарқа айғырлары Мескер, Маупас, Мерген, Меймандар республикалық Алматыдағы, бүкілодақтық Мәскеудегі көрмелердің чемпиондары болды.

Көшпелі мал өсіру технологиясы өзінің пайдалы екенін 90 жылдарға дейін дәлелдеп келді. Жамбыл облысы (Мойынқұм) мен Қарағанды облысы (Бетпақдала, Сарыарқа) малшылары аралас-қоралас жайылымдарды бірге тиімді пайдаланып жүрді. Оған куә қаншама малшы Еңбек Ерлері шықты. Ал Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Еңбек Ері атанды.

Кәрім Мыңбаев туған елінің патриоты еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясы Қазақ филиалын басқарғанда жоғарғы лауазымдағы адамдардың 80% жергілікті ұлт өкілдерінен болды.

Мұхтар Әуезов кеңестік билік тарапынан шетқақпайлыққа түсіп, тағдыры қыл үстінде жүрген кезінде, осыған байланысты оның 50 жылдығы ел көлемінде еленбей қалғанда, партиялық биліктен ешбір сескенбестен 1947 жылы Қаскеленде өздеріне қарасты шаруашылықта ат шаптырып, шағын той жасап, Мұхаңның иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп құрмет көрсеткен де Кәрім Мыңбаев еді.

Кәрім Мыңбаев 1948 жылы 30 кыркүйекте Мәскеуге іссапармен бара жатқан жолда ұшақ апатынан кенеттен қайтыс болды. Онда ағамыздың үзеңгілес серіктері, сол кездегі ауыл шаруашылығы саласындағы білгір маман ғалымдар: Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев бірге көз жұмды. Осы ұшақ апаты жайында қауесет халық арасында кезінде кеңінен тараған. Бірқатар адамдар мұны орталықтың ырқына көп көне бермеген Кәрім Мыңбаев секілді қазақтың тұлғасына әдейілеп істелген қастандық деп есептейді. Атақты жазушымыз С. Мұқановтың естелігінде мынадай жолдар бар: «Бір күні маған Ғ.Мүсірепов телефон шалып, кешке қонаққа шақырды. Барсақ Кәрім отыр екен. Ол алдағы танда Мәскеуге Т.Д.Лысенконың 50 жылдық мерейтойына бір топ қазақ ғалымдарымен ұшпақшы екен. Көнілді кеш аяқталғанда, мен Кәрімнен Мәскеуде оқып жүрген екі ұлыма сәлем-сауқат ала кетуін өтіндім. Келістік. Аэропортқа таң атпай бардым... Кәрім балаларымен және мен жырағырақ жерде самолетке ұшатындармен бірге бардық. Самолетке мінгеннен кейін Кәрім тысқа шығып, Темірін тағы да құшақтап, көтеріп, құшырлана сүйді.

– Мұның не, соншама балажансып?! – дедім мен.

– Кім біледі, – деді Кәрім. – Соңғы сүюім болуы ғажап емес!

– Айтпа жаман сұмдықты! (С.Мұқанов. Толық шығармалар жинағы. 13- том).

Ертеңіне сол самолет Балқаштан шыға беріп 15 минуттан соң, апатқа ұшырады. Қазақ ауыл шаруашылығы Кәрім Мыңбаев бастаған төрт ірі ғалымынан айырылды. Мемлекеттік комиссия ұшақтың апатқа өздігінен ұшырамағандығын анықтады. Зиялы қауым мұны ғалымға жасаған тікелей қастандық екенін іштей білген, бірақ жұмған ауыздарын ашуға қорыққан. Содан былай ғалымдар оның еңбектері жайлы мандытып ештеңе жазбаған. Олардан қалған соңғы көз (бүгінде о дүниелік) замандасы, академик Хайдар Арыстанбеков ел тәуелсіздігін алған соң, қартайған шағында ұшақ апатының мән-жайын былай деп еске алады: «Жарылыс сонша күшті болғандықтан ондағы опат болған адамдардың ешбірін тануға болмады. Кәрімді әйелі костюмінің бір жапырақ жыртындысынан және ондағы түймесінен таныған. Сондықтан, барлық мүрделерді біріктіріп, Алматыдағы Ташкент мазарына жерлеген».

Сөйтіп, халқымыздың аяулы азаматы, ұлтының жанашыры, желдің өтінде, суықтың бетінде тұрған қимасынан айырылған. Соңғы сапар, бақилыққа елімен бірге қазақ зиялылары, аза тұтып қайғырып, бірінен соң бірі зират басында егіле сөйлеп, шыгарып салады. Академик Қаныш Сәтбаев ағамыздың: «Кәрім, сен жас кетіп барасың. Сенің өлімің біз үшін де, ел үшін де ауыр қаза. Мезгілсіз кеттің-ау, Кәрім! Жолдастар, Кәрімдей адам өмірге жүз жылда бір-ақ келеді», – деп қамыға көзін сүртіп, мінберден сұры қашып түскені Гүлбаһрам Серікқызы Мыңбаеваның «Ағам есіме түссе кеудемді өксік қысады...» атты естелігінде жазылған.

Жұмбақ жағдайдағы ер қазасы еліне қатты батқандығын халық батыры Бауыржан Момышұлы қабір басында ашық айтқан.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесі, 1948 жылы 7 казанда марқұмдардың зиратына ескерткіш қойылсын деген қаулы алғанымен, бұл шешім 1956 жылға дейін орындалмапты. Ол тек кейінірек Хайдар Арыстанбеков­тің республика басшылығының алдына қойған талабы арқылы ғана жүзеге асады.

Кәрім Мыңбаев қысқа ғұмырында 200-ден аса ғылыми мақала мен екі кітап жазып қалдырған. Қазақ зиялылары өздерінің естеліктері арқылы Кәкеңнің сегіз қырлы, бір сыр­лы жан екенін бізге жеткізе білді. Ол ұлттық өнерді сүйген, қадірлеген және жүрген ортасында үнемі насихаттаған, ісімен көрсеткен адам болатын. Өзі де жақсы домбырашы, әнші, аңшы және қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін жетік білген жан еді. Осыншама қасиетті бойына сіңірген тұлғаның Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымына сіңірген еңбегін, біздің ойымыз­ша, мынадай бір ауыз тұжырыммен түйіндеп айтуға болады. Академик Қаныш Сәтбаев елімізге жер асты қазынасының алғашқы кілтін ұстатып кетсе, жер беті байлығын ғылыми негізде игерудің іргетасын Кәрім Мыңбаев қалады. Сондықтан, оны қазақ ауыл шаруашылығы ғылымының атасы деп атауға болады. Небәрі 20 жылдын ішінде (1928-1948 жж.) мектеп оқушысынан одақтық академикке айналуы, елімізде ауыл шаруашылығы ғылымының негізін қалаған айтулы ғалым деңгейіне дейін көтерілуі осының жарқын мысалы.

Сондықтан, ел алдында еңбегі зор біртуар тұлғаны есте қалдыру үшін оның жазған еңбектерін, істерін, ол туралы естеліктерді кітап етіп басып шығару қажет. Сонымен қоса, Астана, Қарағанды қалаларына және өзі көп шәкірт дайындаған Алматы аграрлық университеті алдына ескерткіш орнатып, үлкен көшелердің біріне атын беру орынды болар еді демекпіз.

Набидулла КИКЕБАЕВ,

ҚР Ұлтық аграрлық ғылымдар академиясының академигі,

ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы, Мұғалжар жылқы түқымының авторы