Астана аз уақыттың ішінде бұқараның мойнын бұрғызды. Астанаға келушілер сәт санап бой түзеген қалаға сүйіспеншілікпен қарайтын болды. Тамырына тереңдеп, Астанаға еңбек сіңірген тұлғасын танығысы келгендер қалалық архивке жүгінеді. Тарихына үңіледі. Осы орайда Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин мырзамен сұхбат құрып, архивтің тыныс-тіршілігін білген едік.
– Мемлекеттік архив – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір десек қателесе қоймаспыз. Бұл жер – құнды құжаттар қоймасы екені даусыз. Бүгінде Астана қаласының мемлекеттік архиві қандай бағыттар бойынша жұмыс істеп жатыр?
– Астана қаласының мемлекеттік архиві құжаттарды жинақтау, сақтау, есепке алу және пайдалану жұмыстарымен қатар, ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік, цифрландыру және ағартушылық бағыттарда жүйелі қызмет атқарып келеді. Биыл ғылыми-әдістемелік кеңестің алғашқы отырысы өткізіліп, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар архив құжаттары негізінде әзірленген ғылыми жинақтарға сараптама жүргізіліп, тиісті қорытындылар дайындалуда. Қоғамдық маңызы бар кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастыру арқылы архивтің ағартушылық қызметі де белсенді жүзеге асырылып келеді.
– Соңғы жылдары архив қорларын толықтыру мен сақтауда маңызды жетістіктер бар ма?
– Архив қорларын толықтыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Биыл архив қорына белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың жеке текті құжаттары қабылданды. Атап айтқанда, Елсияр Қанағатов пен Жамбыл Артықбаевтың жеке қорлары өңделіп, мемлекеттік сақтауға қабылданды. Сонымен қатар Н.Имамовтың 1073 фотоқұжатын архив қорына қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл материалдар елорданың қоғамдық-саяси және мәдени тарихын зерттеуде маңызды дереккөз болмақ.
– Қала тарихына қатысты бұрын көпшілікке белгісіз болып келген қандай құнды құжаттар мен деректер бар?
– Архив қорларында Астана өңірінің және бұрынғы Ақмола қаласының тарихына қатысты көптеген бірегей құжаттар сақталған. Соның ішінде 1928 жылы құрылған Ақмола округіне қатысты материалдар, тың игеру кезеңіндегі арнайы контингенттің өмірі жөніндегі құжаттар, ХХ ғасырдағы Атбасар қаласының тарихына қатысты деректер, сондай-ақ өлкедегі білім беру, денсаулық сақтау және мәдени даму тарихын қамтитын материалдар зерттеушілердің қызығушылығын тудыруда. Осындай құжаттардың бір бөлігі ғылыми зерттеулер мен көрмелер арқылы жұртшылыққа ұсынылып келеді.
– Қазіргі цифрландыру дәуірінде архив құжаттарын электронды форматқа көшіру жұмыстары қалай жүргізілуде? Бұл бағыттағы нәтижелер қандай?
– Цифрландыру архив жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Құжаттарды сақтаудың заманауи тәсілдерін енгізу және пайдаланушыларға қолжетімділікті арттыру мақсатында электрондық ақпараттық ресурстарды дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Цифрландыру – заманауи дамудың негізі» тақырыбында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, архив ісіндегі жаңа технологиялардың мүмкіндіктері талқыланды. Архивтің ақпараттық ресурстары сайт пен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде насихатталып келеді.
– Азаматтар архив қызметтерін алу кезінде көбіне қандай мәселелермен жүгінеді және олардың сұранысын жедел орындау үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Азаматтардың сұраныстары негізінен генеалогиялық және тақырыптық сипатта болады. Жылдың алғашқы үш айында архивке түрлі сипаттағы 74 сұраныс келіп түсті. Оның ішінде 29 генеалогиялық және 45 тақырыптық сұрау тіркелді. Азаматтардың өтініштерін жедел әрі сапалы орындау үшін құжаттарды іздестіру, сараптау және кеңес беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Оған қоса архив қызметтері бойынша түсіндіру және ақпараттық жұмыстар тұрақты ұйымдастырылады.
– Алдағы уақытқа қойған жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Алдағы кезеңде Астана қаласының мемлекеттік архиві архив қорларын толықтыру, құжаттарды цифрландыру, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу және архив қызметінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Құнды құжаттарды жинақтау мен сақтау ісімен қатар, оларды қоғам игілігіне тиімді пайдалану басты назарда болады.
Біз үшін биылғы маңызды шаралардың бірі – Астана күніне орай 2 шілде күні өткен «Архив – Астана жады» атты республикалық ғылыми конференция. Бұл конференция архив ісінің өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, елордамыздың қалыптасу және даму тарихын архив құжаттары негізінде зерделейтін маңызды ғылыми алаң болады.
Конференция аясында көптен күткен «Ақмоладан – Астанаға: тарихи таңдау» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – елорданың Ақмола кезеңінен бастап тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына айналу жолын архив құжаттары мен тарихи деректер негізінде баяндайтын бірегей басылым есебінде. Кітаптың мазмұны негізінен елорда тарихына қатысты архивтік деректер мен сирек кездесетін материалдар шындығына сүйенеді. Астананың өркендеу тарихы жүйелі сараланған, ғылыми дәйектер мен тарихи баяндамалар оқырманды терең ойға жетелейді, ел дамуының күрделі де жарқын жолына құрмет сезімін оятады.
Архив қорларын толықтыру бағытында да маңызды жұмыстар атқарылады. Қазақ әдебиеті мен руханиятының көрнекті өкілі, белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлының жеке қорын жаңа құжаттармен толықтыру жоспарланып отыр. Ақынның шығармашылық мұрасы, қолжазбалары, хаттары, фотосуреттері мен өмір жолына қатысты басқа да құнды материалдарды мемлекеттік сақтауға қабылдау – ұлттық рухани мұраны келер ұрпаққа жеткізудегі маңызды қадамдардың бірі. Мұндай құжаттар тек архив қорын байытып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа жеке текті қорларды қабылдау, тарихи құжаттар көрмелерін ұйымдастыру, жастарға арналған танымдық жобаларды іске асыру және ғылыми басылымдарды көбейту жоспарлануда. Біз архивті тек құжат сақтайтын орын емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын, қоғамның тарихи санасын қалыптастыратын маңызды рухани орталық ретінде дамытуға күш саламыз.
Өйткені архив – бұл өткеннің куәгері ғана емес, болашақ ұрпаққа аманат етілетін ұлттық жадымыздың алтын қоры.
Сұхбаттасқан
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ