Парасат биігі

Парасат биігі

Бақытты болу дегеніміз – рахат сезімде жүру. Ол төрт түлігім сай, дәулетім мансабым бар деп, тоқмейілсу емес. Өзі атқарған іс-қаракетінен, қоғамға қосқан үлесінен, адамдарға жасаған жақсылығынан ләзат алып, құрмет көрсе жан рахаты көңіл хошы сол болмақ. Сондай өзі де, бойы да сыйлы сөзі уәлі адал еңбек, адал табыс қағидасын берік ұстаған, бүкіл саналы ғұмырын еңбекке арнаған, бүгінгі күні 80 жас­тың сеңгіріне шыққан Амангелді Абдуахитұлы Ашировты бақытты жандар қатарына қосар едік.

Амангелді Абдуахитұлы 1946 жылы 19 тамыз­да Ақмолада дүниеге келген. Әкесі Абдуахит Мейір­манқұлұлы өз заманының озық ойлы, көзі ашық көкірегі ояу азаматы болған. Сол өңірдегі алғашқы шыққан мектеп директоры, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, ерте танылған. Отан соғысы, Фин соғысына қатысқан.

 «Қима» аудандық газетінің редакторы болып жүргенде әскерге қайта шақырылып сол уақыттың қажеттілігі мен сұранысы болар, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Жанбаев деген білікті басшы: бізге қазақ тілінде жазатын «маман керек» деп, алып қалған екен.

Анасы Ақыш Рысбайқызы отбасындағы 11 баланың тәлім-тәрбиесімен отағасының жауапты жұмысына жағдай жасап, үй тұрмысын дөңгелетіп отырған мейірбан жан болған. Ата-ананың мейірімі мен шапағаты бала Амангелдінің арман мақсатын ұштай түсті. Озат оқушы, үлгілі студент болды. Жасынан ойы сергек алғыр, математиканы жаңғақтай шағатын. Қоғамдық жұмыста белсенді. Өткізілетін барлық шаралардың басы-қасында ғана емес, ұйымдастырушысы, жетекшісі болды. Отан алдындағы азаматтық борышын да адал атқарып шыңдала түсті.

Еңбекке де ерте араласты. Целиноград педогогикалық институтын бітіріп келген жас маман физика-математикадан сабақ беріп, жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатты. Жаңашыл, түрлі методикамен сабақ беріп, жаңа леп әкелген мұғалімнің қарым-қабілетін байқаған ел ағалары оны комсомол жұмысына тартты.

Оны хатшы, онан соң «Жақсы» ауданының комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайлады. «Жас келсе-іске» дегендей, бойында жастық жалыны жалындап тұрған Амангелді жұмысты бірден игеріп әкетті. Жыл он екі айда бір бітпейтін ауылшаруашылығының жұмыстары, дала қостарындағы науқандық жұмыстар, мәдени-­үгіт бригадаларының насихат жұмыстарын ұйымдастыруда тыным көрмей комсомол жетекшісі болып жүрді.

Жастарды Отан сүйгіштік, патриотизм, іске адалдық, табандылыққа тәрбиелеуде Ашировтың қосқан үлесі зор болды. Ұйымдастырушылық, іскерлік, адамдарды соңынан ерте білетін, сөзі мен ісі бір жерден шығатын комсомол жетекшісінің болашағынан үміт күткен аудан басшылары партия, совет қызметіне шақырды. Оны жоғары партия мектебіне жіберді, үздік бітіріп келген соң, 1978 жылы «Баранкөл» кеңшары партия ұйымының хатшылығына тағайындалды.

Білімі мен тәжірибесі толысқан жігіт ағасы жасына жеткен Амангелді отызында орда бұзып, қырқында қамал алды.

1984 жылы «Жаңадала» аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болса, 1989 жылы сол ауданның атқару комитетінің хатшысысы болып, кейіннен мәслихаттың хатшысы болып сайланды.

Қандай жұмыс атқарса да, өз позициясын қорғай білетін, қызмет этикасын сақтай білетін, партия алға қойған міндеттер мен қаулы-қарарларына саяси тұрғыда сергек қарайтын принципшіл қызметкер болды.

 Әбекеңнің жақсылығын, қамқорлығын көргендер өте көп. Олардың жүрек жарды ыстық ықыласы әрине рахат сезімге бөлейді.

Еңбек пен қамту және әлеу­меттік қорғау саласы шуы да, дауы да таусылмайтын ең бір қиын сала десек, соған пара-пар ардагерлер кеңесінің жұмысы дер едік. Оның да көтерер жүгі, атқарар міндеттері баршылық.

Жасы келген зейнеткерлер, Отан соғысы ардагерлері, тың еңбеккерлері қорғаусыз қалмауы керек.

 Ақмола облысы Целиноград ауданы ардагерлер кеңесінің жұмысын басқарып, жолға қою міндеті Әбекеңе жүктелді. Онан соң Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, өзі қатарлас ардагерлердің тыныс-тіршілігін, өмір сүру деңгейін жақсартуға күш салды.

Айта кететін Әбекеңнің бір қыры, қаламы жүйрік. Газет бетінде жарық көрген мақалаларын оқысаңыз кәдімгі журналистердей көсіле жазады. Екі тілге бірдей жорға. Қалалық ардагерлер кеңесінің медиатобын құрып, оған басшылық жасап, жол салып бергеннің өзі өнеге болды.

Бұл күнде қаланың алты ауданында медиатоп құрылып, интернет желісімен арнайы сайт ашып, ардагерлер кеңесінің жұмыстарынан хабардар етіп отырады.

Барлық саналы ғұмырын елінің экономикасы мен әлеуметін арттыруға арнаған Амангелді Абдуахитұлы Ашировтың еңбегі лайықты бағаланды.

Целиноград ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы «Әлеуметтік саласы қызметінің үздігі», «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін», Конституцияға 10-жыл, Астана қаласына 10 жылдық медалдарының иегері. Ең бастысы 55 жылдық еңбек жолында өнеге мен үлгілі тәлім қалдырған құрметті ел ағасы, ардақты ақсақал ретінде адамдар жүрегінде қалу зор бақыт дер едік. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді. Бұл орайда Әужекең өзі тәлімгер санаған Омар Жақыпов, Хамит Нұрғалиев сынды ағаларына ризашылығын білдірді. Кеңес одағы кезінде «Социалистік Еңбек Ері» атанған айтулы тұлға, қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековпен 10 жыл бірге жұмыс істегенін мақтанышпен еске алады.

Әбекең жар таңдаудан жа­ңылыспаған азамат. Шынайы сезім, таза махаббатпен үйленген отбасы жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүріп келеді. Зайыбы Құралай Нұртазақызы ұлағатты ұстаз. Азаматтың ажарына қараған, ата-енеге жаққан, ағайынның қабағын баққан адал жар. Алтын айдарлы Арыстан мен Русландай ер-азамат тәрбиелеген аяулы ана. Немере-шөбере сүйген бақытты әже.

Ашировтар отбасының береке-бірлігі, қонақжайлығы, дос-жаранға деген дархан көңілі жайлы сыйлас досы болған Ақдариға ханым сүйсіне әңгімелейді. Әсіресе, жұбайы Серік тосыннан қайтыс болғанда барлық міндеттеріне бас болып, атқарғанын ұмытпақ емес.

Иә, жанымызда жүрген жақсы адамның жақсылығын айтып, мерейін өсіргенге не жетсін. 80- ге келседе сыр алдырмаған, аяғын шалдырмаған досқа да, дұшпанға да тік қарайтын жүзі жарқын ардақты Әужеке аман жүріңіз!

Сексенге сергек келдіңіз, енді жүзді көріңіз. Ғасырларды асып алшаң басыңыз!

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА,

қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының

мүшесі