Көпшілік театрда тоғысады

Көпшілік театрда тоғысады

Бүгінде Астананың театр өмірі қаланың мәдени әрі қоғамдық тыныс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Күн сайын театр қойылымдарын шамамен 3,4 мың адам тамашалайды. Бұл елордадағы мәдени шараларға келетін көрермендердің үштен біріне жуық. Оның артында жеті театр, ондаған қойылым және қоғамның құндылықтары мен маңызды мәселелерін қозғайтын үздіксіз шығармашылық жұмыс тұр.

Қазіргі таңда Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты жеті шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олар – Әзербайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Наз» би театры, Қуыршақ театры, «Жастар театры» және «Қанаттылар» инклюзивті театры.

2025 жылы елорданың мәдениет мекемелеріне 2,8 миллионнан астам адам барған. Орта есеппен күніне 10 мыңға жуық көрермен мәдени шараларға қатысқан.

Бұл жай ғана уақыт өткізудің бір түрі емес. Бұл – таңдау, жауапкершілік және адамдық құндылықтар секілді маңызды тақырыптарды қозғайтын өнерге деген тұрақты қызығушылықтың көрінісі.

Астанадағы заманауи театр әлеуметтік және моральдық мәселелер талқыланатын маңыз­ды мәдени алаңға айналып келеді.

Бұл ретте 2024 жылы құ­рыл­ған «Қанаттылар» инклюзивті театрына ерекше тоқталған жөн. Театр ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сахнада өнер көрсетуге ғана емес, кәсіби актер ретінде өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шығармашылық кеңістікке айналды.

Елорда театрлары түрлі байқаулар мен мәдени марапаттарда да жүлделі орындардан көрініп жүр.

«Гауһартас» спектаклі – Umai-2023 ұлттық сыйлығының жеңімпазы.

Ал «Танакөз» қойылымы Ticketon Awards нұсқасы бойынша жылдың үздік спектаклі атанды.

Осылайша Астана біртіндеп Қазақстандағы театр өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді.

Бүгінде театрлар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы идеологиялық күн тәртібіне де белсенді атсалысуда. Сахнада таңдау, жауапкершілік пен әрекеттің салдары секілді маңызды мәселелер көтерілетін «S.O.S», «Независимые», «Үнсіздік», «Соңғы аялдама» және басқа да қойылымдар көрермен назарына ұсынылып жатыр.

Ал Қуыршақ театры «Таза Қазақстан» ауқымды экология­лық бастамасы аясында балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс ойындар, қойылымдар және ашық аспан астындағы түрлі форматтар арқылы жүзеге асырылады.

Елорданың театрлары – жай ғана сахна емес. Бұл – қала тұрғындарының дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптас­тырып, мәдени өміріне өзіндік ырғақ беретін маңызды алаң.

Музыкалық жас көрермен театры жаңа маусымын ашып, қазір өнер ошағының сахнасында спектакльдер жүріп жатыр. Өзге театрлар маусымдарын алдағы айда ашады. Осы ретте «Жастар» театры ХХ мерейтойлық маусымға дайындықты бастады. Жуырда осы өнер ошағының негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай Қазақстанның халық әртісі атанды. Театр тарланының төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өтті. Ал кеше Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов режиссерге қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.

Бас қалада ел руханиятын, елорда мәдениетін, театр өнерін өрге бастайтын осындай тұлғалар бар. Табысты бола берсін!