Бақытты ғұмыр кілті

Бақытты ғұмыр кілті

Ақын Мұхтар Шаханов «Махаббат – қайсар заңғар шың, кез келген өрлей алмаған, он мыңнан, бәлкім екі адам үмітін зорға жалғаған» депті. Расында тағдырдың сындарлы кезеңдерінен өтіп, бір болып, бақытқа қол жеткізу оңай шаруа емес-ті. Десе де, өмірде өз жұбын тауып, өзара түсінісіп, бақытты ғұмыр кешу көп адамға бұйыра бермейтін бақ.

Елорда тұрғыны Әлібек Әбдірашитұлы мен Сара Ғабдулқызы бір шаңырақ астында 60 жыл бірге ғұмыр кешіп келеді. Олардан ұл мен қыз өрбіді. Бүгінде немерелерінің сүйікті атасы мен әжесіне айналды.

Сара әжей Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін үздік бітіріп, физика мен математика пәнінен 40 жыл ұстаздық етіпті. Ал Әлібек атай өндіріс­те нұсқаушы, аудандық деңгейде депутат, кәсіподақ, зауыт парторгы, еңбекпен қамту орталығында істеп, бірқатар қызметтер атқарыпты. Еңбек жолдарының барлық белесі Солтүстік Қазақстан өңірімен тікелей байланысты екен. Бүгінде құрметті еңбек демалысында, бала-шағаның жанында тату-тәтті, шаттықта ғұмыр сүріп жатқан жайы бар.

Қазіргі таңда 16 жылдан бері Астана қаласында тұрады екен. Әлібек ақсақал – қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Бұл құттықтау өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болсын, біздер сияқты бақтты өмір сүріп, қазіргі жастар отбасы құндылығының қадірін білсе деген ниетте.

– Әпкем мен Сара жұбайым Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қатар оқыды. Содан әпкем таныстырды. Бір-бірімізге көңіліміз жарасып, отау құрдық. Тұрмыстың қиыншылығы да, қызықты сәттері де болады. Біз дауыс көтеріп көрген емеспіз. Осыншама уақыт жанымда адал серігім болып, өмірдің барлық белестерінен қатар өткен жан-жарыма риясыз ризамын. Тағдыр маған осындай жарды бұйыртқаны үшін, одан инабатты ұрпақтар көргенімізге Жаратқанға шүкіршілік айтамын. Менің өмірлік серігім өте жақсы адам. Өзімді өмірде жар таңдаудан қателеспеген адаммын деп санаймын. Осындай бақытты әрі берекелі шаңырақ кейінгі жастарға үлгі-өнеге болса екен деп ойлаймын, – дейді ақсақал, еңбек адрагері Әлібек Әбдірашитұлы.

Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз «алған жарың жақсы болса, жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе!» – депті. Шынында да, бұл жалғанда теңін тауып, төрт құбыласы тең болып, дос-дұшпанның алдында марқайып, мерейің тасып жүрсе, ұрпағың өзіңе тірек болса, бұл дүниеде одан асқан бақыт болмас! Біздің кейіпкерлеріміз Әлібек атай мен Сара апай аталған ой-пайымдарды өмір жолында дәлелдеген тіршіліктен өзіндік орын алып, бақыт тапқан жұп дер едік.

Шаңырақ көтерген 60 жылдық мерей той құтты һәм қайырлы болсын деп тілек білдіреміз!