(Екі тарлан бөрі едім)
Ардақты ағалар. Айбарлы академиктер. Ғибратты ғалымдар. Дегдар депутаттар. Жүрістерін қарамайсыз ба?! Құдды бір Шалкиіз жыраудың би Темірге қайырылғанда «Алп, алп басқан, алп басқан, Арабы торым өзіңсің. Жазылы, алтын, қол кескен, Алдаспаным өзіңсің!», – деп төгіліп түскен сұрапыл жыры тура осы екеуінің дәл осы кейпіне арналған ба дерсің. Жастау күнімізде «Мен Жоғарғы Кеңестің Депутаты емеспін. Ауылыма барғанда, Қарсы алмайды мені ешкім», – деген өлең бар еді. Ал бұл кісілердің екеуі де халықтың қалаулы тұлғаларына айналды. Бүкіл жұрт оларды қайда барса да төбесіне көтерді.
Академик Сұлтан Сартаев егеменді еліміздің мемлекеттік негізін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Алғашқы заңдарымыздың кедергісіз қабылдауына тікелей атсалысты. Құқықтық базаның дұрыс қалануына бас-көз болды. Тәуелсіз елдің Ата заңын қабылдауға қатысты барлық шаруаның басы-қасында жүрді. Қазақ парламентаризмінің дамуы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Заңгер мамандарды даярлау ісінде де Сұлтан Сартаевтың айшықты қолтаңбасы қалды. Оның есімі ұлттану және құқықтану деген ұлағатты ұғымдардың баламасына айналды. Атақты академиктің басшылығымен Қазақстанның заң ғылымы жаңа белеске шықты. Сартаевтың әрбір шәкіртін бүгінгі қоғамның бір-бір тіреуіндей көреміз.
Әйгілі философ, академик Жабайхан Әбділдин бұрынғы одақтың іргесі сетіней бастағанда қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға төрағалық етті. Жазықсыз жазаланған аяулы арыстарымызды ақтау туралы негіздемелердің бірінен-соң бірін әзірлеп, ұлт тарихындағы жылымық кезеңнің жаршысы ретінде тұлғалана түсті. Өз саласының маманы ретінде жалпақ жұртқа танылды. Әлеуетті әріптестері оны «Қазақ топырағындағы Кант» деп атады.
Екеуі де еліне елеулі, халқына қадірлі болды. Ілгеріде жұрттың бәріне бірдей жаппай қолданатын «Алтыннан ардақты, қорғасыннан салмақты» деген әбден жауыр болған жаттанды теңеуіміз бар еді ғой. Сол сөзді берекесін кетірмей, осы екі ағамызға арнап айтсақ, жүдә жарасар еді. Шынында да ардақты, айбатты, арлы, салмақты, салиқалы, сыйлы...
Ал енді «Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім», – дегендей, атақ-даңқына атан түйенің белі қайысатын ағаларым баяғы Жоғарғы Кеңес ғимаратының жанында не туралы сөйлесіп бара жатыр екен десеңізші... Ұлт. Жұрт. Тіл. Салт. Дәстүр... Әйтеуір елдік мәселе екені анық. Өйткені анадай кереқарыс маңдайлар, мынадай ұлағат ұялаған таңдайлар жеңіл-желпі жәйтті әңгіме қылуы мүмкін емес... Айбарлы ағалардың алп-алп басып, алп басып келе жатқан ғажайып сәтін біздің Шүкір Шахай қалай дөп басқан?! Бәріне шүкір...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ