Мейірімді ата-ананың тәрбиесін көрген бала қашанда қайырымды, кішіпейіл және айналасына қамқор болып өседі. Ата-ананың берген дұрыс тәрбиесі мен оның жылы мейірімі – баланың жүрегінде ұялап, кейін өздері де сондай тәрбие мен жақсы қасиетті айналасындағы адамдарға сыйлайды. Осылайша ізгіліктің, жақсылықтың негізін қалайды. Осындай ортада өскен Бақыт Анасқызы Ғабдуллина – бүгінде өзі де ел анасы атанып отырған аяулы жан.
Бақыт Анасқызы Ғабдуллина 1955 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде туып өскен. Орта мектепті жақсы тәмамдап, өзінің ұстаз болу арманын жүзеге асырады. Арқалық қаласындағы педагогика институтының бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, мектепте ұзақ жылдар мұғалім бола жүріп, зейнетке шығады. Бір жерде, бір мектепте – орысы бар, қазағы бар ұжым арасында – өмірбақи басынан ақ орамалын түсірмеген ұлағатты ұстаз атанады. Басындағы ақ жаулығын қадірлеп өткен аяулы ұстаз, ана зейнетке шыққаннан кейін де аналар қоғамдық ұйымының төрайымы болып ауыл өмірінің түрлі іс-шарасына атсалысады. Әлі де сол қоғамдық жұмыстан қол үзбей келеді. Көптеген жетістігі бар ардагер ұстаз. Алтын алқалы ана. Жолдасы Нұрмағанбет екеуі – ұл-қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты отбасы. 2005 жылы өңіріміздің «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған үлгілі жанұя.
Осы орайда Бақыт Анасқызының бауырмалдылығы, мейірімділігі мен қайырымдылығы жайында айта кетсем деймін. 1996 жылдары Бақыт Анасқызы мектепте мұғалім болып жүрген кезінде жетім балалар үйінде қара көз балалардың көбейіп бара жатқанын құлағы шалады. Тіпті сол жетімдерді шетелге сатып жатыр екен деген суық хабарды да өз құлағымен естиді. Шынында да, сол жылдары Қазақстанда біраз отбасы сол жетімдерді бала етіп асырап алып жатқан еді. Бақыт Анасқызы қатты толқиды, қай заманда қазақ өз баласын жетім еткен?! Бұл біздің ұлтымызға үлкен қасірет қой деп налиды. Жүректі ауыртатын, жаныңа жара салатын қасіреттен қалай құтылуға болады деп толғанады. Содан жан жолдасы Нұрмағанбетпен ақылдасады. Шын мәнінде, бұл жерде жетім балалардың ешқандай жазығы жоқ қой... Олар бұл өмірге өз қалауымен келді ме, ата-анасының кінәсінен болып жатқан қасірет деп, жолдасы Нұрмағанбет екеуі шешім қабылдап, бала асырап аламыз деп жоспар құрады. Балаларымызбен бірге өсіп-жетіледі, «Әр баланың өз несібесі бар» деген халқымыздың қанатты сөзі бар емес пе, әрбір туған нәрестені жақсылыққа балап, оның өмірлік жолы мен ризығын Алла Тағала береді деп ата-бабаларымыз да айтты емес пе деп, ақыры екеуі жауапты тоқтамға келеді. Содан үш баланы балалар үйінен Бақыт Анасқызы отағасымен үйге алып келеді. Бүгінде олардың жеті баласы, бірнеше немерелері бар бақытты отбасы.
– Сол екі қыз бен ер баламыз ержетіп, үлкен адам болды. Қыздар Астанада тұрады. Ал ұлымыз – әскери маман. Бүгінде үш баланың әкесі. Осы балаларымнан рахат көріп отырмын, – дейді Бақыт Анасқызы.
Бақыт Анасқызы жұбайы Нұрмағанбетпен 41 жыл бақытты өмір сүріпті. Ол кезінде Үкімет үйінде инженер-энергетик болып қызмет атқарыпты. 63 жасында өмірден өтіпті.
– Өте қарапайым, мейірімді, қайырымды, жақсы адам еді, мені алақанына салып, тіпті мәпеледі десем артық айтпас едім, – дейді Бақыт Анасқызы.
Ол балаларына да мейірім-шуағын төккен, адами қасиеті жоғары адам болғаны балаларына деген махаббатынан туындаған қасиет дерміз. Жеті баланы бірдей тәрбиелеп, бәріне бірдей әкелік сезімін көрсетіпті.
Бақыт Анасқызы да бойындағы ұстаздық қасиетін, балаларға деген шексіз махаббат пен шынайы мейірімін өмір бойы төгіп, бүгінде өсіп-өнген барлық баласының жақсылығын көріп, немерелерінің қызығына бөленіп отырған жайы бар.
Ұзақ жыл Бақыт Анасқызы мектепте ұстаздық етіп, балаларын тәрбиелеп, оқыта жүріп, қоғамдық жұмыстан да қол үзбеді. Ал Астанаға көшіп келген соң ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, қазақ мәдениетінің үлгісін көрсететін ұлттық киімдері мен қазақтың ескі әндерін, ұлттық аспаптарды насихаттауды қолға алғысы келеді. Айналасына өзі сияқты адамдарды және өнерлі жастарды топтастырып, бір орталық ашуды армандайды. Ойы жүзеге асады. «Tumar» этно-фольклор орталығын ашады. Осылайша, Астана қаласында ұлттық құндылықтарды, қазақтың салт-дәстүрлері мен қолөнерін, әсіресе ұлттық киім мәдениетін заманауи үлгіде жаңғырту мақсатында құрылған орталық өмірге келеді. Қазақ мәдениетін, әсіресе көшпенділердің киім үлгілері мен мұрасын халықаралық және республикалық деңгейде насихаттап жүрген шығармашылық орталыққа айналады. Бақыт Анасқызының бастамасымен орталық тек коммерциялық жоба ғана емес, бүгінде үлкен мәдени-ағарту ошағына айналып отыр. Бас қалада өтіп жатқан іс-шараларға олар жиі қатысып тұрады. Олардың, яғни «Tumar» этно-фольклор орталығының басты мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақ фольклоры мен ұлттық кодты сіңіру.
Көне және дәстүрлі қазақ аспаптары: домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы мен даңғырада кәсіби деңгейде ойнайтын мульти-инструменталист музыканттары бар. Сондай-ақ Астана қаласы Сарайшық ауданының арнайы орталығымен бірлескен жоба аясында ансамбль құрамында ұлттық кодты кейінгі ұрпаққа аманаттап жүрген ардагерлер мен үлкен буын өкілдері өнер көрсетіп келеді.
«Tumar etno» театрландырылған топ мүшелері мерекелерде, шетелдік дефилелер мен көрмелерде қазақ батырлары мен аруларының образын сомдайтын кәсіби модель-актер де болып кетеді. Олар қыз ұзату, беташар және халықаралық форумдарда қазақ дәстүрін сахна қойылымымен жеткізетін бишілер мен салт-дәстүрді насихаттауда.
Бақыт Анасқызының орталығындағы өнерпаздар тек әуен ойнап қана қоймай, заманауи шоу элементтерін, тарихи костюмдер шеруін көрсетіп, сахнада көшпенділер мәдениетінің атмосферасын қалыптастырады. Қазақ халқының тарихи һәм заманауи киім үлгілерін ескере отырып, жоғары талғамдағы премиум ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар мен бас киімдер: сәукеле, тақия, бөрік жасаумен де айналысып келеді. Әсіресе олардың қыз ұзату мен беташар, сүндет той, тағы да басқа дәстүрлі мерекелерге арналған авторлық киімдер топтамасын әзірлеп, көбіне оны прокатқа қояды және тапсырыс бойынша ұлттық киімдерді тігіп береді.
Бақыт Анасқызы Ғабдуллина жетекшілік ететін Астана қаласындағы «Tumar» этно-фольклор орталығының шығармашылық ұжымы шетелдік сапарларға және топ құрамы әртүрлі фестиваль, тіпті байқауларға да қатысуда. Өздерінің өнерпаздары, әншілері бар. Олардың шығармашылық тобы қазақтың дәстүрлі музыкасын, ұлттық өнері мен этнодизайнын халықаралық деңгейде танытуда.
Ансамбльдің негізгі мүшелері мен музыка аспапшылары жайында айтар болсақ, қазіргі таңда оның құрамында 18 зейнеткер тұрақты түрде өнер көрсетеді. Біз сөз еткен музыка аспаптарын олар егде тартқан шағында дәл осы орталықта үйреніп алған. Ұжымның көркемдік жетекшісі – Гүлфия Шаграева. Ол – ансамбльдің музыкалық бағытын, репертуарын және Ташкенттегі халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алуына қол жеткізген кәсіби маман. Ал топта жасы ең үлкені – 80 жасар Әлия Айтжанова әжеміз сазсырнай мен үрмелі аспаптарда шебер ойнайды.
Бақыт Анасқызының «Tumar» этно-фольклор орталығы – қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын дәріптеуді мақсат еткен шығармашылық-мәдени ұйымы бүгінгі таңда Астанада, тіпті республикамызда өтіп тұратын ұлттық мәдени іс-шараларға жиі қатысып тұрады.
Ғалия БАЛТАБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
журналист