Қашан да елдің атын, жердің атын қиын-қыстауда қол бастаған батырлары, топ жарған от тілді, орақ ауызды ақын-жыраулары, ал бейбіт өмірде – өнерпаз, еңбекшіл ұл-қыздары шығарады ғой. Қазақтың шешендік өнеріне, ақындар айтысына атақты саяхатшы-ғалымдар Г.Н.Потанин, А.Янушкевич талай тамсана таңдай қаққан екен.
Поляк журналисі Адольф Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар» атты еңбегінде атағы бүкіл қазақ даласына мәшһүр болған қос жанары солса да, көкірегі ояу Жазық есімді ақын қызды көруге құмартып, әдейі кездескендегі сәтін үлкен тебіреністе дәріптеген: «...Мен оны тебірене тыңдадым. Ең атақты мадонналардың орындаған әнін тыңдағанда да мұндай әсер алмаған болар едім. Қазақ тілін білмегеніме қатты ашуландым, оның үстіне біздің тілмаштарымыз сиқырлы өлең сөздерін түсіне де, аудара да алмады. Оларға Жазықтың жырлары тіпті шалыс, көмескі болып та көрінетін сияқты. Ғұмыры кітап бетін ашпаған бұл адамдардан не қайыр, не үміт?! Әйтсе де ақын қыздың өз ойларын шиыршық атып, толғана түйіндейтінін, толғаудың, әсіресе, ұйқастары ғажап екенін олар да мойындайды».

Ақын құдіреттілігі деген осы емес пе?! Тілі бөтен болса да, өнері тәнті қылған әлгіндей өнерпаздары арқылы қазақ халқын жақын танып, импровизаторлық дарынына таңырқай қараған зерттеушілер көп болған.
Ереймен өңірінен шыққан ақын-жыраулар аз емес. Әріден бастасақ, біріміз білсек, біріміз біле бермейтін Үмбетей жырауды алдымен ауызға алған дұрыс. Бұл – атақты Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр мен көмекей әулие атанған Бұқар жыраудың замандасы.
Кейінгі буындардан әнші-сері атанған Естай ақынды, іле оның ізін басқан Бекболат Меркемелиденұлын, Аманжол Әлжановты, Қасен Төрегелдинді ерекше атаған жөн.
Бекболатты оқырман қауымға таныстырардан бұрын оның өмірбаяны, ақын боп қалыптасу кезеңдеріне үңіле кеткен дұрыс болар.
Ақынның туған қызы, Ереймен ұстаздарының алды болған Райхан апай кезінде бізге әкесі жайлы көпшілік біле бермейтін біраз естеліктер айтып еді.
Біз ол кісілермен ұзақ уақыт көрші боп тұрдық. Әкесі Бекболат ақынды талай мәрте көрдік, бала болсақ та әңгімелерін естіп жүрдік.
Соғыстан оралмаған ағасы Рәшид марқұмның ұлы Сәбит ағаны, Алматыдан Ерейменге келгенде, әке-шешеміз құрметтеп қонақ қылатын. Мінезі жайсаң, ақжарқын кейпі көз алдымызда.
Бекболаттың әкесі – Меркемелиден, анасы Зейнеп оның ақын болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген кісілер.
Жас ақын үйдегі үш ұлдың кенжесі екен. Әке-шешесінің тұрған жері – Баянауылдың Семізбұғы деген ауылы.
Аумалы-төкпелі заманда Меркемелиден мен Зейнептің соңына түскен адамдар аз болмаған. Ауыл балаларына білім беретін ұстазды көрсететіндер көп болып, Меркемелиден бірнеше рет абақтыға қамалады.
– Үйдің үлкені ұсталғаннан кейін, ана мен баладан маза кетті ғой, – деп еске алып еді өткендегі қиянатты Райхан Бекболатқызы. – Әкесінің денсаулығы нашарлап, ағалары бірінен соң бірі шетінеді.
Ес біле бастаған болашақ ақын баланы, анасы Зейнепті бұл жердегі тіршілік тұрмысының ауырлауына байланысты Ерейменнің Үштөбе қыстағында тұратын Жаншуақ деген сыйлас адам көшіріп алады. Олар осы жерді мекендеп тұрып қалған.
Жаншуақ қайтпас сапарға аттанар алдында інісі мен үлкен баласын шақырып алып: «Баян баласы үш үй болсаңдар, Меркемелиден ұрпағымен төрт үй болыңдар. Сендерге айтар аманатым: оларды тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріңдер!» деп жүріп кетіпті.
Бекболат жасынан ащы өмірдің зардабын, халық басына түскен ауыртпалықты, күйзелісті, жоқшылықты көріп өседі.
Жас күнімде көргенім
қазақ арба,
О дағы болатұғын
малы бар да.
Майламайтын, арбаны
жайламайтын,
Көшкенде шиқылдайтын
басып зорға.
Зерделі бала ауыл молдасынан хат таниды. Бірақ көңілі толмай, 1907 жылы Ақмолада татар мұғалімдерінен жәдитше оқып, азын-аулақ ғылымнан хабардар болады. Балаң жігіттің суырып салма ақындығы, тапқыр сөздері сол кездердің өзінде-ақ көзге көріне бастайды.
1916 жылғы патша өкіметінің қазақтан солдат алуы туралы июнь жарлығы тұяқ серіппей мүлгіген қазақ даласын дүр сілкіндірді. Ереймендегі халық көтерілісіне Бекболат та қатысқан, бұл оның дүниетанымының жетілуіне, көзқарасының қалыптасуына игі әсер етеді.
Бекболат 1923 жылы Қызылжар қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдап, 1924 жылдан 1932 жылға дейін Баянауылда бала оқытқан. Осы аралықта Мәшһүр Жүсіппен, Сәкен Сейфуллинмен кездескен.
Ал кейінірек Қарағандының педагогикалық училищесін бітіріп, ол жерде ұстаздық қызмет атқарады. Тек Ұлы Отан соғысы басталар алдында Ерейментаудың Торғай елді мекеніне мектепке қызметке ауысады.
Сұрапыл соғыс талай жанның үмітін үзіп, отын өшірді. Сол тұстағы қабырға қайысқан қиыншылықтарда ақынның патриоттық тақырыптағы ерлік өлеңдері жалынмен бірге өрілді.
Қарт ақынның жүрегіне соғысқа аттанған сүйікті жалғыз ұлының қайғылы қазасы ауыр жарақат түсірді, бар сенген сүйенішінен күдер үзу – өлшеусіз қасірет еді.
Ақынның баласына арнаған «Қайдасың, Рәшид, қайдасың?!» өлеңі ел аузында берік орнап қалды. Семей облыстық филармониясының көпке танымал әйгілі әншісі Мәдениет Ешекеевтің орындауында нақышына келтіріліп шырқалып жүрді.
Бекболат – шаршы топта айтысқа түсіп, ауданда, облыста жүзден жүйрік шыққандардың бірі. Кәрілік меңдегенімен ұлы додаға түскенінде шабытына мінгендей буырқанып, шабысынан жаңылмайтын сәйгүліктерге ұқсаған.
Абзал адам өмірінің соңғы шағында 1961 жылы 3-5 тамыз аралығында өткен республикалық халық ақындарының айтысына қатысып, Кенен Әзірбаев, Омар Шипин, Қалқа Жапсарбаев, тағы басқа дүлдүл ақын-жыраулармен жүздеседі. Ақындардың тұңғыш рет ұйымдастырылған басқосуында Бекең өзінің жыр маржанын төгеді.
Бұл 1963 жылы М.Қаратаев, М.Базарбаев сияқты әдебиет қайраткерлерінің алғы сөзімен «Ақындар жыры» болып басылып шықты.
Бекболат Меркемелиденұлына «Халық ақыны» атағы беріліп, көп жылғы шығармашылық еңбегі еленіп, Жазушылар Одағының мүшелігіне ұсынылды.
Сұм ажал 1962 жылы ақынды арамыздан алып кетті.
Райхан апамыз бен Долдаш ағамыздың өмірден озғандарына көп болды. Бірақ, нағашы атасының жүріп өткен жолдарын жан-жақты білетін бір ұрпағы бар. Ол – Аян Хасенов.
Осы азаматтың бастауымен ақынға, дүниеден ерте кеткен балаларына арнап ас берілуде. Сонымен қатар ұлы бабасының құрметіне Аян арнайы кітап шығарды.
Тағы бір айтатын жайт, Райхан апай көзі тірісінде үлкен немересіне соғыста хабарсыз кеткен ағасының атын қойды. Сол Рәшид есімді азамат – елдің санатты жігіттерінің бірі.
Енді Аянға келсек, оның ұлының аты – Бекболат!
Жақсы әулеттің осы ұрпағының тойында қадірлі қонақ ретінде қатысқанбыз.
«Өлді деуге бола ма,
айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Ұлы Абай айтқандай, Ереймен өңірінен шыққан Бекболат Меркемелиденұлының зиялы сөзі, өлең-жырлары түлеген үстіне түлеп, сөз бағасын білген жанның рухани азығына айналғаны хақ.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі