Киберқауіпсіздікке қарсы семинар өтті

Киберқауіпсіздікке қарсы семинар өтті
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен №52 «Еркетай» балабақшасында «Кіші жастан бастап киберқауіпсіздік: гаджеттер мен балалар» тақырыбында семинар өтті. Семинар барысында «Цифрландыру дәуіріндегі мектеп жасына дейінгі балалар: киберқауіпсіздік және экрансыз білім беру» тақырыбында баяндама жасалып, балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі туралы маңызды мәселелер қозғалды.

Сонымен қатар «Ақылды роботпен қызықты саяхат» ұйымдастырылған іс-әрекеті көрсетіліп, «Робот-тышқан» STEM ойыны арқылы балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту жолдары таныстырылды. «Бала және гаджет: мүмкіндік пе, әлде қауіп пе?» тақырыбында дебат ұйымдастырылып, гаджеттердің пайдасы мен зияны талқыланды.

Практикалық бөлімде «Экраннан спортқа: гаджетке тәуелділіктің алдын алуда қимылды ойындардың маңызы» тақырыбында жұмыстар жүргізіліп, ата-аналарға арналған «Гаджет қолданудың 5 ережесі» бойынша жағдаяттық тапсырмалар орындалды. Сондай-ақ «Бірге үйренеміз: баланың цифрлық қауіпсіздігі» тақырыбында практикалық шеберхана өткізіліп, ата-аналарға пайдалы кеңестер берілді.

“Бүгінгі шара — Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы тарапынан қолға алынып, қазіргі таңда барлық балабақшаларда жүйелі түрде өтіп жатқан кешенді жұмыстардың бір парасы. Цифрлық дәуірде баланы интернеттен толық оқшаулау мүмкін емес, сондықтан біз оларға ерте жастан бастап технологияны қауіпсіз әрі саналы түрде пайдалануды үйретуіміз керек. Бұл бағытта біз барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары мен ата-аналар қауымдастығына нақты әдістемелік көмек көрсетіп, ортақ қауіпсіз орта қалыптастыруды көздеп отырмыз”, дейді білім басқармасының өкілі Айнұр Амангелді. 

Шапағат Әбдір