(Дулат, Асқар және «Қарғын»)
Біз оқуға түскенде Дулат Исабековтің әйгілі «Қарғын» романының басылып шыққанына бір-ақ жыл бопты. Студент атаулы іздеп жүріп оқитын дүние. Кітап дүкеніне түскен бетте әбжіл қимылдап, үлгеріп сатып алғандар бір отар қойы бар адамдай маңғазданып жүреді. Саған оқи тұруға оңайлықпен бермейді. Сосын қатардан қалмау үшін кітапханаға тартасың. Қысқасы, «Қарғынды» оқыған да арманда, оқымаған да арманда...
Жұртқа танымал жас жазушы Жасын Мәдиев пен Алматыға енді ғана табан іліктірген бойжеткен Бағиланың арасындағы сырлы сезім студент санатындағы ұл мен қыздың бәрін еліктірді. Көпшілікті мазалаған жалғыз-ақ сауал мынау еді. От көрген көбелектей шырқ үйіріліп жүрген Бағила бикештің бір жөні болар, ал әлгі жан баласына басын имейтін, білім-білігіне ешкім тең келмейтін Жасын дегенің кім өзі? Қай жазушының прототипі? Елдің бәрі аузын ашып, көзін жұматындай деңгейде бағалануға лайық кім бар еді қазақ қаламгерлерінің арасында? Романның басты кейіпкері Дулат ағаның өзі ме, жоқ әлде...

Көп ұзамай бір ауыздан теңдесі жоқ сөз зергері Асқар Сүлейменовтің аты аталды. Мұны Дулат ағаның өзі де онша теріске шығармаған сияқты. Бұл болжам онсыз да халықтық шығармаға айнала бастаған ғажайып туындының бәсін одан әрі арттыра түсті. Бірақ ылғи да ой үстінде жүретін, асқақ мінез Асекеңді әп-сәтте жас қыздың жүрегін жаулап алатын сал-серіге балау қиындау еді. Бір өзінде бірнеше өнердің тізгіні бар, өз дәуірінде серіліктің өлшеміне айналған Сәкен Жүнісов туралы әңгіме қозғалса жөн ғой, ал алтын сақа сынды Асқар Сүлейменов көріктілерді арбайтын бөріктілерден гөрі орнықты оқымыстыға, зиятты зиялыға көбірек ұқсайтын-ды. Тіпті сол кісінің бойжеткен-сойжеткенге көңіл бөліп жүруге де уақыты тапшы секілді көрінетін. Бірақ бәрібір Жасынның Асқарға телінуі жұрттың оған деген құрметін арттырды.
Бұл – жазушы Дулат Исабековтің шеберлігінде шек жоқ екендігінің дәлелі. Қадірлі қаламгердің осы кейіпкері де халықтық кейіпкерге айналды. Сөйтіп, «Қарғыннан» қарқын алған Жасын қазақ руханиятының көгінде шынында да жасын ойнатты. Шығарма жаппай оқылды. Оқымағандар өкінді.
Мына суретте жас Дулат Исабековтің бұрынғы кеңестік жүйедегі ресми жиындардың біріне қаламгер ретінде қатысқан сәті бейнеленген. Бұл, шамамен «Қарғынның» баспаға тапсырылған мезгілі болу керек. Қазақ фотоөнерінің Жасыны – Шүкір Шахай сол съезде жазушы ағасының өте көңілді отырғанын көріп, бес қаруын білдірмей сайлап алған да, қиялап тұрып тартып жіберген ғой...
Сол сурет – осы.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ