ТЖМ министрі Астанадағы бірыңғай диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысты

ТЖМ министрі Астанадағы бірыңғай диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысты
фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің № 3 өрт сөндіру бөлімінде болып, 101 және 112 нөмірлері арқылы келіп түсетін шұғыл шақыртуларды қабылдау және өңдеумен айналысатын бірыңғай диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сапар барысында министр қызметтің жұмысын ұйымдастыру барысын, техникалық жабдықталуын және заманауи цифрлық шешімдерді көрді. IT Space компаниясының өкілі ведомство басшысына әзірленген бағдарламалық қамтамасыз етудің функционалдық мүмкіндіктерін, негізгі жұмыс құралдарын және келіп түсетін шақыртуларды өңдеу алгоритмдерін таныстырды.

  Әсіресе 101 және 112 нөмірлері арқылы шақыртуларды қабылдаудың бірыңғай жүйесіне, диспетчерлік процестерді автоматтандыруға, ақпаратты жедел жеткізуге және шұғыл қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге ерекше назар аударылды.

  Бірыңғай диспетчерлік қызмет азаматтардың өтініштерін орталықтандырылған түрде қабылдауды, оқиғалар туралы ақпаратты өңдеуді және қажетті күштер мен құралдарды оқиға орнына уақтылы жіберуді қамтамасыз етеді. Бұл процестердің интеграциясы бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттырып, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

  Сондай-ақ министр тәулік бойы кезекшілік атқару жағдайларымен, диспетчерлік құрамның жұмысын ұйымдастыру тәртібімен және қызметті одан әрі дамыту мүмкіндіктерімен танысты.

  Бірыңғай диспетчерлік жүйені дамыту – ТЖМ қызметін цифрлық трансформациялаудың маңызды бағыттарының бірі. Заманауи технологияларды енгізу ден қою жеделдігін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және халыққа уақтылы көмек көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.