«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күні» халықаралық акциясы өтеді

«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күні» халықаралық акциясы өтеді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күні» халықаралық акциясы өткізіледі. Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыс атқарылып жатқаны туралы қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова, Астана әкімдігіне қарасты «Үміт» дағдарыс орталығының басшысы Ғалихан Құқанбеков және «Қорғау» дағдарыс орталығының жетекшісі Анна Рыль айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Халықаралық акцияның басты мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, халықтың құқықтық сауатын арттыру, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру, сондай-ақ азаматтарға қорғану жолдары мен зардап шеккендерге көрсетілетін көмек туралы ақпарат беру.

Акция аясында елордалық Полиция департаменті алдын алу және түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Атап айтқанда, мына бағыттар бойынша жұмыс күшейтіледі:
* бұған дейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары болған отбасыларға барып, құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу;
* профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексеру және қорғау нұсқамаларының орындалуын бақылау;
* оқу орындарында, ұйымдарда және еңбек ұжымдарында кездесулер мен дәрістер өткізу;
* зорлық-зомбылықтың жасырын жағдайларын және көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау үшін тұрғын үйлерді аралау;
* құқық бұзушылармен алдын алу әңгімелерін жүргізу;
* зардап шеккендердің құқықтары, қорғану шаралары және көмек көрсететін қызметтердің байланыс нөмірлері туралы ақпарат тарату.

Іс-шараларға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғам өкілдері, психологтер мен дағдарыс орталықтарының мамандары тартылады.

«Бұған дейін зорлық-зомбылық жағдайлары бірнеше рет тіркелген, қорқыту, қудалау және психологиялық қысым көрсету жағдайлары бар, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп жатқан отбасыларға ерекше назар аударылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты – зорлық-зомбылықты дер кезінде анықтау, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету және құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу. Елорда тұрғындарына арнайы өтініш білдіремін: өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда немесе зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыздар, дереу полицияға хабарлаңыздар», – деді Алмагүл Исмағұлова.

Көмек қажет болған жағдайда мына нөмірлерге хабарласуға болады:
* 102 – полиция;
* 111 – отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша байланыс орталығы;
* 150 – сенім телефоны.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында елордадағы дағдарыс орталықтары да ауқымды жұмыс атқарып келеді. «Үміт» дағдарыс орталығында барлығы 70 орын бар. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен олардың балаларына уақытша баспана беріліп, әлеуметтік қызметтің 8 түрі көрсетіледі. Орталықта олар қауіпсіз баспанамен, қажетті тұрмыстық жағдаймен және күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

2026 жылдың басынан бері орталықта 170 адамға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Олардың 53-і – әйел, 117-сі – бала.
Орталықта психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және басқа да мамандар бірлесіп кешенді жұмыс жүргізеді. Психологиялық қолдаудың арқасында олардың 85 пайызы қоғамға бейімделіп, отбасылық және қоғамдық өмірге қайта орала алды. Сонымен қатар әйелдердің құқықтарын қорғау, алимент өндіру, некені бұзу, құжаттарды қалпына келтіру және баспана мәселелерін шешу бойынша заң көмегі көрсетіледі.

«Әйелдер орталықтан шыққаннан кейін де олармен байланысты үзбейміз. Мамандар әлеуметтік жағдайларын бақылап, қажет болған жағдайда әрі қарай қолдау көрсетеді. Біздің мақсатымыз – зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға уақытша баспана берумен шектелмей, олардың өз бетінше өмір сүруіне, жұмысқа орналасуына және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Әрбір әйелдің қауіпсіздігі мен әрбір баланың алаңсыз балалық шағы біз үшін маңызды», – деп атап өтті Ғалихан Құқанбеков.

Бұл бағытта Астанада 2009 жылдан бері «Қорғау» дағдарыс орталығы» жеке қоры да жұмыс істейді. Бүгінде қордың жалпы сыйымдылығы 65 орын болатын екі паналау орны бар. Мұнда әйелдер мен балалар алты айға дейін қауіпсіз жерде тұра алады. Сонымен қатар оларға психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі. Қор баспана берумен қатар, тұрғындарға кеңес беру жұмысын да жүргізеді. Кеңседе паналау орнында тұруды қажет етпейтін, бірақ заңгерлік немесе психологиялық көмекке мұқтаж әйелдерді қабылдайды. Сондай-ақ балалармен кездесулер өткізіліп, зорлық-зомбылық жасаған ер адамдармен жұмыс жүргізіледі.

Жыл басынан бері паналау орнында 212 адам тұрған. Олардың 73-і – әйел, 139-ы – бала. 26 әйелге тіркеуге тұру, балаларын мектепке орналастыру және емханаға тіркеу мәселелері бойынша көмек көрсетілді. Бір әйелдің құжаттары қалпына келтірілді. Төрт балаға психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиядан (ПМПК) өтуге, ал екі балаға мүгедектікті рәсімдеуге көмектесті. 2026 жылғы маңызды нәтижелердің бірі әйелдерге жеке баспана алуға қолдау көрсету болды. Қайырымдылық көмектің арқасында жеті баланың анасына үй сатып алынды. Тағы төрт әйел баспаналы болды. Олардың үшеуі – тұрғын үй кезегінде тұрған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы әйелдер, ал біреуі – көпбалалы ана. Тағы бір әйел әлеуметтік ипотека бағдарламасы арқылы баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

2026 жылы 41 әйел жұмысқа орналасты. Тоғыз айда тоғыз әйел кәсіби білім алды. Әйелдерді үш ай бойы тегін көлік жүргізуге үйрету курсы да маңызды бастамалардың бірі болды. Төрт әйел оқудан өтті. Алдағы уақытта оларға автокөлікті лизингке алып, курьер болып жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.

Бұл бағыттың әлеуметтік маңызы зор. Көптеген әйел баласын, оның ішінде мүгедектігі бар балаларды жалғыз тәрбиелеп отыр. Олар жұмыс пен балаларын күн сайын мектепке, балабақшаға және медициналық мекемелерге апарып жүр. Көлік жүргізу мүмкіндігі әйелдердің жүріп-тұруын жеңілдетіп, балаларына қатысты мәселелерді өз бетінше шешуіне және сонымен қатар табыс табуына көмектеседі.

«Бүгінде дағдарыс орталығы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге уақытша баспана берумен ғана шектелмейді. Әрбір санның артында нақты адамның тағдыры тұр: жұмысқа орналасқан әйел, баспаналы болған жеті баланың анасы, жаңа мамандық меңгерген әйел, оқуын жалғастырып, қажетті медициналық көмек алған балалар. Біздің жұмысымыз зорлық-зомбылықтың салдарын жоюмен ғана шектелмейді. Сонымен қатар әйелдің агрессордан құтылуына кедергі келтіретін себептерді шешуге бағытталған. Олардың қатарында баспананың, жеке табыстың, құжаттардың, кәсіби дағдылардың және әлеуметтік қолдаудың болмауы бар. Жұмысымыздың басты нәтижесі – әйел мен оның балаларының қауіпсіз өмір сүруіне, баспаналы болуына, табыс табуына, балаларын тәрбиелеуіне және өз болашағын өз бетінше таңдауына мүмкіндік жасау», – деп атап өтті Анна Рыль.