Зияткерлік меншікті заңсыз пайдалануға жол бермейді

Зияткерлік меншікті заңсыз пайдалануға жол бермейді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы Әділет департаменті құқық иеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, зияткерлік меншік объектілерін заңсыз пайдаланудың және контрафактілік өнім айналымының жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұл туралы арнайы брифингте Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Бейсен ақпарат берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астана қаласы Әділет департаменті құқық иеленушілердің өтініштерін қарау шеңберінде зияткерлік меншік объектілерін заңсыз пайдаланудың ықтимал фактілері бойынша 23 тексеру жүргізді. Барлық тексеру барысында құқық бұзушылықтар анықталды. Кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша 23 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қарау қорытындысы бойынша 23 субъектінің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1 миллион 25 мың теңгені құрады.

       Контрафактілік өнімді анықтауға және тәркілеуге ерекше назар аударылады. Жүргізілген іс-шаралар барысында жалпы құны 8,5 миллион теңгеден асатын 2 730 бірлік контрафактілік өнім анықталып, тәркіленді.  Тәркіленген өнім Астана қаласы Әділет департаментінде сақтауға қойылды және тиісті сот шешімдері заңды күшіне енгеннен кейін заңнамада белгіленген тәртіппен жойылуға жатады. 

-    Жұмыстың нәтижелерінің бірі LEGO Holding A/S тауар белгісінің құқық иеленушісінің өтініші бойынша жүргізілген тексеру болды. Тексеру барысында жалпы сомасы 898 640 теңге болатын 152 бірлік контрафактілік өнім анықталды. Барлық өнім куәгерлердің қатысуымен тәркіленді. Сот шешімі бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 129 750 теңге көлемінде айыппұл салынды. Контрафактілік өнім тәркіленді. Apple Inc. құқық иеленушісінің өтініші бойынша 262 бірлік контрафактілік өнім анықталды. Оның жалпы құны 280 600 теңгені құрады. Барлық өнім тәркіленді. Сот шешімі бойынша құқық бұзушыға 129 750 теңге көлемінде айыппұл салынды, ал контрафактілік өнім тәркіленіп, жойылуға жатады. Сондай-ақ Colgate құқық иеленушісінің өтініші бойынша тексеру жүргізілді. Тексеру барысында жалпы сомасы 151 205 теңге болатын 306 бірлік контрафактілік өнім анықталды. Өнім тәркіленіп, Астана қаласы Әділет департаментіне сақтауға қойылды. Сот шешімі бойынша құқық бұзушыға 98 125 теңге көлемінде айыппұл салынды, ал контрафактілік өнім тәркіленіп, жойылуға жатады. Бұдан басқа, жүргізілген тексерулер шеңберінде PUMA, HUGO BOSS, LACOSTE, SPLAT, NEW BALANCE ATHLETICS, Calvin Klein және SMEG сияқты танымал тауар белгілерінің құқық иеленушілерінің құқықтары қорғалды, - дейді спикер. 

Департаменттің жұмысы құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Тексеру шаралары тауар белгілерін одан әрі заңсыз пайдаланудың алдын алуға, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және зияткерлік меншікке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Контрафактілік өнім айналымының жолын кесу құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауға, ықтимал залалды азайтуға және мұндай өнімнің одан әрі таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жұмыс адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және тұтынушыларды өнімнің шығу тегі мен өндірушісіне қатысты жаңылыстырудан қорғауға ықпал етеді.  Зияткерлік меншік бөлімі қызметінің негізгі бағыттары құқық қорғау, құқық қолдану және профилактикалық жұмыстарды қамтиды. Алты ай ішінде 23 тексеру жүргізіліп, 23 субъектінің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 1 миллион 25 мың теңге болатын айыппұлдар салынды. Сондай-ақ жалпы құны 8,5 миллион теңгеден асатын 2 730 бірлік контрафактілік өнім тәркіленді. Астана қаласы Әділет департаменті құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау, зияткерлік меншікті заңсыз пайдаланудың жолын кесу және адал кәсіпкерлік қызметті қолдау бойынша жұмысты жалғастырады.