Найзағайдай жарқ етіп нұрын шашқан
Қазақтың аяулы перзенті, белгілі ғалым, профессор Арыслан Зейноллаұлы Молдахметовтің туғанына биыл 60 жыл толды. Небәрі 37 жасында жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік сапарға аттанғанына да жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Артында қалың елі мен ата-анасы, жары мен қос бүлдіршін қыздары, ағайын-туысқандары мен қимас жан-жолдастары қалды.
Арыслан Зейноллаұлы еліне аянбай қызмет еткен, артына өшпес істерін қалдырған адал азамат еді. Өзінің қысқа өмірінде найзағайдай жарқ етіп, айналасына нұрын шашып үлгерді. «Орнында бар оңалар» дегендей, ғалымның бастаған ісін жалғастыратын ізбасарлары баршылық.
Жаратқанның өлшеп берген уақытында Арыслан толымды өмір сүріп, біраз дүниенің басын қайтарып үлгерген, кез келген істі тыңғылықты орындап, мұқият талдап, байыбына жетуді әдетке айналдырған. Арыслан бала кезінен білім мен ғылымға бейімделіп, еңбекқор, ізденімпаз тұлға болып қалыптасқан. Мектеп бітіргеннен кейін Мәскеу мемлекеттік университетін таңдауының өзі біраз дүниенің басын ашқандай. Қанатын кеңге жайған бозбаланың алар биігі мен бұзар қамалы алда екенін меңзегендей әсер қалдырады. Тағы бір көзге түсер ерекшелігі – ешкімге иек артпау, ауыртпалық салмау, кез келген түйінді өздігімен шешу әдеті. Мысалы, оқу барысында кәсіби тәжірибесін Алматы мен Астанада өткізуге мүмкіншілігі бола тұрып, шалғайдағы Қызылжар қаласында өткізген. Әкесі Зейнолла Молдахметұлы Молдахметов сол кезде Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, Қарағанды облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болса да, баласын «жылы жерге» орналастыруға түбегейлі қарсы болды. Өзі әкесінен жастай жетім қалып, өмірдің тауқыметін көп көрген Зейнолла ақсақал баласының адал жолмен жүріп, еңбектенгенін қалады. Ұлы да әкесінің ұстанымын қолдап, сенімін ақтауға тырысты. Оқуын бітіргенде жас маман еңбек жолын Жезқазған қаласының прокуратурасында стажер болудан бастап, көлік прокуратурасының тергеушісі болған, сөйтіп сатылап-сатылап қызметі жоғарылайды. Біраз тәжірибе жинақтаған жігіт елшілік қызметке ауысып, Пәкістан елінде тәжірибеден өтеді де, атташе қызметіне тағайындалады.
Арыслан Зейноллаұлының білімі мен кәсіби деңгейі ҚР Сыртқы істер министрлігінде, ҚР Министрлер Кабинетінде, ҚР Парламент Мәжілісінің Аппаратында қызмет атқарған жылдары айқындала түседі. Мол тәжірибе жинақтаған маман ғылыми жұмыспен шұғылданып, диссертациясын қорғайды, экономика ғылымдарының кандидаты атанады. Жинақтаған білімін оқу саласына жұмсауды көздеп, ойымен әкесімен бөліседі. Арысланның әкесі Зейнолла Молдахметұлы Молдахметов – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанда квантты химия мектебін алғаш қалыптастырған ғалым, қазақ жастарына сапалы білім беру мақсатында Қазақстан – Ресей университетін ашқан ректор. Бұл жаңа оқу орнының ұстанымы – студенттерге үздіксіз білім беру болса, осы жүйені қалыптастыру мен реттеу жұмыстарын Арыслан өз міндетіне алады. Сөйтіп, үлкен істің басы-қасында жүріп, өзінің үздіксіз білім беру туралы идеясын жүзеге асыруға кіріседі.
Шетелде іссапарда жүріп, А.З.Молдахметов үздіксіз білім беру оқу жүйесіне ерекше назар аударады, зерттей келе, толықтырып, дамытып, бұл бағытта бұрын елімізде болмаған өзінің оқыту технологиясын ұсынады: көпсатылы «лицей-колледж – ЖОО» кешенді үздіксіз оқу жүйесіне қосымша қашықтықтан оқыту әдісі қосылады. Сондай-ақ халықаралық білім беру мақсатында Англияның Кембридж мемлекеттік университетімен, БҰҰ штаб-пәтері жанындағы Халықаралық ақпараттандыру академиясымен, Вильнюс қаласының Еуропа гуманитарлық университетімен, Мәскеудің Шығыс Еуропа институтымен, Будапешт ашық білім институтымен, Ганновердегі Еуропа университетімен, сондай-ақ т.б. жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмастырды.
Оқу орнының ұжымы жұдырықтай жұмылып, үздіксіз білім беру концепциясын қолдануда құлшыныс танытты. Көпшілік болғасын сын айтқандар да болды, әрине, бұл қалыпты жағдай, әр адамның өз көзқарасы мен ұстанымы бар. Арыслан ағасына қолдау көрсеткендердің бірі, ұсыныстарын түгел қабылдап, жанашырлықпен жүзеге асыруға бар күшін жұмсаған бауыры Қанат Маратұлы Молдахметов болды. Жас маман оқу-әдістемелік кешеннің жүзеге асырылуында белсенділік танытып, өз үлесін қосты. Оқу процесін ұйымдастыру кезеңі мен ғимараттың салынуы бір-бірімен қабаттасып, үлкен қиындықтар туғызды. Осы кезең туралы Арысланның әріптесі және көмекшісі, профессор Ирина Аушева бұлай әңгімелейді: «Арыслан әкесі Зейнолла Молдахметұлын Қазақстан ғылымының негізін қалаушыларының бірі және бірегейі ретінде үлгі тұтатын. Әкесі Қазақстанның білім жүйесіне де айтарлықтай үлесін қосқан, еуропалық және әлемдік білім жүйесіне енуді мақсат тұтқан ғалым. Арыслан әкесінің ісін жалғастырып, алға жылжытуды өзіне парыз санады. Бұл ол үшін үлкен салмақ болды. Оқу-әдістемелік үрдісімен қатар университеттің жаңа оқу ғимаратын салу жұмыстарымен шұғылданды. Арыслан Зейноллаұлы Астананың аймағын жете білгендіктен, оқу ғимаратын Есілдің сол жағалауында, ескі орталық пен жаңа қаланың қиылысында салуды ұсынды. Университеттің бірінші ғимараты 2003 жылдың маусым айында пайдалануға берілді, бірақ бұл айтулы кезеңді көру Арыслан Зейноллаұлына бұйырмады: есіл азамат 2003 жылдың 10-мамырында дүниеден өтіп еді».
Арыслан Зейноллаұлының әріптестері басшысын үлкен қимастықпен еске алады. Оның кәсіби шеберлігі адамгершілік қасиеттерімен астасқан: әр адамды жеке тұлға ретінде құрметтейтін, ұжымда үнемі жұмысқа жайлы жағдай болуын қадағалап отыратын. Қасындағы әр адамға жанашырлықпен қарайтын басшы, әріптестерінен қолдан келген көмегін аямай, бар ықыласымен болысатын.
Профессордың білім беру саласына сіңірген қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, гуманитарлық лицейге Астана қаласы мәслихатының 2008 жылғы 1-қазанда қабылдаған шешімі бойынша А.З.Молдахметовтің аты берілді. Осы аталған жылдың 20-елтоқсанында мемориалдық тақтайшаның ашылу рәсімі өтті. Лицейдің оқу озаттары профессор А.З.Молдахметовтің анасы Фатима Смайылқызының қолынан ақысыз оқу сертификатын алады. Жыл сайын А.З.Молдахметов атындағы әр деңгейлі – халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіледі. Осы іс-шаралардың қай-қайсысы болсын, Арыслан Зейноллаұлының есімімен байланысты. Профессор Молдахметовтің феномені неде деген ойға еріксіз келіп тірелесің.
Гүлнаш БЕРЖАНОВА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері



