МӘМС: Жайдарманшы алғысын жаудырды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пайдалы екеніне күн сайын дәрігерлердің тексеруі мен көмегіне жүгінген қазақстандықтардың көзі жетуде. Соның ішінде, жоғары технологиялық жабдықтарды қолдану арқылы күрделі отаны, ота жасалғаннан кейінгі сауығу кезеңін басынан кешірген жандар үшін МӘМС жүйесіне қатысу тиімді болғаны анық. Өйткені мұндай қызмет түрлерін ақылы негізде алудың қиындығы көп, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, танымал жайдарманшы, әзілкеш, тележүргізуші және Jaidarman қозғалысының негізін қалаушы Есен Елеукеннің елордадағы №1 көпбейіндік қалалық ауруханаға жай ғана дәрігердің қабылдауына барған қадамы құтты болып, ауруының алдын алуға септігін тигізді. Аяғының ауырғанына шағымданып келген емделушіні ота жасалатын бөлмеге кіргізіп, ең заманауи диагностикалық жабдықпен тексерген соң, жедел оның қан тамырларына стендтеу жүргізілген. Кардиология бөлімінің меңгерушісі Сәбит Айнамқұлов мұндай ота дер кезінде жасалған жағдайда жүрекке қан таралуының жеткіліксіздігі жойылады және емделуші миокард инфарктісіне шалдықпайтынын айтады. Атап айтарлығы, емделушіге жасалған ота және одан кейінгі реабилитация кезеңіндегі емшаралар толықтай МӘМС шеңберінде жүргізілген.
«Қазақта ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қанатты сөз бар. Дер уақытында дәрігерлердің көмегіне жүгінсек, ол тезірек дерттен айығуымыздың кепілі болмақ. Ал МӘМС жүйесіне тіркелген әрбір адамның тез, сапалы ем-дом алуына жол ашылған» деп жазды Есен Елеукен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының Инстаграмдағы парақшасында.
Бүгінгі таңда елорда халқының саны 1 668 750 адам. Соның ішінде 234 850 адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған, олардың пайыздық үлесі – 14,1 пайыз. Ал МӘМС жүйесімен бас қала тұрғындарының 85,9 пайызы қамтылған.



