Көрме-жәрмеңке көпшілікті қызықтырды

Елордада бес күн бойы дүрілдеген «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аяқталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Qazaq Creative» креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған іс-шара баспагерлердің, қаламгерлердің, сарапшылар мен оқырмандардың басын бір алаңда тоғыстырды. Жалпы алғанда, көрме-жәрмеңкені 43 мыңға жуық адам келіп көрді.
Биылғы көрмеге 80-нен астам ұйым қатысты. Қатысушылардың жартысына жуығын қазақстандық баспалар құрады. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания сынды 15 елдің компаниялары өз өнімдерін ұсынды.
Іс-шара аясында қазақстандық және шетелдік авторлар шығармаларының, көркем, ғылыми-көпшілік және балалар әдебиеті жанрларындағы басылымдардың таныстырылымы, фотоальбомдар, мәдениет пен тарихқа арналған кітаптар, сондай-ақ жастар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған жобалар ерекше қызығушылық тудырды. Авторлармен кездесулер, қолтаңба сессиялары, арнайы тақырыптарды талқылау мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қоғамдық маңызы бар тақырыптар көтерілді. «Заң мен тәртіп» қағидатына орай күн тәртібіндегі мәселелерге де назар аударылды.
– Кітап оқыған адам саналы түрде ешқандай тәртіп бұзуға бармайды. Қоғамдағы тәртіпке әрбір адам баласы жауапты екенін де осы кітап арқылы санаға сіңіру керек деп ойлаймын, – деді бұл туралы белгілі ақын, «АЛЖИР» мемориалды музей-кешенінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы.
Астана қаласы Мемлекеттік архивінің қызметкері, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы тәртіп бар жерде заң орындалатынын айта келе, кітап оқудың маңызына тоқталды.
– Біздің ата-бабаларымыз дала заңымен тәртіпке бағына отырып, дұрыс өмір сүрді. Соның арқасында мемлекетіміз құрылып, осы күнге аман-есен жеттік. Заң мен тәртіп дегеннің өзі әр адамның жеке мәдениетіне байланысты. Ал адамның мәдениеті, ішкі руханияты қалай қалыптасады? Бұл кітап оқу, өзінің тарихын білу, өткенін бағамдап, саралау арқылы қалыптасады. Мәдениетті ұлтта тәртіп болады. Тәртіп болған жерде заң орындалады. Сондықтан ел ішінде тұрақтылықты сақтап, тыныштықты бұзбау, егемендігіміз бен тұтастығымызды берік ұстау үшін заң мен тәртіпті түпкілікті қалыптастыруымыз керек, – деді қаламгер.
Айтқандай, көрме-жәрмеңке барысында Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» романы таныстырылды. Бұл кітапта Ұлық ұлыс шежіресі, соның ішінде Батудың Батысқа жорығы тарқатылған. Автор кітап мазмұнына кеңінен тоқталып, Батудың Батысқа жорығының тарихи маңызы, кезеңдері мен дереккөздері туралы тың мәліметтермен бөлісті. «Бату хан» – қаламгердің бұдан бұрын жарық көрген «Жошы хан» романының жалғасы, «Ұлық ұлыс шежіресі» сериясымен шыққан екінші кітап. Автор бұл серияны әлі де жалғастырамын деп жоспарлап отыр.
Бес жыл бұрын Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы қала әкімдігінің қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап «Фолиант» баспасынан 30 астаналық қаламгердің кітаптарын шығарды. Соның арасында журналист, жазушы Жадыра Шамұратованың «Секундтар арасындағы шексіздік» кітабы да болды. Биыл аталмыш баспа бұл кітапты толықтырылған нұсқада қайта басты. Осы кітап та көрме-жәрмеңке барысында оқырмандарға жол тартты. Кітапқа енген новеллалар, әңгімелер мен хикаяттар – бүгінгі қоғамның жанды тамырын дөп басқан көркем туындылар. Автор адам тағдырын, қоғамдағы күрделі мәселелерді терең психологиялық иірімдер арқылы шебер бейнелейді. Аутизммен туған балалардың тағдыры, оларды қоғамның жатсынуы, әке мейірімінен қағылуы, құмар ойынның құрсауына түскен жандардың күйреуі, перзентке зар болған ананың мұңы, теріс ағымның жетегінде кетіп, жат жерде құрбан болған жастардың қасіреті кеңінен көрініс табады. Сонымен қатар қартайғанда қараусыз қалған ата-ананың тағдыры да оқырманды бейжай қалдырмайды. Замана шындығын көркем тілмен өрнектеген бұл шығарма оқырманды терең ойға жетелеп, қоғамдағы рухани құндылықтарды қайта бағамдауға шақырады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



