Көктемде кене қауіпті

Аса қауіпті инфекциялардың тасымалдаушысы болып табылатын кене әсіресе көктемде қауіпті. Олардан қалай қорғанудың жолдарын Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева түсіндіріп берді.
2025 жылдың 15 мамырына дейін Астана қаласындағы денсаулық сақтау ұйымдарына кене шағуына байланысты 168 адам жүгінген. Шағымдар, негізінен, сәуір-мамыр және тамыз-қыркүйек айларындағы эпидемиологиялық белсенді маусымға сәйкес келеді.
Маманның айтуынша, кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше тез арада жақын жердегі травмпунктке жүгіну қажет.
– Егер медициналық мекемеге жету қиын болса, кенені өз бетіңізше алып тастауға болады. Кейін алынған материалды зерттеу үшін Желтоқсан көшесі, 46-үйде орналасқан Ұлттық сараптама орталығының мониторинг зертханасына жеткізу керек. Кенені өз бетімен алу кезінде өте мұқият болу қажет, себебі кененің теріге кіріп кеткен тұмсығы теріде қалып қойса, бұл қолайсыз жағдай туғызады. Сондықтан кенені мүмкіндігінше тұтас күйінде, жыртпай алып тастау маңызды, – деді ведомство өкілі.
Маман Астана қаласында кене энцефалиті тіркелмегенін жеткізді.
– Дегенмен, орманға, табиғатқа, саяжайға демалысқа шықсаңыз, кененің теріңізге жетуіне жол бермейтіндей киініңіз. Кене адам денесіне түсіп, шағу үшін жұмсақ тері бөлігін іздеп, 2 сағатқа дейін денеде жүре алады. Әдетте бұл: құлақ арты, қолтық, мойын сияқты жерлер. Сондықтан шалбардың балағын шұлық пен аяқ киімге салып, жеңі мен жағасы тар киім кию ұсынылады, – деді Жанна Пралиева.
Кене шағу қаупін азайту үшін табиғатқа шыққанда денені толық жауып тұратын: ұзын жеңді көйлек, шалбар, жағасы мен жеңі тар киім киіп, киім мен ашық тері бөліктеріне кенеге қарсы арнайы құрал сеуіп отырған жөн.
Сондай-ақ мамандар серуеннен кейін адам өзін және балаларын мұқият қарап шығып, әсіресе, мойын, құлақ арты, қолтық, бел және тізе аймақтарына назар аударуы абзал екенін ескертеді.