Кәсіпкерлік өкілдері АЭС тиімділігіне сенім артты
Атом электр стансасын салу бойынша референдум алдындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Астанадағы кәсіпкерлік өкілдері арасында да жүргізілді. Кезекті жиынға «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік қауымдастығы, сауда нысандары өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық пікір иелері шақырылып, оған спикер ретінде «Астана-РЭК» АҚ күрделі құрылыс қызметі бастығының орынбасары Ғабиден Қанатов қатысты.
— Референдум алдында халыққа АЭС салудың тиімділігі мен қажеттілігін түсіндіру барысында көптеген сұрақтар туындайды. Осы сала маманы, инженер-электрик ретінде айтарым, Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 10 пайызды құрайды. Ал бұл жетіспеушілік 2034 жылға қарай 20 пайыз болады деген болжам бар. Қазірдің өзінде жетпейтін бөлігін көрші мемлекеттерден алып отырмыз. Энергия тапшылығы шарықтау шегіне жететін сәттерде оңтүстікке Қырғызстаннан, басқа өңірлер үшін Ресейден аламыз. Сырттан ток алуға жылына 100 млрд теңге шығын жұмсалады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да 2027-2030 жылдары еліміздегі электр энергиясы тапшылығы 15-20 пайызға жетеді деген болатын. Осы тапшылықты жою үшін бізге АЭС салу қажеттілігі артып отыр, — деді спикер.
Әлем бойынша экологиясы ең мықты ел Финляндияда 2 АЭС бар. Қытайда 26 АЭС жұмыс істеп тұр. Көршіміз Өзбекстан атом электр стансасын салуды бастап кетті. Оның үстіне Қазақстанда уран өндірісінің ауқымды болуы атом энергетикасын дамытуға әлеуетіміздің зор екенін көрсетеді.
— Экономикамыздың қарыштап дамуы үшін қазір шетелден инвесторлар тартуға басымдық берілген. Олар бізге көптеп келіп жатыр. Алайда мәселен, оңтүстікте өндіріс орнын салуға келгенде жер табылады, қаржы бар, тек электр энергиясының жетіспеушілігінен ірі-ірі жобалар тоқтап қалуда. Сондықтан атом энергетикасының осындай әлеуеті мен артықшылықтарын ескере келе баршаңызды алдағы референдумда АЭС салу мәселесі бойынша дұрыс таңдау жасауға шақырамын, — деді Ғ.Қанатов.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан «АЭС-ті кім салады, оның қауіпсіздігіне кім жауап береді, оның қаржысы дұрыс игеріле ме, неге бұрынғы бар энергия көздерін жаңғырта бермейміз?» деген бағытта сұрақтар қойылды.
-Қазақстанда инвестициялық жобалардың ауқымы артып келеді, оның өсуі экономикамызға жақсы әсер етеді. Электр энергиясын талап ететін қаншама зауыттар салынуда. Халықты ғана емес осындай кәсіпорындарды да электр қуатымен толық қамтамасыз ету үшін арзан әрі қауіпсіз, экологиялық таза электр қуаты ретінде атом энергетикасын ұсынып отыр. Оны ғалымдар мен инженерлер, экологтарымыз жан-жақты зерделеп, зерттей келе АЭС салудың артықшылықтарын алға тартуда. Менің ойым, бұл өте тиімді қуат көзі, оның біздегі энергия тапшылығын жоятынына да, экономикамызға оң ықпалын тигізетініне де сенемін, — деді «Ер-нұр көмек» мүгедектер қоғамдық бірлестігің төрағасы Айтуған Күзербаев.