Ел тынысы

Бас штабтың шифр шешушісі

9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтпек. Осыған орай, Ұлы Отан соғысының ардагері – атам Әбдіхамит Қоңырқұлжиновтың өз аузынан естігендерімді және ол кісі туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларды зерделей отырып, естелік жазуды жөн санадым.

Атамыз 1916 жылы қазіргі Ұлытау ауданы Амангелді-Қорғантас елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Қоңырқұлжа Ахмет ишаннан дәріс алған. Өзі ауылында 4 класс бітірген. 1930-1932 жж. ашаршылықта әкесі Қоңырқұлжаның інісі Жакейдің отбасымен бірге анасы екеуі Қарақалпақстанға қоныс аударыпты. Анасы Ақмоншақ сол Қарақалпақстанда қайтыс болған екен. Қайын атам 8 жасында әкеден, 16 жасында шешеден жетім қалған. 1932 жылы елде, Қарсақпайдың зауытына жұмысқа адам алып жатыр деген хабарды естіп, барлығы елге қайтады. Елге оралған соң немере ағасы, Жакейдің баласы Бодыман (Абжаппар) екеуі зауытқа жұмысқа барады. Жасы жетпегендіктен атамызды зауыттың өзіне алмай, Байқоңыр­дағы көмір шахтасына жұмысқа жібереді. Кейін теміржолда, зауытта көмекші слесарь етіп алады. Атамыз ФЗУ-да оқыған. 1935 жылы Семейдегі қаржы-экономика техникумына түседі. Орысша білмей барған ол бір жылдың ішінде орысшаны өте жақсы меңгергені сондай, орысша-қазақша аудармашы болып қосымша жұмыс та істеген. 1938 жылы партияға кандидаттыққа өтеді. 1939 жылы техникумды үздік бітіріп шығады. Атамыз математикаға өте жүйрік болған, кейін шифровальщик болғанда үлкен көмегі болған екен. 1939 жылы жоғары білім алсам деген арманмен құжатын Ленинградтағы финанс-экономика институтына жібереді. Көп ұзамай ол жақтан «Институтқа емтихансыз қабылдандыңыз. 1 қыркүйекте оқуға келіңіз» деген хабар келеді. Сонымен, тамыздың 25-інде атам Ленинградқа келіп оқуға кірісіп кетеді.

1939 жылы Ленинградта оқуды енді бастаған уақытта, Финляндиямен соғысы басталады. Атамның майдан даласындағы ерлік істері осы кезден басталған еді. Осы уақытта 1-курс студенттерін әскерге алу туралы бұйрық шығады. Атам орысшаны жақсы білгендіктен партияға кандидат болды, техникумды үздік бітірді, құжаттардың бәрі келіп тұрған соң, екі жылдық шифровальщиктердің курсына «Двухгодичный курс шифровально-штабной службы» Московского военного округа» жіберілді. Сөйтіп шифршы болатын 40 бала сапқа тұрады. Оның 39-ы орыс ұлты болса, жалғыз қазақ – Әбдіхамит Қоңыр­құлжаұлы атамыз. 1940 жылы «Чкаловское военное училищеде» партия қатарына өтеді. Атам Мәскеудегі Чернишев казармасында жүріп шифр жіберіп, қабылдап алатын деңгейге жеткен. Ол кездегі әскери округтің командирі атақты С.М.Будённый екен. «Қызмет бабымен Семён Михайловичтің өзіне өз қолыммен бір мәрте шифр апарып өткізгенмін» деп айтып отыратын еді. Атамның айтуынша, С.М.Будённыйдан ке­йін округке генерал Тюленов келген. Атақты Жуковпен де, Мерецковпен де осы жерде танысқан. Әскери қызметі аяқталып, енді елге кетеміз деп тұрған уақытта батыс шекарадан суық хабар жетеді. Бұл – 1941 жылдың маусым айы, Ұлы Отан соғысы басталған уақыт. Фашистік Германия батыс шекараға басып кіргеннен кейін 22 маусым күні сағат 7-де Жуков бастаған генералитет пойызы соғыс ошағына аттанады. Оның қасында 5 шифр шешуші болған. Соның бірі – біздің атамыз Әбдіхамит Қоңырқұлжаұлы.

1941 жылдың маусым айы­нан 1942 жылдың ақпанына де­йін оңтүстік майданда майдан штабының 8-бөлім бастығының орынбасары болады. 1942 жылдың ақпанынан 1946 жылдың ақпанына де­йін корпус штабының 8-бөлімінің бастығы болады. Атамыз құпиялық қызметте кадр­лық офицер, бар­лаушы болған. ­Иранда тыңшылық тапсырмамен 3 рет болған екен. 1947 жылы Сталиннің рұқсатымен отставкаға шыққан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Жоғары Президиумының 1944 жылғы 1 мамырдағы бұйрығымен «За оборону Кавказа» медалімен, 1945 жылы «За Победу над Германией» медалімен және елге оралған соң 1994 жылы «Медаль Жукова», 1985 жылы «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен, Ұлы Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен, т. б. марапатталған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлігі» қоғамдық деректер банкінен алынған нақты дәлелдейтін ақпарат барын растаймыз.

1947 жылы елге оралған соң Ұлытау, Жезді аудандарында партия қызметкері болып, аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқан.

Ұлы Отан соғысы жылдарында анамыз Райса Михайловнамен шаңырақ көтерген. Анамыз да атамызбен қатар соғысқа қатысып, 1945 жылы «За оборону Кавказа» және бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. Анамыз ұстаз болған. Ұлытаудан шыққан Төрегелді Шарманов, Камал Смайылов сияқты зиялы, елге танымал азаматтарға орыс тілінен сабақ берген. Ұстаздық еңбегі бағаланып, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Ата-енем 9 бала, яғни 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген.

Мен Әбдіхамит және Райса Қо­ңырқұлжиновтардың кенже ұлы Мараттың зайыбымын. Жолдасым 2009 жылы дүниеден озды. Бүгінде балаларыммен бірге Астана қаласында тұрамын. Немерелері Бауыр­жан, Бақытжан, Тоғжан жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша қызмет атқаруда. Отбасымызда атамыздың шөберелері Жантөре, Зере, Асыл өсіп келеді.

Кешегі алып мемлекет – Кеңес Одағында санаулы құпия құрас­тырушы, арнаулы маманның бі­рі – шифр шешуші жалғыз қазақ Ұлытаудың ұлы екенін бүгінгі ұрпақтың біліп, оның тарихи, рухани мәнін терең сезініп өсуі ел болашағының берік іргетасы деп білемін. Бұл – тек өткенге тағзым емес, ұлттық сананың, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

 Гүлназия САБЫРҚЫЗЫ,

Астана қаласы №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button