Қоғамдық кеңес назарында — маңызды нысандар
Астана қалалық Қоғамдық кеңесі өкілдері елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы нысандарына барып, олардың бүгінгі жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Алдымен кеңес мүшелері қаладағы «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры» ҚҚ орналасқан «Qamqor” қоғамдық бірлестіктер коалициясы ғимаратына барып, мұндағы 4 емдеу, оңалту орталығының жағдайын білді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова осы бағытта атқарылған шаруалар туралы баяндады.

-Басқарма жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырады. Бүгінде қала бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 8 ҮЕҰ жұмыс істейді. Орталықтарда әзірленген стандарттар шеңберінде қызметтердің толық кешені көрсетіледі. Үкіметтік емес мекемелер мынадай бағыттар бойынша бөлінеді: психоневрологиялық патологиясы бар балалар, аутизм спектрі бұзылған балалар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар, жалпы аурулары бар I, II топтағы мүгедектер және психоневрологиялық патологиясы бар I, ІІ топтағы мүгедектер. Бұл мекемелер жыл сайын 3000-нан астам адамды қамтиды,- дейді А. Таласова.

Аталған ұйымдар аялдама, инва-такси қажеттілігі, арнайы жер телімін бөлу бойынша мәселелерін ортаға салды.

Одан әрі топ «Тұңғыш Президент» гүлзарына, «Ататүрік», «Жерұйық» парктеріне барды. Мұндағы жұмыстар туралы Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің мамандары баяндап, парктердегі ағаштарды цифрландыру, яғни әр ағашқа құжат беру жұмыстары және басқа да көрсетіліп жатқан қызметтер туралы ақпарат берді.



