Абыройлы міндет

0 50

Биыл мемлекеттік қызметшілер күні алтыншы рет өтіп отыр. Мемлекеттік қызметші болу көп адамның қолынан келмейді. Ол үшін асқан жауап­кершілік пен кәсіби білім, біліктілік қажет. Қазір еліміздің дамуына бағытталған қаншама бірегей стратегия­лық бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Солардың тиянақты орындалуына мемлекеттік қызметшілердің қосып отырған үлесі зор. Осы айтулы күні біз мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ жас мамандардың пікірін беруді жөн көрдік.

Айгерім Абдиева,
Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментінің маманы:

– Мемлекеттік қызмет – ел тағдырының, оның өсіп-өркендеуіне, экономикалық, саяси, идеологиялық дамуына тікелей әсер етеді. Мемлекеттік қызметкердің сана-сезімі жоғары, парасатты, ойлау, пайымдау, саралау қасиеті терең, адамгершілігі мол, білімді, елдің, халықтың қамын жасаушы, олардың мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қоюшы, әділетті азамат немесе азаматша болуы керек.
Бүгінгі қазақ елінің жастарының бойында осындай асыл қасиеттер бар, себебі олар жаһандану заманында дүние жүзі мемлекеттерінің даму процесін жақсы түсінеді, біздің мемлекетіміздің артықшылықтары мен кемшіліктерін сараптай біледі. Сондықтан мемлекеттік қызметке тек қана жастарды шақыру қажет. Қазіргі жастар ғылым мен техниканы меңгере отырып, рухани жаңару барысында әдебиет пен тарихтың, өнердің даму процестерімен сусындаған. Жастардың бойында туған елге деген патриоттық сезім қалыптасқан.
Жастарымыз өз халқын сүйеді, ұлттық намыс­ты жете түсінеді, көп ұлтты мемлекетімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың тарихын, салт-дәстүрін қастерлей біледі, аға ұрпақтың жүріп өткен өмір жолын сыйлай біледі.
Жастарды мемлекеттік қызметке шақыру барысында олардың алдына елдің даму процесін нығайту жолында айқын талап, міндет, жоспар қойылса, жастар абыроймен атқаруға талпынады және орындайды. Жастарға сенім арту да абыройлы іс деп білемін.

Ханымгүл Қожабекова, Нұр-Сұлтан қаласы
Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы:

– Мен өз еңбек жолымды 2011 жылдың қыркүйегінде жастар тәжірибесі бойынша маман ретінде бастадым. 2012 жылдың ақпан айынан 2013 жылдың шілде айы аралығында есеп технигі болып жұмыс атқардым. 2013 жылдың 19 шілдесінде конкурстың нәтижесі бойынша Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы әкімшілік мемлекеттік лауазымына қабылдандым. Мемлекеттік қызметте жан-жақты дамуыма және мансаптық өсуіме барлық жағдай жасалатындығына сеніммен келдім. 2017 жылдың 14 тамызында меритократия қағидасына сәйкес Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы лауазымына тағайындалдым. Меритократия қағидаларын нығайту маған бірнеше жыл ішінде басшылық лауазымға өтуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жас мамандарға өсіп жетілуге және барлық бағытта дамуына үлкен мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе айтарым, өз қызметімді адал атқару, әріптес­терімді қолдау, өзара түсіністік пен ортақ мүдделері бар топтың құрамында болу – мен үшін бақыт.

Нұрман Таңатов,
Мемлекеттік кірістер комитеті Орталық кеден зертханасының ғылыми-әдістемелік жұмыс, ішкі аудит және метрология бөлімінің басшысы:

– Мен мемлекеттік қызметке 2018 жылдың 18 қаңтарынан бастап ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Орталық кеден зертханасының Материалтанушылық сараптама бөліміне бас маман болып келіп, былтырғы 11 қарашадан бастап осы құрылымның ғылыми-әдістемелік жұмыс, ішкі аудит және метрология бөлімінің басшысы болып тағайындалдым.
Мемлекеттік қызметте жұмыс жасап жүргеніме қысқа уақыт өтсе де, мемлекеттік қызметтің қандай жауапты міндет екенін түсіндім.. Негізінде мектеп табалдырығында оқып жүрген сәттен бастап мемлекеттік қызметкер атану менің басты арманымның бірі болатын. Сол арманымның орындалуына себепші болған барлық жұмыстағы әріптестеріме ризашылығымды және алғысымды білдіре отырып барлығын мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді!
Мемлекеттік қызметті таңдауымның негізгі себептерінің бірі ол – еліміздің гүлденіп, шырайланып дамуына өзімнің тамшыдай болса үлесімді қосу. Сен жасаған жұмыстар арқылы белгілі бір топ немесе қоғам өкілдерінің өмірін жақсы тұсқа өзгергенін көру адамда сүйіспеншілік және мақтаныш сезімін тудырады, сондықтан да елге қызмет көрсету әрбір азаматтың отан алдындағы борышы дей отырып, жұртымыздың жастарын мемлекеттік қызметті таңдауға шақырамын!

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 7 =