«Өзіңнен баста»

Астанадағы Триатлон паркінде, «Арқар» көпірінің астында «Өзіңнен баста» әлеуметтік-спорттық жобасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
«Өзіңнен баста» – елорда тұрғындарына арналған тегін әлеуметтік-спорттық жоба. Оның негізгі мақсаты-халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және жастарды белсенді өмір салтына ынталандыру. Жобаның ұйымдастырушысы, MMA бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай қатысушыларды белсенді өмір салтын ұстануға шақырды.
«Біздің мақсатымыз – әр адамға спортқа алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беру. Ең бастысы – ниет пен өзіңді өзгертуге деген талпыныс. Үлкен жетістіктер әрқашан өзіңнен басталады. Деніміз сау, рухымыз мықты болса, еліміз де қуатты болады. Баршаңызды белсенді өмір салтын ұстануға шақырамын. Алға, Қазақстан!» – деді Василий Тахтай.
Мерекелік бағдарлама барысында әнші Максим Ержан «Армандастар, құрдастар» әнін орындады. Сонымен қатар, «Zazan» ансамблі би қойылымын ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара барысында қатысушылар үшін түрлі ойындар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан азаматтарға сыйлықтар табысталды. «Өзіңнен баста» жобасы тұрғындарды спортпен тұрақты айналысуға шақырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бастама ретінде өз жұмысын жалғастырады.
Жанерке Сайранбайқызы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ журналистикасы факультетінің 2-курс студенті



