Бәйге жеңімпазы пәтер ұтып алды

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 50-ге жуық таңдаулы тұлпар мен тәжірибелі шабандоз қатысып, «Құнан», «Топ» және «Аламан» бәйгелері бойынша бақ сынады. Ұлттық спорт мерекесін 8500-ден астам көрермен тамашалады.
Жарыс қорытындысы бойынша «Құнан» бәйгесінде Алматы облысы Балқаш ауданынан Мерей Гарипулиннің «Бақторы» тұлпары жеңімпаз атанды. Екінші орынды Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Алтынбек Жантөренің «Тауқасқасы» иеленсе, үшінші орын Астана қаласының өкілі Лесбек Дамирдің «Нұршашу» тұлпарына бұйырды. «Топ» бәйгесінде де Алматы облысы Балқаш ауданынан келген Мерей Гарипулиннің «Қарағашы» топ жарды. Екінші орынды астаналық Лесбек Дамирдің «Ақкөзі» иеленсе, үздік үштікті астаналық Кемекбай Бекалының, «Бақкелді» тұлпары түйіндеді. Ал ең тартысты өткен 25 шақырымдық «Аламан» бәйгеде Алматы облысының намысын қорғаған Әлижан Мансұр тақымдаған «Бүркіт» тұлпары мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Павлодар облысы Баянауыл ауданынан келген Бекбатыр Нұрасылдың «Айманы», үшінші орынды Алматы облысы Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипулиннің «Шалқұйрығы» иеленді.
Өз кезегінде Әлижан Мансұрдың бапкері Әділет Ноқатай бұл жеңіс ұзақ дайындықтың нәтижесі екенін айтты.
– Астанада бәйге болады дегеннен кейін атымызды дайындап, үмітпен келдік. Осыдан бір апта бұрын Алматы қаласында жаңадан ашылған Nomad Arena атшабарында бірінші орын алып, Kia K5 автокөлігін ұтып алған едік. Араға бір апта салып Астананың төріне келіп, үй ұтып алып жатырмыз, – деді ол.
Мәдина ІЗЕКЕНОВА



