Сексеннің сеңгіріндегі ақын

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Серік Тұрғынбекұлы мерейлі 80 жасқа толып отыр. Ақын өзінің саналы ғұмырын елдің сөз өнеріне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арнап келеді. Сол себепті бұл – оның ғана емес, қазақ руханияты үшін маңызды белес.
Серік Тұрғынбекұлы – поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы ерте қалыптасқан қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Махамбет сыйлығының» иегері. Оның өлеңдері терең ойға, ұлттық рухқа, адамгершілік құндылықтарға негізделген. Ақын шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, халық тағдырына деген жанашырлықты айқын байқауға болады. Оқырманның айрықша ықыласына бөленген ол – қастерлі поэзия арқылы ұлтының жаны мен болмысын жеткізе білген тұлға.
Серік ақынды мерейтойымен құттықтау үшін шаңырағына барғанымызда, әсіресе, қазақтың ұлы композиторлары Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, ақиық ақындар Мұқағали Мақатаев пен Кеңшілік Мырзабеков жайында шерткен естелігі ерекше есте қалды.
Ағамыздың айтуынша, бір күні Шәмші Қалдаяқов мейрамханаға барған. Есік алдындағы полиция қызметкерлері оны ішке кіргізбей қояды. Себебі оның киімі өте қарапайым, қазіргі тілмен айтқанда «дресс-кодқа» сай келмеген екен. Ал сол сәтте мейрамхананың ішінде дәл Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалып жатады. Содан Шәмші ағамыз: «Бұл – менің әндерім» деп айтса да, ешкім сенбеген. Кейін жеке құжаттарын көрсеткенде ғана оның шынымен атақты сазгер екенін түсінеді. Сонда полиция қызметкері: «Сіз шынымен Қалдаяқовсыз ба?» деп сұрағанда, Шәмші ағамыз кішкене тұтығып, сәл кідіріп: «Почти Қалдаяқовпын» деп жауап берген екен. Осыдан кейін оның жолдастары әзілдеп, «Почти Қалдаяқов» деп атап кеткен көрінеді.
Сонымен қатар, бізді ерекше таңғалдырған дүние – ол Серік ағамыздың үйіндегі жеке кітапханасы. Сан түрлі мұқабалы қазынаға толы рухани бұрыш ақынның білімге, әдебиетке деген шексіз құрметінің айғағы іспетті. Әр кітап – оның өмір жолындағы бір белес, бір ойдың куәсіндей.
Астана қаласы Мемлекеттік архивінің жеке тектік қорындағы Серік ағамыздың Астана туралы толғауы да ақынның ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің көрінісі.
Аталған қорда Серік Тұрғынбекұлының 2006 жылғы 8 ақпандағы санында «Сырбай мен Ғафудан сабақ алдым, ақындық тұсауымды Мұқағали кесті» деген «Арқа ажары» газетіне берген сұхбаты бар екен. Ақынның қай әңгімесі болмасын кейінгі ұрпақ үшін тағылымға толы нағыз рухани азық. Жылы жүздесу біз үшін де үлкен өнегелі әсер қалдырды. Серік Тұрғынбекұлының шығармалары ғана емес, өмірлік тәжірибесі мен парасатты пайымы да құнды мұра.
Рита ӘЛІБЕКҚЫЗЫ,
Астана қаласы Мемлекеттік архиві
ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және іс-шараларды өткізу бөлімінің басшысы



