Әлеумет

Ізгі істердің орталығы

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласы Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы №6 және №8 бөлімшелерінде оңалту кезеңінде жүрген қызмет алушыларға мерекелік сыйлықтар табысталған болатын.

Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 640 психоневрологиялық патологиясы бар, мүгедектігі бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға және психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға үй жағдайын­да арнаулы әлеуметтік қызметтер және ұйқысыз және тамақтанусыз 4 сағатқа дейін жартылай стационар жағдайын­да оңалту қызметтерін көрсетеді.

Іс-шараның мақсаты – қызмет алушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, оларға әлеуметтік және рухани қолдау көрсету. Сыйлықтар табыстау барысында қатысушыларға ізгі тілектер мен жылы лебіздер білдірілді.

Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Нұра ауданы бойынша филиалының үйлестірушісі Ләззат Өтеғұл ой-пікірімен бөлісті.

– 2019 жылдан бері «Күміс волонтер» болып істеп келеміз. Қатарымызда 100-ге тарта «Күміс волонтер» бар. Бұл орталыққа «Жаңа жыл», «Балалар күні» сияқты т.б. мерекелерде келіп құттықтап, мейірім сыйлау заңдылыққа айналды. Біздің мақсат – ұрпақтар сабақтас­тығын жалғастыру. Қайы­рымдылықтан басқа, табиғатты сүюге, тарихты білуге атсалысып келеміз. Қоғамдық орталарда, жастарға ата-бабаларымыздан келе жатқан адамдарға жақсылық жасау жайын айтып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау­ды көздейміз. Өйткені ұлттық құндылық бәрінен маңызды. Біздіңше, ата-әжелеріміз қайы­рымдылық жасауға ынталы. Сол себепті де демеушілер іздеп, балаларға әртүрлі сыйлықтар әкеліп, қуантып, мәз-мейрам етуге тырысамыз, – деді Ләззат Дүйсебайқызы.

«Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – мүмкіндігі шектеулі балалар мен жеткіншектерге кешенді медициналық-педагогикалық оңалту көмегін көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне, қанат қағып, дамуына жан-жақты жағдай жасап отырған алтын ұя, мейірімділік пен үміт мекені.

«Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 8-бөлім меңгерушісі Айгүл Бейсенова өз ойын ортаға салды.

– Бөлінген күнтізбе бойынша екі бөлімшеден іс-шаралар өткізеді. Бұл жолы 6-8 бөлімше біріктік. Әр жолы спикерлер, қонақтарымыз келіп тұрады. Бұл жолы – «Күміс волонтерлеріміз» келіп қатысты. Негізінен, олар ұдайы келіп, өз сыйлықтарын беріп, белсенді қатынасады. Осылайша балаларды қуантып, ем-шараларын жасап жүрген жағдайымыз бар, – деді ол.

Сондай-ақ аталған орталық күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстырды. Өйткені көпшілік мұндайы қайырымдылық мекендерін бірі білсе, бірі білмейді. Ал атқарылып жатқан игі істер ұшан-теңіз.

– Негізі бізде әртүрлі бағытта мамандарымыз бар. Дәлірек айтқанда, логопед, массажист, психолог, музыка терапевт білікті мамандарымыз жұмыс істейді. Сонымен қатар, ата-­аналарға да іс-шаралар ұйымдас­тырылады. Арнайы психолог келеді. Мерекелік концерт ұйымдастырамыз. Шеберлік сағаттары да өтеді. Сан алуан мәдени шаралар өтеді. Біздер қоғамға өз үлесімізді қосып, мейірім шуақты көбейтіп, ізгі істерге септігімізді тигізуді көздейміз, – деп түйді Айгүл ­Бейсенова.

Нақтырақ айта кетейік, бұл орталықта 8 бөлімше бар. Медициналық көмек бойынша, емдік дене шынықтыру, массаж, физиотерапия, тұз шахтасы, сенсорлық бөлме және сумен емдеу (гидротерапия) процедуралары жасалады. Педагогикалық көмек бойынша, логопед, дефектолог және эрготерапевт мамандары балалардың сөйлеу тілін, ойлау қабілетін және ұсақ моторикасын дамытады. Психологиялық көмек бойынша, психологтар балалармен де, олардың ата-аналарымен де жұмыс істеп, эмоционалды қолдау көрсетеді, тренингтер өткізеді. Әлеуметтік-тұрмыстық көмек бойынша, ерекше жандарды өз-өзіне қызмет етуге (киіну, тамақтану, гигиена сақтау) және ортаға бейімделуге үйретеді. Еңбек және шығармашылық бағыт бойынша, қолөнер, сурет салу, қыш құю (гончарное дело) және тігін үйірмелері арқылы кәсіби дағдыларды қалыптастырады. Мәдени және спорттық көмек бойынша, концерттер, мерекелік іс-шаралар, театрларға бару ұйымдастырылады және арнайы спорттық жарыстар өткізіледі. Заңгерлік кеңес бойынша, мүгедектігі бар жандар мен олардың отбасыларына тиесілі жәрдемақылар, құқықтар мен жеңілдіктер бойынша тегін заңгер көмегі беріледі.

Түйіндей келе, бұл орталық әр балаға мейірім шуағын төгіп келеді. Балалардың ата-аналарымен де, белсенді жұмыстар жүргізіледі екен. Міне, осындай игі іске мұрындық болушылар қатары көбейсе, жомарт жандар көбейсе, қоғам ешнәрседен кенде болмайты анық.

Олжас  МҰРАТБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button