ӘлеуметЕл тынысы

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің ең қастерлі белгілері

Мемлекеттік рәміздер күні – әрбір қазақстандық үшін ерекше мәні бар күн. Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің, мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігінің айқын көрінісі. Бұл рәміздер халқымыздың тарихын, рухын, арман-мұратын және болашаққа деген сенімін бейнелейді. Елтаңбамыз ұлттық құндылықтарымыз бен бірлігімізді дәріптесе, Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін оятады.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – заң талаптарын орындау ғана емес, бұл – туған елге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Әсіресе жас ұрпақтың бойында рәміздерге деген құрметті қалыптастыру маңызды. Өйткені ел болашағы өз мемлекетін қадірлейтін, оның құндылықтарын бағалайтын азаматтардың қолында. Сондықтан әрбір азамат көк Туымызды мақтан тұтып, Елтаңбамызды қастерлеп, Әнұранымызды асқақ рухпен орындауы тиіс. Әнұран белгілі бір рәсім кезінде ғана шырқалатын ән емес, ол – халықтың рухын көтеретін, елдік сананы нығайтатын, Отанға деген сүйіспеншілікті оятатын қасиетті құндылық. Әнұран орындалған сәтте әр азамат өзінің Қазақстан атты қасиетті шаңырақтың бір бөлшегі екенін терең сезінеді.

Әлемдегі барлық мемлекет өзінің мемлекеттік рәміздерін ерекше құрметтейді. Өйткені рәміздер – елдің тәуелсіздігін, тарихын, ұлттық болмысын және мемлекеттік тұтастығын айқындайтын қасиетті белгілер. Қазақ үшін де Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран жай ғана ресми атрибуттар емес. Олар – ғасырлар бойы азаттық аңсаған арманның, бабалардың аманаты мен бүгінгі тәуелсіздіктің символы. Сондықтан көк байрақ көтерілгенде немесе Әнұран шырқалғанда әр қазақтың жүрегінде туған еліне деген мақтаныш сезімі оянуы тиіс. Бұл – ұлтты ұйыстыратын, мемлекетшілдік сананы нығайтатын рухани күш.

«Бақ бағалағанның басында тұрады» дейді халқымыз. Бүгінде әлемде өз мемлекеті жоқ, өз туын көтере алмай жүрген қаншама халық бар. Ал қазақтың маңдайына тәуелсіз ел болып, Көк Туын көкте желбіретіп, Әнұранын әлемге асқақтата шырқату бақыты бұйырды. Ендеше осы бақтың қадірін білу – әр азаматтың парызы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – тәуелсіздікті құрметтеу, ал тәуелсіздікті бағалау ата-баба аманатына адал болу деген сөз. Осыны естен шығармайық.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ,

ақын, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button