Жазғы демалыс орны ашылды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық және көркем шығармашылық орталығы» Мерекелік шара ұйымдастырды. «Art & Tech Жаз» атаумен өткен шара «Білім парк» филиалының спорт алаңында өтті. Мерекелік іс-шара балаларға қуаныш сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

– «Art & Tech Жаз» демалыс лагерінің I маусымының салтанатты ашылуы өтті. Мұнда балалардың жазғы демалысын тиімді әрі мазмұнды өткізу жоспарланған. Шара аясында орталығымыздың тәрбиеленушілері дайындаған сәндік-қолданбалы өнер және қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Көрмеде жас шеберлердің шығармашылық ізденісі мен талантының нәтижесінде жасалған түрлі жұмыстар көрсетілді. Сондай-ақ, ардагер ұстаз, Суретшілер Одағының мүшесі, автопортрет жанрының майталманы Ақылбек Қабенұлы балаларға шеберлік сыныбын өткізді. Қазіргі уақытта үш жүзге жуық баланы қамтып отырмыз, -деді «Техникалық және көркем шығармашылық орталығы» директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Әбуова.

Жиырма жеті мектеппен бірлесіп қызмет атқаратын орталықта отыз жеті үйірме жұмыс жасап тұр.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



