Әлеумет

Астанада ІІІ халықаралық клоундар фестивалінің шеруі басталды

Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанада III Халықаралық клоундар фестивалі басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мерекелік шараның алғашқы бөлігі ретінде “Нұрлы жол” стансасынан шыққан өнерпаздар елорданың басты символдарының бірі – «Бәйтерек» монументі алаңына жетті. Клоундар шеруі дәл осы жерден жолға шықты. Түрлі-түсті костюм киген өнерпаздар мен фестиваль қонақтары қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, «Ғашықтар» саябағына дейін жүріп өтуде.

Фестиваль балаларға мерекелік атмосфера сыйлауға, отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға және қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық шығармашылық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Биылғы фестивальге өнер әлемінде кеңінен танылған Мұтырғановтар отбасы, Қазақстанның әр өңірінен келген өнерпаздар, сондай-ақ Дания, Италия, Франция, Аргентина және Ресейден келген шығармашылық ұжымдар қатысуда.

Шеру барысында көрермендер ерекше сахналық бейнелерді, цирк өнерінің элементтерін және клоундардың интерактивті қойылымдарын тамашалай алады.

Фестивальдің негізгі концерттік бағдарламасы кешке Тұран даңғылы, 2/6 мекенжайында орналасқан Амфитеатр сахнасында өтеді. Концерт барысында балалар мен отбасыларға арналған қойылымдар, сахналық көріністер және мерекелік нөмірлер ұсынылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, III Халықаралық клоундар фестивалі балалардың мәдени-шығармашылық дамуын қолдауға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және елордадағы мерекелік мәдени ортаны дамытуға ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button