Жалған терезе орнатамын деп алдаған алаяқ ұсталды
Елордада Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері пластик терезе орнату қызметін ұсынамын деп, «OLX» қосымшасында жалған хабарландыру жариялау арқылы алаяқтық жасаған 34 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Күдікті жәбірленушілерден алдын ала төлем ретінде 70 пайыз ақшаны алған немесе бөліп төлеуді рәсімдетіп, қаражатты иемденгеннен кейін байланысқа шықпай, ізін суытқан. Ал алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Келтірілген шығын көлемі 120 мыңнан астам теңгені құрайды. Сондай-ақ, тергеу барысында күдіктінің 18 эпизодқа қатысы бары анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр, ал аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және ақша аударудан бұрын ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет.



