Бас қалада Қазақстандық эндоскопиялық қоғамның жиыны өтуде
Астанада эндоскопия, онкология, хирургия және гастроэнтерология саласындағы жетекші мамандардың басын қосқан Қазақстандық эндоскопиялық қоғамның жиыны өтуде. Қатысушылар асқазан-ішек жолы ауруларын диагностикалау мен емдеудегі эндоскопияның заманауи мүмкіндіктерін, сараптамалық визуалды диагностиканы және аз инвазиялық емдеу әдістерін дамыту мәселелерін талқылауда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде Қазақстанда 400-ге жуық эндоскопист дәрігер жұмыс істейді, жыл сайын шамамен 1,5 млн эндоскопиялық зерттеу мен араласу жүргізіледі. Бұл бағыттың дамуы обыр алды өзгерістер мен онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға, сондай-ақ ағзаны сақтайтын және аз инвазиялық емдеу технологияларын кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының сараптамалық эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Батырбеков атап өткендей, заманауи эндоскопиялық технологиялар онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауда жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Оның айтуынша, бұрын ашық хирургиялық операцияларды талап еткен көптеген араласулар бүгінде эндоскопиялық әдіспен — тіліксіз, жарақаттылығы төмен, емдеуде жату мерзімі қысқа және пациенттердің тез қалпына келуімен орындалуда.
Іс-шара шеңберінде тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. Форумның екінші күні жоғары технологиялық эндоскопиялық операциялардың тікелей эфирдегі live-трансляциялары жоспарланған. Мамандар өңеш, асқазан және ішек аурулары кезінде эндоскопиялық шырышасты диссекциясы мен өзге де аз инвазиялық араласулардың орындалуын бақылай алады.

Жиынның жеке бөлігі заманауи эндоскопиялық жабдықтар мен диагностика және емдеуге арналған инновациялық шешімдер көрмесіне арналды. Ұсынылған технологиялар аз инвазиялық медицинаның одан әрі дамуын және отандық денсаулық сақтау жүйесінің онкологиялық және гастроэнтерологиялық аурулармен күрестегі мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын көрсетеді.



