Өнегелі өмір жолы

Мектептегі соңғы қоңырау мерекесі жақындап қалды. Үлкен өмірге қадам басатын түлектер үшін бұл – маңызды күн. Жылдар өте келе белгілі бір мамандық иесі атанатын олар білім нәрімен сусындандырған мұғалімдерін қазіргі біз сияқты алғыс сезімімен еске алатыны сөзсіз. Сондай алғыс айтуға тұрарлық ұлағатты ұстаздардың бірі – өмірінің 52 жылын, яғни жарты ғасырдан астам уақытын бала оқытуға арнаған жақсы жар, ардақты ана, немерелерін әлпештеген әже Хамила Әлбатырова.
Қарағанды қаласында Құлбек ұстаздың шаңырағында Ұлы Отан соғысының басталуына бір айдай уақыт қалғанда дүниеге келген кейіпкеріміз бұл күндері мерейлі 85 жасқа келіп отыр. Әке жолын қуып, мұғалімдік жолды таңдады. Шортанды, Ақкөл, Сілеті аудандарының, Астана қаласының №3 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбектенді. Өмірлік серігін де өзі қызмет істеген мектебінен тапты. Кеңес орта мектебіне жұмысқа келгенде жас ұстаз Еркін Дәуешұлымен танысып, «екі жарты – бір бүтін» болды. Қос мұғалім алты перзент өсіріп, ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырды. Биылғы күзде отбасы болғандарына бақандай 63 жыл толады. Осы уақыт бойы «әй-шәй» деспей ғұмыр кешіп, ұрпақтарының қызығын көріп отыр.
Жұбайы мұғалімдік пен мектеп директорлығынан кейін Сілеті аудандық партия комитеті идеология бөлімін басқарып, Ақкөл аудандық Білім бөлімінің басшысы болды. Еркін Дәуешұлын сөзге тартқанымызда ол «Зейнетке шыққанға дейін бес елді мекенде абыройлы қызмет атқарып шықтым. Соған жағдай жасап, үй шаруасын, бала тәрбиесін толығымен мойнына алғам зайыбым Хамила Құлбекқызының арқасы» деді.
Иә, Хамила мұғалім жары үлкен қызметтерде жүргенде өмірлік серігі отбасына алаңдамайтындай жағдай жасады. Бастапқыда баспана мәселесі де болды. Соған да шыдап, тұңғыштары Гүлнарды өздері әупірімдеп жөндеп алған, терезе-есіктері ескіріп, едені тозуға айналған үйде тұрғандарында дүниеге алып келді.
Қазір «Орта білім беру ұйымдарында сынып жетекшілігі туралы» деп аталатын арнайы ереже бар. Соған сәйкес бұл қызметтің мақсаты – балалардың жан-жақты дамуын ынталандыру, оқушылардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына жағдай жасау, ата-аналармен немесе басқа да заңды өкілдермен өзара байланыс орнату және оларды оқу мен тәрбие процесіне тарту деп айқындалған. Ал сынып жетекшісінің міндеттеріне салауатты өмір салтына ынталандыру, азаматтық пен патриотизмге, өз Отанын сүюге, табиғатты қастерлеуге тәрбиелеу, отбасы ара-қатынасын нығайту, үлкендерге құрметпен қарауға тәрбиелеу, сыныпта достық ортаны, өзара түсіністікті құру, білім алушылардың басқаларға деген жауапкершілігін, ұжымда жұмыс істей білуге баулу, білім алушылардың өмір сүру жағдайларын білу, т.б. жатады.
Кеңес заманынан бері қарай сынып жетекшісіне қойылатын талаптар бұдан артық болмаса, кем болмайтын. Айтпағымыз, Хамила Құлбекққызы сынып жетекшілігін жақсы жүргізе білді. Соның арқасында істеген мектептерінде көптеген сынып түрлі жарыстарда топ жарып жүрді. Хамила мұғалім аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да араласты. Жалпы алғанда, осы комитетке екі рет сайланды. Білім саласының үздігі дәрежесіне жетті. Шәкірттерінің арасынан әр салада еңбек етіп, басшылық қызметтерге жеткен азаматтар шықты. Бұл қатарда энергетик Еркебұлан Тілеулесұлы, мемлекеттік қызметкер Марат Еркінұлы, т.б. есімдерді атап өтуге болады.
Жоғарыда жазғанымыздай, алты баланы дүниеге әкелген Хамила Құлбекқызы – «Күміс алқа» иегері. Тұңғыштары Гүлнар – кәсіпкер, Гүлшат – мемлекеттік қызметкер, Динара – полиция полковнигі, Марат – ғылым кандидаты, Әлия – ғылым докторы, Әсем қаржы саласында еңбектенеді. Жұбайы Еркін Дәуешұлы – бұл күндері қадірменді қария, Білім саласының үздігі, Ақкөл ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. Бүгіндері екеуі 11 немере, 5 шөбере көріп отыр. Осы отбасы 2019 жылы Астана қаласы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, екінші орынды иеленді. Бұл жүлде талай жайттан хабар береді деп ойлаймыз. Соның бәрі – отбасын айрандай ұйытып отырған Хамила Құлбекқызының ақыл-парасатының бір биігі.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



