Үздік полицейлер марапатталды

Бас қалада салтанатты іс-шара өтті. Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев Өңірлік экологиялық саммитті өткізу кезеңінде қызметтік міндетін кәсіби деңгейде атқарған қызметкерлерді марапаттады.
Ерекше көзге түскен қызметкерлерге медальдар, төсбелгілер, алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды. Ал Ақтауда өткен жазғы президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионатында «жүзуден үшсайыс» және «жүгіруден үшсайыс» дисциплиналары бойынша бірінші орынды Патрульдік полиция полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Аяужан Алтаева иеленді. Сайыс қорытындысы бойынша спортшы ұлттық құрама сапына еніп, 2026 жылғы әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғамақ. Сонымен қатар Жедел қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлері тапаншадан практикалық ату бойынша Қазақстан Республикасының кубогында жоғары нәтиже көрсетті, кәсіби дайындығының жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, «classic» санаты бойынша командалық есепте 1-орынды қанжығалады. Жеке есепте полиция капитаны Дархан Жексембинов жеңімпаз атанса, 2-орын полиция майоры Ерлан Базарбаевқа, 3-орын полиция майоры Медет Слямғазинге бұйырды.



