
Қазақтың Қалаубек Тұрсынқұлов деген қарымды қаламгері болды. Көркем прозаға да, деректі дүниеге де молынан олжа салды. Тартымды жазатын. Жазғанын жұрт іздеп жүріп оқитын. Мінезі де жұртқа жайлы еді. Абырой-беделі ешкімнен кем емес-ті. Өзі Оңтүстіктің оғыланы. Қазығұрттың қыраны. Бірақ көршілес Қызылорданың педагогикалық институтында оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Сөйте тұра барлық шығармасын қазақ тілінде жазды. Әсіресе деректі прозаны жоғары деңгейге көтерді.
Әдетте жазушы атаулы партия және кеңес құрылысы жұмыстарына жолай бермейді. Ал комсомол қызметіне жегілген қаламгерді шам алып іздесең де таппайсың. Тапсаң да бірен-сараны ғана шығып қалар. Ал шынайы шығармаларымен көптің қалаулысына айналған Қалаубек аға сол комсомолыңның отымен кіріп, күлімен шықты. Бұл салада бірден биіктемей, сабыр сақтап, сатылап өсті. Әуелі ауданның жастар ұйымын басқарды. Бойы сырықтай, қаламы құрықтай бірінші хатшы болды. Одан соң Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің хатшысы, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы боп тағайындалды. Өлке дегеніңіз бірнеше облысты біріктіретін құрылым екенін аңғарсаңыз, Қалекемнің қандай қызметке келгенін пайымдай беріңіз.
Оның комсомолдағы карьерасы мұнымен де шектелмеді. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы деген лауазымға дейін жетті. Осы салада жүргенде Өзбекәлі Жәнібеков екеуі Шымкентте Ғани Мұратбаев ескерткішін қалай орнатқаны жөнінде кейіннен қызықты естелік жазды. Ол кезде кадрлар қатаң тәртіппен іріктелетінін ескерсек, Тұрсынқұловтың тұлғалы басшы болғанына күмән келтіре алмайсыз.
Қалаубек аға Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының хатшысы міндеттерін де мінсіз атқарды. Мұндай қызметті де бейімі бар адам мойнына алады. Бұл жағынан Қалекең жаман атқа қалмады. Ел-жұртқа қайыры мол болды. Жас буынға қамқорлық көрсетті. Жас жазушыларды үнемі қолдап жүрді. Інілерді ізіне ерте білетін, алды ақ жайлау аға болғанына дау жоқ. Ол туралы ылғи да жақсы пікір айтылды. Жұмыс барысында Қалаубектен зәбір көрдік дегенді ести қоймаппыз.
Қызметтегі өсу-өну жолдары Қалекеңнің шығармашылығына селкеу түсіре қоймағаны анық. Ол бәріне де үлгерді. Өзі тиянақты болған соң жазған-сызғандарына да ұқыптылық дарыды. Әр сөйлемін оқылымды етіп өрнектеп түсірді. Елді елең еткізетін деректер мен дәйектерді көп ұсынды. «Алысқа тартқан жол», «Хал қалай, жолдас хатшы», «Анды-Қарағыз», «Арман азабы», «Есіңде ме сол бір кез», «Олар оралған жоқ», «Поляр шеңберінің маңында», «Сардана мен қызғалдақ» атты туындылары сол дәуірде жаппай оқылды. Яғни, ол оқырманын тапқан жазушы болды. Әсіресе «Кәпірзада оқиғасы» деген пьесасына жұрттың қызығушылығы айрықша болғаны есімізде.
Ол – Саха елімен мәдени-рухани байланысты дамытуға өлшеусіз үлес қосқан қаламгер. Осы халыққа бірқатар шығармасын арнады. Екі ұлт арасындағы барыс-келістің өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Якут жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аударуға мұрындық болды. Мұндай көл-көсір қамқорлыққа жүдә ризалық танытқан якуттар да қарап қалған жоқ. Қалекемнен бар марапатын аямады. Саха елінің қайраткері деп мөр басып, куәлік жазып, атақ берді. Мемлекеттік сыйлығына лайық деп тапты. Сол тұста ғой жыр жүйрігі Жарасқан ағамның Қалекеңе арнап «Қаламгері қазақтың, Қайраткері якуттың» деп эпиграмма жазатыны. Бәрібір Қалаубек ағаның өз елінің де, өзге елдің де қарымды қайраткері болғаны айдан анық-ты.
* * *
Майталман фототілші Шүкір Шахай түсірген мына суретте Қалаубек ағамның бар болмыс-бітімі көрініс тапқан. Рухы шат болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ



