ӘлеуметБасты ақпарат

Жайлы жер іздеп кетті деп…

Қазір еңбек нарығы ашық. Кім қайда барып жұмыс істеймін, жағдайын жақсартамын десе де мүмкіндік қарастырылған. Кейінгі кездері еңбек табысын шетелден іздейтін отандастырымыз бәсі артты.  Өзге елде еңбек ету, нәпақа табу әлеуметтік тұрмысты жақсартуы мүмкін. Алайда жанұядан жырақта, жарын, бала-шағасын айлап, жылдап көрмей жұмыс істеу, моральдік-психологиялық тұрғыдан оңайға соқпайтыны анық.

Бұрын қазақ өзге елге барып жұмыс істепті дегенді ести бермейтінбіз. Бірақ Орталық Азиядан қырғыз, өзбек, қарақалпақ халықтары Қазақстанға келіп еңбек етіп, нәпақасын тауып қайтып жататын. Бүгінде заман да, жағдай да өзгере бастады. Қазір біздің азаматтар да шетел нарығын жағалап, еңбек істеп, тіпті кейбірі кәсібін шетелде домалатып жүрген жағдайы бар. Демек, әлемнің есігі – қазақстандықтар үшін ашық деген сөз. Оның үстіне дүние жүзінде Қазақстан төлқұжаты әжептәуір абыройға ие екенін аңғартады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық көші-қон ұйымының ресми мәліметтеріне сәйкес, шетелге еңбек миграциясына кететін Қазақстан азаматтары 2023 жылы 191 000 адамды құраған. 2024 жылы шетелге жұмыс істеу мақсатында 140 521 қазақстандық шыққан. Ал 2025 жылы шетелде еңбек істеп жүрген қазақстандықтардың жалпы саны 156 700 асып-жығылған. Биыл да бұл үдеріс азаймай тұр. Осылайша, еңбек миграциясына сұраныс бірде артып, бірде төмендеп отыр. Кейінгі үш жылда 330 мыңнан астам азаматтарымыз мигрант атанды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегінше, 377 523 шетелдік азамат біздің елдің еңбек нарығына келіп жұмыс істеп жүр. Бұл дегеніміз өз азаматтарымыз сыртта жұмыс істеп, тіпті қоныс аударып та кетіп жатыр, ал шетелдіктер біздің елдің нарығын алып жатыр дегенді білдіреді. Бұл – ойланатын-ақ өзекті дүние.

Бұл тұста Үкімет те аянып қалмапты. Отандастарымыз көп баратын Оңтүстік Корея, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және Еуропа елдерімен еңбек құқықтарын қорғау туралы жаңа үкіметаралық келісімдерді заңдастыру жұмыстарын жүргізуде. Өйткені сырт жақта еңбек істеймін деп құқы тапталып, алданып, жарақат алып қалып жатқан жағдайлар жоқ емес болатын. Енді бұл мәселе де реттелмек.

Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресейде – 128 мың, Корея­да – 15 мың, Польшада – 2 мың 600, ал Ұлыбританияда 1400-ге жуық азаматымыз жұмыс істейді. Олардың құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар мемлекетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Вице-министр бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын жеткізген еді.

– Оңтүстік Кореямен, Сауд Арабиясымен, БАӘ-мен, Словакиямен, Жапониямен, Швеция­мен, Италиямен, Норвегиямен, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен меморандум жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан азаматтарын шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жұмыспен қамту агенттіктерін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленуде, – деген болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.

«Бәлен жерде алтын бар»

Қазақ халқының «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген тәмсілі бар. Шетелге барып, арандап қалып, бәлеге душар болып, елге орала алмай жатқандар қаншама. Әсіресе, ғаламды жайлаған пандемия кезінде жұмыс орындары жабылып, кәсіп тоқырап, біздің азаматтар елге қайта ағылды. Бірақ, одан кейін шетел нарығына қызығушылар көбейіп бара жатқанын тағы байқай бастадық. Таяу шығыстағы геоясаяси жағдай да күрделі, бұл да сол жақтардағы мигранттарымызды алаңдатпай қоймайтыны және бар. Осыған орай, шетте жұмыс істеп жүрген азаматтарымызбен тілдесіп, біраз жағдаяттарға қанық болдық.

Саматәлі Бекмұратовтың Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп жүргеніне 1 жылдан асыпты. Ол күн көре алмағандықтан емес, өз жағдайын жақсарту мақсатында ғана шетел асқанын айтып, екі жақтың табысын, еңбек жағдайы туралы ой бөлісті.

– Өз басым Оңтүстік Корея­ға еңбек ету үшін келдім. Аса мұқтаждықпен келдім деп айта алмаймын. Ата-анамыздан қалған үй бар-тын. Жалғыз қарындасым Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетіп, сонда тұрмыс құрды. Мені де жанына тартып, еңбек істеуге шақырып алды. Үйімізді жалға беріп кеттік. Негізі елде бөлем екеуміз темір ұсталығымен айналысып, дарбаза жасап, есіктің алдын жауып тұратын шатыр орнатып жүруші едік. Бір түсінгенім, қай жерде де тынымсыз еңбек ету керек екен. Әлбетте, мұндағы табыс жап-жақсы. Бірақ еңбегі де оңай емес. Тамақтарына үйрене алмай, ұшынып та қалдым. Ал емделу ақылы, дәрі-дәрмек қымбат. Бауырыммен бірге тұрған соң, пәтерақыға төлемеймін. Таңның атысы, күннің батысы жұмыс­тамыз. Бәрі уақыт-сағатына дейін есептеулі. Кешіккенді кешірмейді. Өйткені шетелден келіп жатқан мигранттар өте көп. Көбісі балық тазалайды, құрылыста істейді, әртүрлі қара жұмыс жасайды. Сырттан келген жұмысшылардың біршамасы 5-6 жыл тұрақтап істеп, кейбірі 10 жылға дейін қалып еңбектеніп, табысын жинап, еліне қайтатын көрінеді. Әдепкіде келгенде қалуды көздегенмін. Мұнда ойлап қарасам, тыным таппау бір жақтан, қазақ болған соң ағайын-туыс, араласу, құраласу дегенді аңсайсыз. Жалпы, бойдақ кезде табысты көбірек тауып, үлкен үй салып, тәуір көлік мініп, үйленіп, рахатымызға ғұмыр кешкіміз келгендіктен шетте жұмыс істеп жүрген жайымыз бар, – дейді кейіпкеріміз.

Ғазиза Абылайхан Ұлыбри­тания­ға барып жұмыс істеп, Англияда құлпынай теріп, түрлі егістік пен бау-бақша жұмыстарымен айналысқан. Орман шаруашылығын бітірген маман, магистр дәрежесін иеленсе де, осында 26 жасына дейін оңтайлы іс таппай, әртүрлі жұмыстарды істепті. Бірақ түптеп келгенде, елде жұмыс істегенге ештеңе жетпейді деп санайды.

– Әр адам өзінің тұрмыстық жағдайын түзегісі келеді. Сол мақсатпен елордада 5-6 жыл бойы кондитер, кассир, сылақшы сияқты жұмыстар істеп жүрдім. Айлық жалақы – 200-250 теңге көлемі. Ал пәтерақы, құрбы-қыздармен жалдап тұрғанның өзінде айлықтың 3/1 алады. Қосымша жұмысты да қатар алып көрдік. Бірақ 12 сағаттық жұмысты, 2/2 күнтізбемен істесеңіз, артық қимылдауға үлгермей, әліңіз қалмай қалады. Англияға құлпынай теруге барып, 6 ай еңбектеніп келдік. Әйткенмен шетелде жұмысқа орналастырып, апарып-әкелетін ортадағы делдалға қаражаттың біразы кетеді екен. Жасыратын несі бар, осы аралықта 1,8 млн теңге жинап келдім. Екінші рет баруға алмады. Өйткені шетелге ағылған қазақ мигранттары көп сияқты. Қазір 2 бөлмелі үй алуға ниеттеніп, қайтадан тәтті-дәмділер пісіретін жұмысыма оралдым. Жалақысы да бұрынғыдан көтеріліпті. Бұйырса, алда кондитерлік дүкен ашуды діттеп отырмын. Шетелге ұзақ мерзімге, сенімді жерге бармасаңыз, пайдасы шамалы, – дейді ол.

«Арқа жайлы болса»…

Үкімет дереккөздеріне сүйенсек, ел экономикасы өсіп 300 млрд долларға жетті. Республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 миллион 392 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 77,6%-ы (7,2 млн) жалдамалы қызметкерлер болса, 22,4%-ы (2,1 млн) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екен. Яғни, елдің еңбек нарығында да, істеймін, жасаймын деген жан жол тауып, еңбек етуіне бізде де мүмкіндік бар.

Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев шетелге барып жұмыс істеймін десе, ешкімнің қолын қақпайық деген пайымда.

– Жалпы қазір заман дамып жатыр. Әлемге жол ашық. Кім, қайда барам десе де өз еркі. Жастар шетел көргісі келеді. Шет елге барғаны бір жағынан өздеріне де пайда. Екі жақтағы жағдайды салыс­тырып, артықшылық пен кемшілікті байқайды. Елге оралғанда өзгертуге, дамытуға тырысады. Сондықтан жастардың шетелге шығуына шектеу қойып қажет емес. Елді мекендерде жұмыс табу қиын екені рас. Кей шаруалар жоғары жалақы қоя алмауы мүмкін. Соған сай бізге де мигранттар келіп істейді. Еңбек нарығында ашық бәсекелестік болуы керек, – дейді мәжілісмен.

Аталған мәселе төңірегінде Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, қаржыгер Бекнұр Қисықов та өз пайымын білдірген еді.

– Иә, әлем ашық екені рас. Алайда өзіміздің қаракөздер шетелге жайдан-жай кетіп жатқан жоқ. Англия, Оңтүстік Корея, арысы АҚШ-та 1-1,5 млн теңге жалақы төлейді. Шыны керек, біз ол деңгейге әлі жетпедік қой. Бізде курьер болып жүрген жастар тоқтамай істегеннің өзінде 500-600 мың теңгені әзер табады. Бұл арада бірнеше мәселе бар. Шетелге жұмыс істеймін, кетемін дегендердің жолын бөгей алмаспыз. Бірақ та қазақ жастары шетелге барып, шетелдіктерге үйленіп, сол елдің мүддесіне жұмыс істеу, біз үшін қандай опа әпермек?! Ал қазақ жастарының орнын шетелдіктер басып, біздің еңбек нарығын алып алмауын да ойлайық. Біздің жұмыспен қамту, ауылды қолдау, өндірісті дамыту, инвестиция тарту бағдарламалары керемет. Әйткенмен орындалу жағына келгенде кемшін тартады. Соның үшін де, қолданыстағы бағдарламаның орындалуын қадағалайық. Өңірлерді дамытуды мықтап қолға алайық. Бұл – ұлттық мүддені ойлап, іске асырылатын шаруа, – дейді сарапшы.

«Екі қолға бір күрек»

Біздің елде «екі қолға бір күрек» табылады. Себебі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы орташа айлық еңбекақысы 473 158 теңгені құрайды. Мемлекет те орташа жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру көзделуде. Бұл да өз кезегінде халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған істер болар.

Қазақстан Ұлттық банкі мен Дүниежүзілік банктің ресми мәліметтері бойынша, шетелде жүрген қазақстандық еңбек мигранттарынан елге жылына орта есеппен 400 миллионнан 440 миллион АҚШ долларына жуық (шамамен 200-230 миллиард теңге) қаражат аударылады. Демек, біздің елге әжептәуір қаражат түсіп жатыр. Sana business-тің негізін қалаушы белгілі экономист Мақсат Халық халықтың нақты табысын арттыруға күш салсақ, еңбек нарығы реттеліп, азаматтарымыздың сыртқа ағылуы біршама азаяды деп пайымдайды.

– Ел экономикасы 300 млрд доллардан астам табысқа қол жеткізді. ЖІӨ көрсеткіштері негізінде 50 елдің қатарына ендік. Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге көтерілмек. Орташа медиандық жалақы – 300 мың теңгенің үсті. Яки, осының 3/1 төменгі күнкөріс шегіне есептелу керек. Өйткені жыл сайын нарыққа 300-400 мың жастар қосылуда. Олардың бәрін еңбекпен, баспанамен қамтып межесі тұр. Азық-түлік бағасын, үйдің құнын тұрақтандырмай іс өнбейді. Бізге жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Зауыт, фабрикаларды көптеп салып, өңдеуші өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, құрылысқа, туризмге көбірек күш салу қажет. Елдегі кәсіпкерлікті дамытып, шағын және орта бизнестің кең өрістер алатындай жағдай жасау керек. Сонда ауылдағы халық қалаға ағылмайды. Жастар шетелге барып, мигрант атанбайды. Еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін жаңадан ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық бағдарлама қабылдау аса қажет болып тұр, – деп есептейді экономист.

Өзімізде өндіріс көбейсе…

Елде ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігін қоғам да, агро сарапшыларда ұдайы айтып келеді. Қазақтың тұрмысында егін егу, мал ұстау ата кәсіпке баланады. Сондықтан қазақтың бейіміне қарай кәсіп ашып, еңбек істесе, шетел асқан мигранттар мәселесі өздігінен шешілетін көрінеді. Бұл арада Қазақ ақбас тұқымының қауымдастығы мүшесі, аграрлық салада ой айтып жүрген маман Қуаныш Серғазыұлы өзінің пайымын былайша білдірген-тұғын.

– Біз әу бастан төрт түлікке жақынбыз. Арпа, бидай, күріш егіп те дағдыланып қалдық. Егіншілер 6 ай еңбек етіп, қамба толғанша тынбайды. Ал одан кейінгі мезгілде тапқан табысын жаратып жатады. Шын мәнінде АҚШ, Аустралия сияқты дамыған елдерде жыл он екі ай жұрт еңбектене береді. Біз де сөйтсек болар еді. Мәселен, егінмен айналысса, жем-шөп дайындайтын цех құрылады. Олар мал шаруа­шылығында сеп болады. Қалалардың маңында ет комбинаты, сүт фермасы көптеп салынса, құба-құп болар еді. Одан кейін консерві, ұн-макарон өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды көптеп салсақ, отандық өнімнің бәсі артады. Сондай-ақ ауылдың жастарына мүмкіндік туады. Егер олай етпесек, Астана, Алматы, Шымкент сияқты қалалар тым үлкейіп, жұмыссыздар қаптайды ғой. Сол себепті елді мекендерде шағын және орта кәсіпке көбірек қолдау жасайық. Сонда ғана біздің азаматтар шетелге ағылып, өзге жұртта еңбек істеп, отбасы, бала-шағасынан жырақтамайды, – дейді агро сарапшы.

Тоқетері, әлемдік тәжірибеде сыртқа босатындардың көбісін бағамдасаңыз, өз елдеріндегі тынышсыздықтан, еңбек орындарының аздығынан, жерінің тарлығанан сыймай батыс елдерін сағалайды. Ал біздің жағдай өзгешелеу. Біздікілер тұрмысын түзеуді көздеп, бала-шағасына тәуір жағдай қалыптастыру үшін шетелге барып, еңбектеніп жатқаны анық. Соның ішінде қаншама қазақ қызы шетелге тұрмысқа шығып, жігіттеріміз шетелдің қыздарына үйленіп, көшіп кетіп жатқаны да жасырын емес-ті. Ал кеткендердің орнын өзге жақтан келген имигранттар толтырып жатқаны тағы бар. Осының бәрін егжей-тегжейлі ойлап, ұлттық мүдде тұрғысынан оң шешім шығаратын кез келгендей.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button